Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі

Тараздың оқу-ағарту саласы толайым табыстарға толы

0 234

Бүгінгі уақыттың басты талабы еліміздегі білім саласын биікке көтеру болып тұрғаны белгілі. Өйткені, білімі мықты елдің ұрпағы білікті болып, Отанының тұтқасына айналып, тұтас әлемді зерделей алатынын өркениетті елдердің өрелі тірлігінен көріп отырмыз. Сондай шыңға көтерілу жолында еліміз де өзіндік қимыл-қарекетін жасап жатыр. Мұндағы мақсат – білім сапасын арттыру, дамыған елдердің қатарына қосылу.

Оның үстіне заман талабына сай технология қарыштап дамыған сайын қоғамға қойылатын талаптар да күрделене түсуде. Осындай сындарлы кезеңде білім саласының басты бағдары тек білім беріп қана қоймай, адалдықты ту еткен, адамгершілігі жоғары, кәсіби жауапкершілігі мықты азаматтарды тәрбиелеу болып отыр.
Оқу-ағартуға деген оң көзқарастың арқасында Тараздың білім саласы да толағай табыстарға кенелуде. Айталық, бүгінде қаламызда 294 білім мекемесі жұмыс істесе, оның 141-і – мемлекеттік, 153-і – жекеменшік мекемелер мен ұйымдар. Өткен оқу жылы барысында облыс орталығының шекарасының өзгеруіне байланысты Байзақ, Жамбыл аудандарынан 37 мекеме қосылса, жаңа 5 мектептің құрылысы аяқталып, 5 180 оқушы орны ашылды. Оның ішінде 3 білім ордасы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынғанын айрықша атап өтейік.

