Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Кітапхана – болашаққа жол басы

0 173

«Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды» дегендей, қазіргі мемлекетіміздің болашағы жастардың танымдық қабілетін қалыптастыратын, мәдени ортаның бірі кітапхана екендігін білмейтін адам кемде-кем. Кітапхана – берері мол, киелі орта. Кітапхана дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім нәрінің қайнар көзі. Парасаттылық пен адамшылдықтың, іскерлік пен ынтымақтастықтың мызғымас ордасы. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әртүрлі кездесулерде үнемі айтып келеді.

Айталық, Президент Түркістан төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу. Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады. Мұндай кітапхананы елімізде де салуға болады деп ойлаймын», – дей келе, қазір батыс елдерінде «анти-инфлюенсер» деген қозғалыс бірте-бірте қалыптасып жатқанына ерекше тоқталды.

– Бұл қозғалыс интернет басылымдар арқылы азаматтарға, жастарға тарайтын барлық ақпаратқа, деректерге, әсіресе, жалған мағлұматтарға, яғни, «fake news»-қа зор күмәнмен қарайды, яғни адамдардың санасын жаулап жатқан, тіпті, оларға имандай сенуге болатын идеология секілді құбылыстарды жоққа шығарады. Біздің елімізде де жалған ақпарат тарататын басылым-сымақтар бар. Бұл – құпия емес. Олардың артында нақты қалталы адамдар, тіпті, ықпалды елдер бар. Ал жаңа қозғалыстың негізгі мақсаты – дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу, ең алдымен, бұл әдебиеттегі, сондай-ақ ақпарат саласындағы дәстүрді сақтау. Сондықтан, біз де әлемде болып жатқан осы жаңа үрдіске назар аударғанымыз жөн. Бұл үрдістер бүгінде түрлі ақпаратпен идеологиялық тұрғыдан уланып жатқан қоғамды сауықтыратын күшке айналуы әбден мүмкін. Жалпы, осындай маңызды істерге, соның ішінде кітап шығару ісіне Қазақстан Жазушылар одағы белсене атсалысуы керек, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жас ұрпақтың кітаппен дос болуы керегін үнемі еске салып келеді. Мәселен, Президент аталған Құрылтайда: «Жас ұрпақтың кітапқа құштар­лығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Сондықтан «Ба­ла­лар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тап­сыра­мын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», – деген болатын.

Бұдан бөлек, Мем­лекет бас­шысының Ұлттық қо­ғамдық сенім кеңесінде берген тапсырма­сы негізінде Оқу-ағарту министр­лігі «Оқуға құштар мектеп» рес­публикалық жобасын қолға алға­нын білеміз. Бұл бір игі бастама деп айтуға әбден болады. Себебі, кітап – рухани қазына, баға жетпес құндылық. Олай болса, құндылыққа жақын болу, оған сүйіспеншілік таныту, кітапты тұрақты серік ету – адами қасиеттің бір қырына айналғаны абзал. Неге десеңіз, оқу сауаттылығы – тұлға қалыптастырудағы маңыз­ды көрсеткіштің бірі. Мек­тепте рухани-адамгер­шілік­ке, патриотизмге, ең­бек­ке баулу сияқ­ты, кітап оқу мәде­ние­тін қалып­тастыру да тәрбие жұмы­сының басым бағыттарының бірі­. Бұл мектеп оқушы­сының оқу іс-әрекетін дамы­туға, кітап мәртебесін көте­руге, кітап оқуды әдетке айнал­дыру­ға зор ықпалын тигізері сөзсіз.

Сонымен бірге Президент Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады», – деп атап өтіп, бүгінгі ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болу керек екенін ескерткен болатын.

– Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Президенттің Ұлттық Құрылтайда айтқан осы сөзі елдің қолдауын тауып отыр. Алаштың айбоз ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлы да келешекте түні бойы есігі айқара ашық тұратын кітапханалар міндетті түрде ашылуға тиіс деген пікірде.

– Өркениеттің шыңына шығамын деген ел кітап оқиды. Кітап оқымай, адам баласының көкірек көзі ашылмайды. Ал көкірек көзі жабық, санасы таяз адамдар мемлекетті қуаттандыра алмайды. Оқудан ажыраған ел тағылыққа қарай беттейді. Меніңше, Президенттің осы сөзі жерде қалмай, міндетті түрде жүзеге асуға тиіс. Жан азығын емес, тән азығын күйттеп кетсек, рухымыз сөнуге айналады. Сосын, бүгінде көбінің кітапханаға баратын уақыты жоқ. Күні бойы жұмыста. Ал кешке кітапханалар жабылады. Тәулік бойы есігі жабылмайтын кітапханалар болса, оған оқырмандар ағылады деген сенімдемін, – дейді С.Ақсұңқарұлы.

Иә, Президенттің адамзатты игілікке бастайтын, ақыл-ойдың ордасы – кітапхананың қоғамдағы орнын айрықша атап өткені бізге, яғни сол рухани ортаның шырақшысы – кітапханашыларға үлкен жауапкершілік жүктеді. Шын мәнінде, қазіргі кезде кітапхана білім іздеген жастардың басын қосатын әрі оларға бағыт-бағдар беретін руханият ордасына айналып отыр. Осын ескерген Президент Атырауда өткен құрылтайда депутаттардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

– Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек. Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек, – деген Мемлекет басшысы оқуға деген құштарлық – қоғамның дамуына ықпал ететін маңызды құндылықтардың бірі екенін тілге тиек еткен болатын.

Осы мақсатта Үкіметтің 2024 жылғы 29 маусымдағы Қаулысының негізінде Қазақстанда жаңа мереке – 23 сәуірде алғаш рет атап өтілген Ұлттық кітап күні пайда болды. Биыл елімізде алғаш рет атап өтілген атаулы күнге орай Тараз қаласында біздің ұжымның ұйымдастыруымен «Кітап – ұлттық құндылық» атты республикалық кітап фестивалі өткен болатын.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда электронды форматтағы ақпарат көздері танымал болғанымен, қағаз нұсқадағы баспа кітаптардың орны ерекше. Олар оқырманға жағымды эмоция сыйлайды, жайлылық пен рухани тыныштыққа ие болуға мүмкіндік береді. Баспа кітаптар, әсіресе, аға буын мен әдебиет әуесқойлары арасында үлкен сұранысқа ие. Сонымен бірге еліміздегі арнаулы кітапхана жүйесі де қарқынды дамып келеді. 2024 жылы оқырмандар саны 54,5 миллионға жеткен. Бұл – қуанарлық жайт.

 Әрине, қоғамды дамытудағы басты факторлардың бірі – оқырман ұлт қалыптастыру. Бұл міндет кітапқа деген қызығушылық пен оқу мәдениетін нығайту арқылы жүзеге асады. Жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту – Қазақстанның рухани, мәдени, ғылыми мүдделері мен білім беру салаларын нығайтудың негізгі бағыттарының бірі. Сөзімді ұлт өнерінің саң­лағы Серке Қожамқұловтың «Кі­тап – өмір ұстазы. Сондықтан жас­тар кітап оқуды күнделікті әдет қылуға тиіс. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес» деген сөзімен түйіндегіміз келеді.

 

Сәрсенкүл ЖҰМАНОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми

кітапханасының өнер жөніндегі

әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.