Жарқыраған көше қашанда жанға жылу сыйлайды. Көшелердің бойына орнатылған жарықтандыру шамдары ауызсу, газ, жол және байланыс салалары секілді шаһар мәдениеті мен көркінің ажырамас бөлігі болып есептеледі. Жарық жүйесі тіптен іңір қараңғылығы түскенде іске қосылып, жолаушыға жол сілтеп, мектептен қайтқан оқушыларға жолын көрсетіп қана қоймай, түнгі уақытта адамдар қауіпсіздігіне де қорған болады.
Аталған мәселе Тараз қаласының Бақытжан Орынбековтің тікелей назарында. Қаланың үш жылдық Даму картасында да бұған баса мән берілген. Соның нәтижесінде көне шаһарда жарқыраған көшелердің саны жыл санап артып келеді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тікелей тапсырмасымен 2024 жылы қалалық бюджеттен 368 млн. теңге бөлініп, 10 шағын ауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы жарықтандырылды. Нәтижесінде 353 көпқабатты тұрғын үй ауласы, 79 кіреберіс жолдар және 44 359 тұрғын түнгі жарықпен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек Сейфулин көшесінің бойына және Жамбыл даңғылының Сәтпаев көшесінен Сыпатай батыр көшесі аралығындағы жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарық шамдары орналастырылды. Ал ағымдағы жылы, қаладағы негізгі көшелерде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын жарықтандыруға мердігер мекеме анықталып, жұмыстар басталды. Сонымен қатар, Сейфулин көшесінің бір жақ бетіне түнгі жарық шамдары орнатылуда.
Жалпы биыл 85 көшеге жаңа түнгі жарық шамдарын орнату жоспарланған. Бұл – 44 000-нан аса тұрғын үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру жолындағы нақты қадам екені сөзсіз.