Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында жамбылдық прозашылардың «Шер» жианығының таныстырылым өтті. Іс-шараны Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай құттықтау сөзімен ашты.
«Жыл басын Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасымен ашқан болатынбыз. Сол күннен бері өңірімізде әдебиет пен өнерді қолдауға бағытталған талай игі іс-шара жүзеге асты. Бүгінгі жас қаламгерлердің тұңғыш жинағының жарық көруі – сол бастаманың жарқын жемісі. Әулиеата – ежелден сөз өнерін қастерлеген, жыр алыбы Жамбылдай көптеген ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті топырақ. Сондықтан осындай әдеби қадамдар жалғаса беріп, өңірімізден жаңа есімдер мен жаңа туындылардың көбірек шығарына сенемін. Қаламдарыңыз ұштала берсін, шабыттарыңыз сарқылмасын!» – деді Ерлан Нұрманұлы. Сондай-ақ, ҚР Жазушылар одағының облыстық филиалының өкілі Хамит Есаман да ақжарма тілегін жеткізді.
Таныстырылым барысында жас қаламгер Ерлан Нұрланов Елен Әлімжанның «Анажар» шығармасынан үзінді оқып, көпшіліктің көңілін толқытты.
Айта кетейік, 2025 жылдың көктемінде жамбылдық прозашылардың басын қосып, шығармашылығына дем беру мақсатында Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының жанынан «Шер» прозашылар клубы құрылған болатын. Нәтижесінде Әулиеата руханияты тағы бір қадам алға басып, өңір қаламгерлерінің шығармашылығына жаңа серпін берді. Аталған орталықтың бастамасымен «Шер» прозашылар клубы өз мүшелерінің шығармаларын біріктіріп, тұңғыш жинақтарын оқырманға ұсынды.
Жинаққа өңірдің 8 қаламгері — Марат Құлибаев, Қамар Қарасаева, Қаламгер Азамат, Айжамал Жолдасқызы, Ерлан Нұрланов, Құралай Сейсенбекқызы, Асылжан Шайділдаев және Эльмира Байназарованың туындылары енген. Олардың арасында шығармасы алғаш рет кітапқа шыққан жас прозашылар да бар.
Бұл бастама өңір қаламгерлерін қолдап қана қоймай, жаңа буынға шабыт сыйлайтыны сөзсіз. «Шер» — жас қаламгерлердің шынайы сырын шерткен, жүректен шыққан жинақ.
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы