Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаһарман ұл халық жадында

0 267

Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасов тірі болғанда биыл 50 жасқа толар еді. Ол 2011 жылы Тараз қаласында болған террорлық әрекет кезінде ерлікпен қаза тапқан. Осы датаға орай қала аумағындағы «Жеңіс» саябағында батыр полицейге арналған ескерткіш ашылды.

Аяулым Жаманқара

Бұл күні ескерткіш маңына зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары жиылса, әскерилер, полиция қызметкерлері сап түзеп, батыр рухына құрмет көрсетті. Шараның ашылуында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5513 әскери бөлімінің оркестрі мемлекеттік Гимнді орындады.

Салтанатты шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция полковнигі Арыстанғали Заппаров, Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменовпен қоса, батыр ұлдың отбасы ескерткішті ашу рәсіміне қатысты.

«Міндет. Абырой. Ерлік» – бұл Ғазиз Байтасовтың ескерткішіне жазылған сөздер. Расында, бұл сөздің астарында батырдың мінезі, қайтпас қайсарлығы, көзсіз ерлігі жатыр. Оның үстіне ескерткіштің батыр Бауыржан Момышұлы атындағы саябақта орналасқанының өзі «Халық қаһарманы» атағын алған тұңғыш полицейге көрсетілген құрметтің белгісі деп түйдік.

– Осыдан 10 жыл бұрын қаланың тыныштығын күзеткен полицей Ғазиз Байтасов лаңкестердің жолына тосқауыл болып ерлік жасады. Елбасының тапсырмасына сәйкес батырға «Халық қаһарманы» деген атақ берілді. Ол өзінің антына берік екенін дәлелдеді. Әрбір азаматтың парызы – Отанына қызмет ету деп білеміз. Ғазиз Байтасовтың ерлігі келер ұрпаққа өнеге болары сөзсіз, – деді Бердібек Машбекұлы.

Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Заппаров қазақстандық полицейлер өз міндетін адал атқарып жүргенін атап өтті. Тәуелсіздік жылдары қызмет бабында құқық қорғау органдарының 800-ге жуық қызметкері көз жұмған. Таразда ашылған бұл ескерткіш азаматтардың қауіпсіздігін күзету жолында қаза болғандарға тағзым ететін орын екенін жеткізді. Ішкі істер министрлігімен жыл сайын «Қазіргі заман қаһармандары» акциясы өткізіледі. Барлық облыстарда ерлікті насихаттайтын орындар ашылған, соның ішінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі аудиториялардың біріне Ғазиз Байтасовтың есімі берілген. Шара барысында қызмет бабында көз жұмғандарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланып, аспанға үш мәрте оқ атылды.

Облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков өз сөзінде ХХ және ХХІ ғасырдың батырлары Бауыржан Момышұлы мен Ғазиз Байтасовтың ерліктерін байланыстырды. Қос тұлғаға да Отанына деген шексіз сүйіспеншілік қасиеті дарығанына баса мән берді. Артынша депутаттық корпус атынан ескерткіш ашу ісін қолдаған облыс басшылығы, ішкі істер органдары мен меценаттарға алғысын жеткізді.

Полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов Ғазиз Байтасовтың ерлігі барлық полицейлер үшін үлгі екенін баса айтты. Батыр есімі ұмытылмайтынын және ерлікпен көз жұмған полицейдің отбасына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.

Өз кезегінде батырдың жесірі Гүлжамал Тәжиева жергілікті билік өкілдері, құқық қорғау органдары мен тұрғындардың көрсеткен қолдауын ерекше атап өтті. Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған шараларға үнемі шақырту алатынын айтты. «Ол барлық қазақстандықтар үшін батыр болып қала береді», – деді Гүлжамал Тәжиева.

Шара соңында жиылған жұртшылық Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.