Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Балалар әдебиетінің білгірі

0 78

Белгілі сатирик-ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі» Бақытжан Әлімқұлов биыл асқаралы алпыс жастың тұғырына қонды. Арқалағаны алтын азамат журналистік жолда тынбай еңбектене жүріп, өлең өлкесінде өзіндік өрнек қалыптастырды. Ойлы қаламгер оқырман назарына «Мен де бірдеңе дейінші…», «Әріптер әлемі», «Бұл – мен ғой», «Хайп пен лайк» және «Қоянның құлағы неге ұзын, құйрығы неге қысқа?» қатарлы бірнеше кітабын ұсынып үлгерді. Осы орайда әріптесіміз Бақытжан Советұлын мерейлі жасымен құттықтай отырып, журналист Бекзат Құлшардың ақын өлеңдері туралы пайым-пікірін оқырман назарына ұсынып отырмыз.


Балалар сатирасының кейіпкері – балалар, бірақ күлкі нысанасы – ересектер. Өйт- кені кішкентайлар көбіне көргенін қайталайды, ойындағысын бүкпесіз айтады, сезімдерін де жасырмайды. Сөйтіп, өздері де байқамастан үлкендердің кейбір мінезін әшкерелеп қояды. Біз соған күлеміз. Алайда кейде өзімізге күліп отырғанымызды аңғармай қаламыз немесе мойындамаймыз…
Сатирик Бақытжан Әлімқұловтың сықақтарынан осы жайттарды анық аңғардық. Ол қоғамдағы балақтан басып, етектен тартар кесір-кедергілерге қарсы күрес ашады. Күнделікті өмірдегі көпшілік елей бермейтін міндерді оспақтың отына шыжғырады. Бірде адамдардың ішкі психологиясына барлау жасап, ой-пиғылын аңдатса, кейде кейіпкердің өз сөздері арқылы әшкерелейді.
Мәселен, «Әріп үйрету» өлеңі жеті жасқа келген балаға әкесінің әріп үйретуінен басталады. Әдетте мұндайда «А – алма», «Ә – әтеш» деген тәрізді баланың танымына жақын мысал күтеміз. Әлімқұлов кейіпкерінің әкесі де «А»-дан бастайды. Бірақ:
«Міне, мынау «А» болады.
Яғни, «Алтын», «Ақша»,
Бұларды кім мол тапса,
Мықты азамат болады,
Түбі сол адам оңады», – деп әр әріпті өз түсінігіне сай түсіндіреді.
Оның ойындағы «А» – ақша, «Ә» – әкім, «Б» – байлық. Сөйтіп, мектепке енді баратын баланың санасына әкесі өмірдің «әліппесін» өзінше жазып береді. Мұндағы сықақтың нысанасы – бала емес, дүниені мансап пен материалдық игілік арқылы өлшейтін ересектің пайымы. Сатиралық әсер де осы сәйкессіздіктен туады. Сырттай қарағанда әкесі ұлына дұрыс нәрсе үйретіп отырған секілді. Бірақ сол тәрбиенің мазмұнына үңілгенде құндылықтардың орны ауысып кеткенін байқаймыз.
Бұл сарын «Болашақ бала» өлеңінде де жалғасады. Әкесі баласына мектепті таныс- тырып, сабақты жақсы оқыса, өзі секілді ғалым болатынын айтады. Бірақ ұлының жауабы әкесін тұйыққа тірейді.
– Ғалым?!
Ол кім?
– Ол – мына мен,
Сенің әкең!
– Жо-жоқ!
Мен сіз сияқты болмаймын.
Керегі жоқ,
Оқуыңа бармаймын.
– Неге?
– Себебі сен жаяу жүресің,
Тек үй мен жұмысты ғана білесің.
Автор осылайша баланы емес, оған осындай түсінік қалыптастырған ортаны әжуалайды. «Білімдіні құрметтейміз» дейтін, бірақ адамның жетістігін көбіне қызметі мен дәулетіне қарап бағалайтын қоғамды сын тезіне алады. Қайтеміз, шымбайға батса да, шындық – осы.
Диалог барысында сықақшылардың негізгі ойды балалардың немесе аңқау, жынды адамдардың атынан беруі тегін емес. Өйткені мұндай кейіпкерлер шындықты бүкпесіз, тура айта алады, олардың сөзінде жасандылық атымен жоқ. Оқырман да балалардың немесе ересек болса да аңғал, жынды адамдардың сөзіне кешіріммен қарайды. Ал тап сол ойды салмақты адам айтса, тікелей сын ретінде қабылданып, қарсылық тудыруы ықтимал.