Нәтижесінде шаһардағы оқу ошақтарының саны 42 бірлікке артты. Жаңа мектептердің ашылуының арқасында «Бәйтерек» шағынауданында орналасқан №3 мектеп-лицейдегі үш ауысым мәселесі өз шешімін тауып отыр. Сондай-ақ алдағы жаңа оқу жылында «Шөлдала» алқабындағы тағы бір «Жайлы мектеп» есігін айқара ашады. Осының есебінен №55 орта мектептегі орын тапшылығы жойылады. Сондай-ақ №7, 15, 27 орта мектептерде жапсарлас жаңа ғимарат құрылысының жүргізілуі нәтижесінде оқушылардың сапалы білім алуына толыққанды жағдай жасалады.
– Білім – адам өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек». Алаш арысының бұл тәмсілі әлі күнге өз өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан сапалы білім беруді қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстары жүргізіліп келеді. Әсіресе, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше екпін түсіріліп отыр. Атап айтсақ, өткен оқу жылында білім ордаларының материалдық-техникалық базасын жақсартуға бөлінген 801 миллион 149 мың теңге қаражатқа 15 модификациялық кабинет, 84 сынып жиынтығы, 3 шеберхана сатып алынды. Оның ішінде күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқан 4 мектепке 418 миллион теңге қаражатқа материалдық жабдықтар алынып берілді. Бұл бағыттағы ілкімді істер жаңа оқу жылында да өз жалғасын тауып, цифрлы трансформацияны тереңдету мақсатында қолайлы, қолжетімді ортаны құру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Осыған сәйкес мектеп басшылары білім мекемелеріндегі жағдайға талдау жасай отырып, арнайы қадамдық іс-шаралар жоспарын бекітеді, – дейді Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова.
Бүгінде шаһардағы барлық білім беру ұйымдарында оқу және тәрбиемен 109 057 бала қамтылған. Биылғы жаңа оқу жылын 110 мектепте 95 520 оқушы бастаса, оның 8 395-і бірінші сыныпқа барады.
Ағымдағы жылы оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізуіне де айрықша назар аударылды. Мәселен, жаз маусымында бюджеттен 232 миллион 629 мың теңге қаражат қарастырылып, қала сыртындағы лагерьлерде – 2 489, ал мектеп жанындағы лагерьлерде 9 822 балғын сауықтырумен қамтылды. Сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы 16 мыңнан аса балаға киім-кешек, мектеп керек-жарақтарын, кеңсе тауарларын сатып алу үшін әр оқушыға 53 117 мың теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді.
Раушан Пернешқызының айтуы бойынша, жаңа оқу жылында жекеленген санаттағы балалар мен 1-4 сынып оқушыларын тамақпен қамту жұмыстары әрі қарай да жалғасады. Бұл мақсатқа бюджеттен 4 миллиард 69 миллион 221 мың теңге қаражат қарастырылыпты.
Үздіксіз білім берудің алғашқы баспалдағы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту екені белгілі. Айталық, қазіргі уақытта қаладағы 171 мектепке дейінгі білім беру ұйымында 23 916 бала тәрбиеленуде. Бүгінде 2-6 жас аралығындағы балалардың 96,6 пайызы, ал 3-6 жас аралығындағы балалар толығымен мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Өткен оқу жылында мектепке дейінгі ұйымдарға дербестендірілген (ваучерлік) қаржыландырудың пилоттық жобасы енгізіліп, ата-аналар осы платформа арқылы бөбекжай-бақшаны таңдауға, бюджетті қадағалауға мүмкіндік алды. Енгізілген өзгеріс мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы бәсекелестікті арттырып, қызмет сапасын жақсартуға өз септігін тигізуде.
– Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие сапасын жетілдіру мақсатында балаларды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу бағытындағы жобалар іске асырылды. Атап айтсақ, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған 1 000 ойын жаңартылып, 264 ойыншық патенттеліп, 130 ойыншық патенттеуге ұсынылды. Сонымен қатар тәжірибелердің тиімділігін ескере отырып, қаламыздың педагогтары әзірлеген «Ойын сиқырының құпиялары», «Дамытушы 1 000 ойын» жинақтары шығарылып, ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Ерте дамыту институтының» сайтына орналастырылды. Республика көлемінде тәжірибе таратылып, оң бағаға ие болды. Осындай жобалардың іске асырылуына өз үлестерін қосқан серіктестерімізге, яғни М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық университеті, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Жамбыл облысы бойынша кәсіби даму институты, Жамбыл облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясына алғысымызды айтамыз. Жобаларды іске асыру бойынша әріптестігіміз әрі қарай да өз жалғасын табады, – дейді Раушан Пернешқызы.
Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі заманда білім беру жүйесінің басты мақсаты – жан-жақты дамыған, өз ойы мен көзқарасы бар, өмірде қолдана алатын біліммен қаруланған тұлға қалыптастыру. Осы мақсатқа жетудің бірден-бір нақты көрсеткіші – оқушылардың жетістіктері. Оқушының алған білімі мен дағдысы, олимпиадалар мен байқаулардағы нәтижелері, күнделікті оқу үдерісіндегі табыстары білім сапасының деңгейін айқындайтын басты өлшемдер екені белгілі. Сондықтан оқушылар жетістігін жүйелі түрде талдау мен бағалау білім беру сапасын арттырудың маңызды тетігі саналады. Бұл бағытта қаланың білім саласында қол жеткізген табыстар жетерлік.
