Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Аспаз – өнер иесі»

0 647

Қордай аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында «Аспаз – өнер иесі» тақырыбында ерекше балаларға арналған ашық сабақ өтті. Тәрбиелік маңызы зор шараны орталықтың еңбек пәні мұғалімі Ақниет Сүлеймен ұйымдастырды.

Балаларға аспаздық өнердің маңызын ұғындыру, күнделікті өмірде тағам дайындау ережелерімен таныстыра отырып, олардың еңбекке деген ынтасын арттыру және өз бетінше іс-әрекет жасау дағдыларын дамытуды мақсат еткен сабақ барысында балғындар тағам әзірлеудің қарапайым қадамдарын орындап, көкөніс турау, дастархан әзірлеу кезінде санитарлық талаптарды сақтау секілді дағдыларды көрсетті. Сондай-ақ әрбір бала өзін нағыз шебер аспаз ретінде сезініп, өз қолдарымен дәмді тағамдар жасап, өзгелерге ұсынды.
Сабақ ойын элементтері, сұрақ-жауап кезеңдері мен практикалық тапсырмалар арқылы қызықты әрі тартымды өтті. Балалардың белсенділігі мен қызығушылығы жоғары деңгейде болды. Сабақ тек теория түрінде шектелмей, балғындар соңында өздері дайындаған кондитерлік өнімдерден дәм татты. Бұл да орталық мамандары тарапынан жүргізіліп жатқан оңалту шараларының нәтижесі.
Жалпы, мұндай сабақтар балаларды әлеуметтік тұрмыстық бағытқа үйретеді. Осы ретте әлеуметтік-тұрмыстық бағыт ерекше білімді қажет ететін балаларды өмірлік дағдыларға үйретуге арналғанын атап өткен абзал. Бұл бағыттағы балалар қоғамға кірігіп, топтық және жеке жұмыстар атқаруға бейімделеді, сабақтарда тәртіп, ұқыптылық, тазалық, сыпайылық пен өзіне деген сенімділік қалыптасады. Мұның бәрі балалардың қоғамда өз орнын тауып, дербес өмір сүруіне үлкен септігін тигізеді. Әлеуметтік-тұрмыстық бағыт – тек тұрмыстық машықтарды үйрету емес, өмірге бейімдеудің нақты жолы. Мұндай білім – балалардың болашағына салынған берік негіз.
Орталықта осындай ашық сабақтарды айына 1 рет өткізу әдетке айналған. Бұл бір жағынан қызметтер алушылардың ұсақ қол моторикасын жақсарту, зейінін ұлғайту, көпшілікте өзіне сеніммен қарауға, қарым-қатынасқа түсе білуіне зор септігін тигізеді.

Нәзік ЖАМАНҚҰЛОВА,
Қордай аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының әдіскері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.