Дені сау ұлт – қоғам байлығы. Сондықтан кез келген мемлекет ел азаматтарының денсаулығын сақтауды, әл-ауқатын арттыруды бірінші кезекке қояды. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айқындаған міндеттеріне сәйкес аурудың алдын алуға, медициналық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге бар жағдай жасалып келеді. Ғимараттар жаңартылып, материалдық-техникалық база нығайтылуда. Медицина қызметкерлерінің алаңсыз жұмыс істеуіне қажетті барлық мүмкіндіктер қарастырылуда.
Бүгінде Жамбыл облысының денсаулық сақтау саласында 15 237 медициналық қызметкер жұмыс істейді. Бекітілген халық тіркеліміне сәйкес, 1 171 065 адамға 392 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетуде.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өткен жылы 20 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 4 нысан ағымдағы жылы елге есігін айқара ашады деп күтілуде.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде құрылыс басқармасы арқылы Қордай ауданында Масаншы ауылдық ауруханасының емханасына қосымша құрылыс нысаны және Жамбыл ауданы Қоңыртөбе ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункт құрылысы аяқталып, олар да ел игілігіне қызмет етуде.
Ал Меркі, Шу, Талас аудандарында ауданаралық көпбейінді орталық ауруханалар құрылды.
Ағымдағы жылы Қордай ауданында Үлкен Сұлутөр дәрігерлік амбулаториясының құрылысы аяқталса, жыл соңына дейін Талас ауданы Ақкөл ауылында 45 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысы мен «Талас көпбейінді орталық аудандық ауруханасын қайта жаңғырту», «Меркі көпбейінді орталық аудандық ауруханасы ғимаратының қабылдау бөлімшесінің қосымша құрылысымен қайта жаңғырту» жұмыстары межесіне жетеді. Сонымен қатар 1 486,7 млн теңге 6 нысанды күрделі жөндеуден өткізу көзделуде.
Орта мерзімді перспективада Байзақ, Қордай, Жуалы аудандарында 3 ірі аудандық аурухананың құрылысын салу, сондай-ақ Меркі, Шу және Талас аудандарында 3 ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарлануда.Тараз қаласында 400 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана құрылысын салу да айқындалып отыр. Бұдан бөлек шаһардан жедел-медициналық жәрдем стансасының құрылысын жүргізуге жергілікті бюджеттен 35,2 млн теңге қарастырылып, ЖСҚ әзірленді. Қазіргі таңда сараптама алды зерделенуде.
Материалдық техникалық базаларға тоқталсақ, бюджет қаражаты есебінен 5 млрд теңгеге 18 бірлік медициналық диагностикалық құрал (4 компьютерлік томограф, 5 кешенді рентген, 2 УДЗ, 2 дана маммограф, 3 флюрограф, 1 нейронавигациялық жүйе, 1 жылжымалы кешенді рентген), 38 санитарлық машина сатып алынды. Бұл ерте диагностиканың, жедел жәрдем жұмысының сапасын мен ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейі 42,7 пайыздан 41,8 пайызға дейін төмендеп, медициналық жабдықпен жарақтандыру деңгейі 96,7 пайызға жетті.
2025 жылға медициналық емдеу алдын алу ұйымдарын материалдық техникалық жарақтандыруға 6,0 млрд теңге қаражат қарастырылған. Оның ішінде магнитно-резоннансный томограф МРТ – 2 дана, компьютерлық томограф – 2, ангиограф – 1, цифрлық маммограф – 3, лор комбайн – 1, 1 дана видеоэндоскопиялық кешен сынды құралдар сатып алынады. Одан бөлек жасанды интеллект көмегімен радологиялық зерттеулерді орталықтандыру жүйесіне 3,6 млрд теңге бөлініп отыр.
Ауылдың шалғай елді мекендерінде орналасқан халықты қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында 10 жылжымалы медициналық кешен (2 – КамАЗ, 8 автобустық мамандандырылған көлік) 289 елді мекенді қамтып, барлығы 132 383 тұрғынды медициналық тексеруден өткізді. Олардың 25 435-і – балалар.
Өткен жылы барлығы 44 248 диагностикалық зерттеу, 9 257 зертханалық тексеру, 159 408 бейінді мамандардың кеңестері көрсетілді.
