Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Құтқарушылар қызметі қарбаласқа толы

0 102

Қоғамда әр мамандықтың өз орны, өз жауапкершілігі бар. Алайда, солардың арасында ең қауіпті әрі аса жауапты салалардың бірі – төтенше жағдайлар қызметі. Құтқарушы болу – жай ғана мамандық емес, күн сайын адам өмірі үшін күрес, от пен судың арасында жүріп, басқаның амандығы үшін өз өмірін қатерге тігу.

 Құтқару қызметі – физикалық төзімділік пен психологиялық дайындықты қатар талап ететін сала. Қалың түтін, өртеніп жатқан ғимарат, мұздай су, құлаған ағаштар мен қирандылар – мұның бәрі құтқарушының «кеңсесі». Мұндай жағдайларда жылдам әрі дұрыс шешім қабылдай білу – адам өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы.

 Тараз қаласындағы Төтенше жағдайлар басқармасына қарасты бөлімдер де осы саланың алдыңғы қатарында қызмет етіп жүр. Олардың жұмысы – тек апатты жағдайларда әрекет етумен шектелмей, қаланың тыныс-тіршілігіне белсене араласып, түрлі қоғамдық-мәдени және экологиялық шараларға атсалысып келеді.

 Мысалы, №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Гүлденген гарнизон» байқауына қатысып, өздерінің қызметтік аумағын көгалдандыру мен абаттандыруда жоғары белсенділік танытты. Мұндай байқаулар құтқарушылардың шығармашылық қабілетін оятып, ұжымның рухын көтереді.

 Теориялық біліммен қатар, құтқарушылар үшін практикалық дайындық та маңызды. Осы мақсатта Тараз қаласындағы бос ғимарат аумағында газ-түтіннен қорғау қызметінің арнайы автокөлігі қолданылып, арнайы сабақ ұйымдастырылды.

 Сабаққа қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің бастықтары, олардың орынбасарлары, қарауыл бастықтары мен бөлімше командирлері қатысты. Оқу-жаттығудың басты мақсаты – қою түтін жағдайында әрекет ету, шектеулі кеңістікте бағыт-бағдар табу, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бөлімшелер арасындағы үйлесімді іс-қимылды жетілдіру болды.

 Сонымен бірге шаһар төрінде облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бірлесуімен жұмыс кеңесі өтті.

 Кездесуде қауіпті өндірістік объектілерде апаттар, инциденттер мен жазатайым оқиғалардың алдын алу, сондай-ақ мұнай-газ және химия өнеркәсібінде, ұңғымаларды бұрғылау мен күрделі жөндеу кезінде талаптардың сақталуы мәселелеріне баса назар аударылды. Кәсіпкерлерге «Азаматтық қорғау туралы» Заңға енгізілген өзгерістер ескертілді.

 Ашық диалог форматында өткен шарада жиналғандар жаңашылдықтарды енгізу және өндірістік бақылауды күшейту мүмкіндіктерін талқылап кездесу қорытындысында қатысушыларға ұсыныстар беріліп, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша алдағы қадамдар айқындалды.

 Сонымен қатар Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының ұйымдастыруымен өрт сөндіру техникалары мен өрт-техникалық жарақтарының жұмысқа жарамдылығы тексерілді.

 Тексеру барысында өрт сөндіруші-құтқарушылардың техникалар мен құрал-жабдықтарды ұқыпты әрі кәсіби тұрғыда пайдалана білу деңгейі, сондай-ақ сала бойынша теориялық және практикалық білімі бағаланды. Құтқарушыларға қойылатын басты талаптардың бірі – төтенше жағдайларға кез келген уақытта жедел әрекет етуге дайын болу.

 Сонымен бірге Тараз қаласы №1 МӨСБ мәжіліс залында ТЖ басқармасы мен қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің азаматтық қорғау қызметкерлерінің қатысуымен сабақ өткізді. Сабақ барысында «Азаматтық қорғау қызметкерлерінің өрт және түрлі сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде абайсызда жарақат алуға жол бермеу», «Еңбек қауіпсіздігін сақтау», сондай-ақ «Жолда жүру ережелері» тақырыптарына кеңінен тоқталды. Кездесудің негізгі мақсаты – қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Аталған шараға Жамбыл облысы бойынша Еңбек инспекциясы департаментінің өкілі Гүлжан Бакирбаева, Тараз қаласы Полиция басқармасының полиция патрульдік батальонының рота командирі, полиция майоры Айдын Абдрахманов арнайы қонақ ретінде қатысып, тақырып бойынша баяндама жасады.

 Шарада бұдан бөлек төтенше жағдайлар кезінде құтқарушылардың өз кәсіби жұмыстарын жедел әрі қауіпсіз атқаруы, түрлі жағдайларда әрекет ету тактикасы және қызметтік міндеттерді орындау кезінде тәртіпті сақтау мәселелері, қызметтік автокөліктерді басқару кезінде қауіпсіздікті сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру мәселелері кеңінен қозғалып қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға сала мамандарымен тиісті деңгейде жауап берілді. Сондай-ақ Тараз қаласы ТЖБ бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ербол Амиров жұмыс барысында туындауы мүмкін қауіп-қатерлердің алдын алу бойынша нақты тапсырмалар беріп, арнайы уақыт бөліп келген шара қонақтарына алғыс білдіріді.

Карина КАРТАШОВА,

облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі,

азаматтық қорғау аға лейтенанты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.