Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Баспана – бақыт шамы

Биыл Таразда 48 тұрғын үй бой көтеруде

0 85

 Тұрғын үй мәселесі қай кезде де өзекті. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» дегендей, үй баспанасыз жанның басты мұңына айналады. Дей тұрғанмен, бү­гінгі таңда ел тұрғындары үшін бас­­паналы болудың мүмкіндіктері көп. Өңірлерде баянды бағдарламар  арқылы біршама тұрғын үй ке­­шендері салынып, ел игілігіне бе­ріл­ді.

«Өз үйім – өлең төсегім» дейді халқымыз. Бақыт шамы маңдайына бұйырған баспаналы азаматтардың қатары бүгінде Тараз қаласында да көбейіп келеді. Айталық, 2025 жылы жалпы 48 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, ағымдағы жылдың І  жарты жылдығында 8, ІІ жарты жылдығында 39 тұрғын үйді аяқтау жоспарлануда. Кеңірек тоқталсақ, «Әулие-Ата» (14) шағынауданында 5-қабатты 22 тұрғын үйдің құрылысын салу» нысаны бойынша  тиісті жұмыстар басталып, 7 мердігермен келісім-шарт жасалды. Сонымен қатар шағынауданның егжей-тегжейлі жоспарына сәйкес мұнда 145 тұрғын үй (оның ішінде 64-і таунхаус үлгісінде, 81-і көпқабатты), 2 мектеп, 3 балабақша,  Онкологиялық диспансер, көпсалалы аурухана, профильді емхана, лицей-интернат, инновациялық шығармашылық орталығы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, салтанат сарайы және толық инженерлік инфрақұрылым (газ, жылу, жарық, ауыз су, кәріз, байланыс желілері) қарастырылған. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

«Ұлы дала» шағынауданы да алып құрылыс алаңына айналып отыр. Мәселен, мұнда 22 көпқабатты тұрғын бой көтеруде. Оның 4-і арендалық, 18-і кредиттік үйлерге жатады.

А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапта да (№16 шағынаудан) баспана құрылысы қарқын алуда. Қазіргі таңда осы шағынауданда 5 қабатты, 180 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Мердігері – «Агроспецстрой» ЖШС. Сонымен қатар, тұрғын үйлердің заманауи сәулеттік келбетін сақтау барысында сыртқы қасбеті мен шатыры ауыстырылды.  2024 жылы аталған тұрғын алқапқа қосымша 66 тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттары дайындалды.

Көне шаһардың көкжиегі кеңейген сайын тұрғын үйлерге деген қажеттіліктің де арта түсетіні айқын. Соның бір дәлелі – бүгінде Тараз қаласында жаңа 17 «Қарасай» шағынауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Соған сәйкес аталған шағынауданда 3, 5 және 7 қабатты  158 тұрғын үй,  жалпы білім беретін 1200 орындық 3 мектеп, 280 орындық 3 балабақша, 250 және 200 орындық балалар шығармашылығы мен дамыту үшін екі орталық, ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана мен түрлі бағыттағы медициналық орталықтар, сондай-ақ медициналық ұйымдарға салынған ғимараттарда дәріханалар қарастырылған.  Сонымен қатар жүзу бассейні, жалпыға ортақ пайдаланылатын спорт залдары және фитнес орталығы бар спорт кешен, тренажер залдары, фитнес, аэробика, спорттық би сабақтарына арналған залдар, сауда орталықтары, мамандандырылған дүкендер, мейрамханалар, супермаркеттер, бизнес-орталықтар, ХҚКО, полиция бөлімшесі, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, инженерлік құрылымдар, кәсіпкерлік нысандары да орналасады.

Қазіргі таңда жаңа алқапты магистралдық инженерлік желілерімен қамтамасыз ету жобаларын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.