Дәл осы тәсілді, яғни диалог арқылы, соның ішінде баланың әкесіне тосын сұрақ қойып састыруын Оспанхан Әубәкіровтің сатирасынан да жиі байқаймыз. Оқып көрелік:
– Папа, ит арақ іше ме?
– Ішпейді.
– Шошқа арақ іше ме?
– Ішпейді.
– Есек арақ іше ме?
– Ішпейді.
– Ал сіз неге ішесіз?
(Пауза.
Бәрін бүлдіретін ауыз, ә!)
– Балам, босқа мыжыма!
Бала деген қызық, ә?! («Әке мен бала»).
Оспанхан осылайша шағын диалог арқылы маскүнемдік мәселесін ұзақ насихатсыз-ақ сатира тілімен сойып салады. Ең бастысы, оқырманды ойландырады. Егер осындағы сұрақты әлгі кісінің баласы емес, әйелі яки әріптесі айтса әзіл мұншалықты әсерлі болмас еді.
Дегенмен, Бақытжан Әлімқұловтың балалар өлеңіндегі күлкі үнемі әлдекімді әшкерелеуге құрыла бермейді. Оқушының ересектерден өзгеше ойлау жүйесін, дүниені өзінше қабылдайтынын тап басып танып, жылы юмор арқылы жымитады. Үлкендерге қалыпты әрі түсінікті көрінетін нәрсеге балалар мүлде басқа қырынан қарайды. Ақын сол аңғалдықты әсірелемей-ақ, табиғи қалпында беру арқылы оқырман езуіне күлкі үйіреді.
Мұғалім оқушыларға қарапайым есеп ұсынатын мына өлеңіне назар аударайық:
– Мәселен, сенде 3 алма бар,
Жаныңдағы Қасым,
Санап сені досым,
Тағы 3 алма берді.
Сонда қанша болады?
Мұғалімге керегі
– «алты» деген жауап.
Бірақ оқушы:
– Алма қолыма толады,
– деп жауап береді. Баланың айтып отырғаны рас па? Рас. Сондықтан оның риясыз жауабына еріксіз күлесің. Езуіңді енді жинап жатқанда осы есепті шешпек болып, қолын көтерген басқа оқушының ойы одан сайын күлкіге қарық қылады. Ол орнынан тұрып, бүкіл сыныпты өзіне қаратып: «Қасым маған алма бермейді» деп қойып қалады. Екі оқушының да жауабы қате болғанымен, қисынсыз емес. Автор осындай кішкентай деталь арқылы бала психологиясын дәл ұстайды.
Сатираның көптен келе жатқан көне жанрының бірі – мысал. Мұнда тек аң-құс, жан-жануар ғана емес, тұрмыстық заттар, күнделікті өмірдегі техникалар да адам баласының ұнамсыз қылықтарын әшкерелей алады.
Бақытжан Әлімқұловтың «Әлін білмеген әлек» мысалында трактор өз жұмысын місе тұтпай, жеңіл көліктермен жарыспақ болады. Ақыр соңында бұрандалары босап, оталмай қалады. Жарамсыз болған соң, оның бөлшектерін басқалар талан- таражға салады. Автордың «Әркім өз жолын білу керек!» деген түйіні мысалдың негізгі ойын ашып тұр. Расымен, әркімнің қабілеті де, мүмкіндігі де, жүрер жолы да бөлек. Балықтың құсқа қарап ұшуға талпынуы қаншалық қисынсыз болса, өзгенің қабілетін өзіңе өлшем ету де соншалық орынсыз. Әлеуметтік желінің әсерінен бе екен, қазір адамдар, шынымен, өзіне үңілудің орнына, өзгелердің өміріне қызығып жатады. Әлімқұлов трактордың әрекеті арқылы осы қарапайым шындықты күлкімен ұқтырады.
«Мен де бірдеңе дейінші…», «Ерін туралы ертегі», «Бұл – мен ғой» секілді сатиралық кітаптардың, «Қоянның құлағы неге ұзын, құйрығы неге қысқа?» атты балалар кітабының авторы Бақытжан Әлімқұловтың шығармаларында күлкінің жүгі жеңіл емес. Оның сықақтары бірде қоғамның мінін шымшып өтсе, бірде бала мінезінің тосын қырын танытады. Қай-қайсысында да автор ұзақ ақыл айтып жатпайды, тек оқиғаны ұсынады, түйінін оқырманға қалдырады.

Бекзат ҚҰЛШАР,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.