Атап айтсақ, өткен оқу жылындағы орта білім деңгейіндегі көрсеткіштерде оң динамика байқалып, білім сапасы 0,1 пайызға өсті. Сонымен қатар республикалық, халықаралық ғылыми жоба, пән олимпиадалары мен шығармашылық оқуларда оқушыларымыз 79 жүлделі орынды иеленіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш 28 орынға артты. Жүлдегерлер санының басымдығымен Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназия (10 орын), Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясы (9 орын), Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясы (6 орын) алғашқы үштікті құраса, Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясы, №40 гимназия, Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясы республиканың «100 үздік олимпиада мектептер» тізіміне енді. Бұған қоса Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясы жыл қорытындысы бойынша «Үздік орта білім беру ұйымы» атанып, 68 миллион теңгенің қаржылай сертификатына қол жеткізді.
Сондай-ақ ағымдағы жылы мектепті аяқтаған тараздық 3 900 түлектің 3 118-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 4 оқу ордасы шәкірттерінің орташа балы 100-ден жоғары болды. Осылайша 100-ден жоғары ұпай жинаған мектеп бітірушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 62-ге артқан. Оның ішінде талапкерлердің 148-і «Алтын белгі», 214-і «Үздік аттестат» алды. Алайда тестілеу нәтижесі бойынша «Алтын белгі» иегерлерінің 19-ы 100 балдан төмен жинаған. Ал ең төменгі көрсеткішті №32 орта мектептің 2, №42 орта мектептің 1 түлегі көрсеткен. Соған орай жаңа оқу жылында аталған мектептердің жұмысы білім бөлімі тарапынан жеке бақылауға алынбақ.
Бүгінде қаладағы білім беру ұйымдарында 10 мыңнан аса педагог жұмыс істейді. Олардың қатарында биік белестерді бағындырған білікті мамандар баршылық. Мәселен, өткен оқу жылында тараздық мұғалімдер жалпы саны 20 халықаралық және республикалық кәсіби байқауда жүлделі орындарды иеленген. Сонымен қатар биылғы республикалық Тамыз конференциясы аясында Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясының директоры Рахия Есееваның білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталғанын да зор мақтанышпен атап өткен абзал. 40 жылдан астам ғұмырын білім саласының дамуына арнаған білікті басшы, ұлағатты ұстаздың бұл марапаты тек жеке өзіне ғана емес, қаламыздағы күллі ұстаздар қауымына зор серпін беріп, жалынды жігер сыйлайтыны даусыз.
Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі», – деген екен. Әрине, тәрбиенің алғашқы негізі отбасында қаланады. Бүлдіршін алғашқы адамгершілік қасиеттерді де, еңбек әліппесінің алғашқы беттерін де өз үйінде ашады. Ұлттық педагогикада «Тәрбие отбасынан басталады» деп тегін айтылмаған. Баланың тәлім-тәрбиесіне ерекше мән берген халқымыз «Баланы жастан» деп те мәтелдеген. Иә, қазақ халқында сонау ежелгі заманнан бері өзіндік тәрбие мектебі, қалыптасқан дәстүрі болған. Ал сол дәстүр отбасында басталып, оқу ошағының қабырғасында берілетін тәрбиемен ұштасады.
Бұл бағытта да Тараз қаласында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның бір дәлелі – өткен оқу жылында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында 6 ірі жоба жүзеге асырылып, 30-ға жуық қалалық іс-шара өткізілген. Сонымен бірге буллингтің, құқық бұзушылық пен балалар арасындағы қауіптің алдын алуға бағытталған «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам», «Буллингтен қорған!», «Қауіпсіз қоғам» жобалары іске асырылды. Бұған қоса құқық бұзушылыққа байланысты негізгі заң нормаларын түсіндіру бойынша факультативтік сабақтар әр аптаның бейсенбі күндері мүдделі мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен жалғасын таппақ.
– Бүгінде қала бойынша полиция бөлімдерінің есебіне – 70, мектепішілік есепке 218 бала тіркелген. Өткен оқу жылымен салыстырғанда кәмелетке толмағандарға қатысты және олардың қатысуымен болған қылмыс саны кеміді. Бұл бағытта мемлекеттік органдармен, прокуратура және полиция қызметкерлерімен бірлескен жұмыс өз тиімділігін көрсетті. Дегенмен, балаға қатысты келеңсіз жағдайлардың алдын алып, дер кезінде анықтау шаралары білім мекемелері тарапынан өз деңгейінде ұйымдастырылмай отыр. Осы орайда білім беру ұйымдары басшыларына кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алудағы жұмысты күшейту, мектеп Ережесі мен Жарғысында көрсетілген талаптарды қатаң орындау, қолданыстағы заңнама нормаларын оқушы, ата-ана және педагогтердің қатаң сақтауына қатысты шараларды күшейту тапсырылып отыр. Осы мақсатта жаңа оқу жылынан бастап мектептерде әлімжеттікке, буллинге қарсы «ДОСБОЛLIKE» бағдарламасы іске қосылады. Осыған орай білім ордаларының директорлары ішкі ережелерді бекіту, буллингке қарсы команда құру, әлеуметтік-психологиялық ахуалды диагностикалау, қызметкерлерге әрекет ету алгоритмдері жөнінде нұсқаулық беру, білім алушылардың қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру жұмыстарын ұйымдастыру міндеттеледі.
Сонымен қатар сынып жетекшілерінің біліктілігін арттыра отырып, оқушылар және ата-аналармен жұмысты одан әрі нығайту қолға алынуға тиіс. Мемлекет басшысы республикалық Тамыз конференциясында «Отбасы-мектеп-мемлекет» үштігі үйлесімді болса ғана жақсы нәтижеге жетуге болатынын қадап айтты. Осыған орай барлық мектептердегі Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының жұмысы күшейтілуі қажет. Әсіресе, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жекеменшік мектептерде де тәрбие жұмысының негізіне айналады. Яғни, қойылған талаптарды жекеменшік негіздегі оқу ордалары да орындауға міндетті. Тоқетерін айтқанда, мектептердегі тәрбие жұмысы құқық қорғау, денсаулық сақтау, ішкі саясат саласындағы құрылымдармен тығыз байланыста жүргізіледі, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова.
Білім саласы жетекші сала ретінде әрдайым зор маңызға ие. Бұл тұрғыда атқарылар жұмыстар бұдан да ауқымды, алдағы жоба-жоспарлар жұмыр. Сондықтан Тараздың білім саласы келешекте де дамудың даңғыл жолынан адаспайтынына сенім мол.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.