Денсаулық – кез-келген адам үшін баға жетпес байлық. Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Осыған орай әр жылы маусым айының үшінші жексенбісі дәрігерлер күні болып бекітілді. Бұл – жалпыға ортақ мереке. Себебі, әр адам дүние есігін ашқан сәттен бастап, оның денінің саулығы мен амандығына ақ халатты абзал жандарымыз жауапты.
Айтулы мереке қарсаңында Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Жиынға арнайы қатысқан облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров ақ халаттыларды мерекелерімен құттықтап, олар таңдаған мамандықтың маңыздылығын атап өтті.
– Дені сау ұлт – елдің жарқын болашағының кепілі. Осы жолда сіздер үлкен еңбек сіңіріп келесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен денсаулық сақтау саласын жетілдіруге бағытталған бірқатар стратегиялық бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Мәселен, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 28 нысанның құрылысы жүргізіліп, Меркі, Шу, Талас аудандарында ауданаралық көпбейінді орталық ауруханалар құрылды. Орта мерзімді перспективада Байзақ, Қордай, Жуалы аудандарында 3 ірі аудандық аурухана салу, сондай-ақ Меркі, Шу және Талас аудандарында 3 ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарлануда. Тараз қаласында 400 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана және Тараз қаласында жедел-медициналық жәрдем стансасының құрылысын жүргізу жоспарда бар.
2025 жылы медициналық емдеу, алдын алу ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға 6 млрд теңге қаражат қарастырылған. Одан бөлек жасанды интеллект көмегімен радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жүйесіне 3,6 млрд теңге қаралған.
Сіздердің табандылықпен атқарған қызметтеріңіз, біліктіліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деген Н.Календеров облыстың денсаулық сақтау саласына қосып жүрген үлесі үшін бірқатар қызметкерді марапаттады.
Одан әрі мерекелік шара өнер жұлдыздары мен К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының әзірлеген концерттік бағдарламасына ұласты.
Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