Аурушаңдық пен скринингтік тексерілулерге келсек, жүрек-қантамыр аурулары бойынша 88 066 жоспарланған тұлға 100 пайыз тексеруден өткізіліп, оның 7 404-інен ауру анықталды. Олар толықтай диспансерлік есепке алынды.
2024 жылдың қорытындысымен «СҚ-Фармация» Бірыңғай дистрибьюторынан 37 нозология бойынша 10,8 млрд теңгеге 467 атаулы, 53 482 466 дана дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар келіп түсті.
Облыс бойынша жазылған 805 632 рецепт аясында 10,8 млрд теңгеге науқастар қамтамасыз етілді. Игерілу 100 пайызды құрады.
Сонымен қатар амбулаториялық деңгейде жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1,057 млрд теңгеге 76 науқас (оның ішінде 32 бала) орфандық диагнозы бар науқастар қажетті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілді.
Бұдан бөлек «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан Жамбыл облысының 9 орфандық диагнозы бар науқас (оның ішінде 8 бала) 316,5 млн теңге сомасына қажетті дәрілік заттарға қол жеткізді.
Ал жергілікті бюджеттен бөлінген 1,1 млрд теңгеге 33 санитарлық автокөлік, 3 дана микроавтобус, 1 000 моноблок сатып алынды.
Бүгінде жергілікті атқарушы органның грантымен жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін жалпы медицина мамандығы бойынша 51 студент білім алып жатса, резидентурада 84 дәрігер оқиды. Осы баянды бастама аясында оқу бітіргеннен кейін Жамбыл облысының мемлекеттік медициналық ұйымдарында 5 жыл жұмыс істеу міндеттемесімен 62 дәрігер өңірге жұмысқа келіп, еңбек етуде.
Тағы бір айта кетерлігі, республикалық бюджет есебінен мамандарды даярлауға мемлекеттік тапсырыспен 182 дәрігер резидентурада шеберлігін шыңдап жатыр. Жалпы, 2024 жылдың қорытындысымен 3 893 медицина қызметкері оқытылды.
Сондай ақ шет мемлекеттерде 21 дәрігер біліктіліктерін арттырса, былтыр өңірге 90 жас маман келді. Қазір 24 жас маман қалада, 66 маман аудандарда халыққа қызмет етуде.
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы мен Онкология және хирургия орталығының дәрігерлері бұрын-соңды жасалмаған ми тамырларына эндоваскулярлық араласулар, ішке тіліксіз хирургиялық эндоскопиялар, қатерлі ісіктерді аз инвазивті әдістермен емдеу, симультанттық пациентке бір уақытта бірнеше хирургиялық араласу жасау бойынша оталарды сәтті жасап шықты. Сондай-ақ алғаш рет өңірімізде жаңа иммунотерапиялық және таргеттік емдеу әдісі енгізілді. Бұдан бөлек облыста бұрын болмаған онкологиялық ауруларды анықтауға арналған экспересс гистологиялық зерттеу іске қосылды. Осы уақытқа дейін науқастар бұл тексерілу нәтижелерін Алматы қаласынан келгенше 2 апта уақыт күтетін. Енді бәрі жедел әрі жүйелі атқарылуда.
Жамбыл облысының медицина қауымдастығы халық денсаулығын сақтау мен нығайту бағытында жүйелі және кешенді жұмыстар жүргізуде. Салада орын алып отырған күрделі міндеттерге қарамастан, медицина қызметкерлері жоғары жауапкершілікпен еңбек етіп, денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Ақ халатты абзал жандар күнделікті қиындықтарға мойымай өз ісіне деген адалдығын, кәсіби шеберлігін және адамгершілік қасиетін айқын көрсетуде.
Болашақта да өңір медицинасының әлеуетін арттыру, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету – басты басымдықтардың бірі болып қала береді. Бұл жолда бірлікпен жасалған еңбек пен ортақ мақсатқа деген ұмтылыс табысты нәтижелерге жеткізетіні хақ.
Осы ретте саланың барлық маманын Медицина қызметкерлері күнімен құттықтай отырып, отбасыларына бақыт, жұмыстарына тек жеміс тілеймін!
Ұлтымыз сау, болашағымыз баянды болғай!
Сержан НАЗАРБЕК,
Жамбыл облысы әкімдігі
денсаулық сақтау басқармасының басшысы