Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдық таңы атып отыр. Алайда арада осынша уақыт өтсе де, соғыс салған жара көңілдерден кеткен жоқ, жүректерден өшкен емес. Себебі қан майдан шайқамаған шаңырақ, қара жамылдырмаған отбасы қалмады. Ел басына қатер төнген сұрапыл жылдары сұм соғысқа қазақ жерінен 1 миллионнан аса боздақ аттанып, олардың тең жартысы жат жерде ажал құшты. Солардың қатарында Жамбыл ауданы, Құмтиын ауылының тумасы Сәлем Смайылұлы да бар.
Халқының басына қара бұлт үйірілген қысылтаяң шақта бұғып қалуды жөн көрмеген бозбала Сәлем қатарластарымен бірге әскер қатарына алынды. Жас жауынгердің майдан даласындағы ерліктері ауыл арасында әп-сәтте аңыздай болып тарады. Ал Сәлемнің «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны туралы сүйінші хабар жеткенде бүкіл ауыл ерекше шат-шадыман күй кешкен екен. Тіпті, сол кездегі аудан басшысы С.Дүмшебаев ауыл тұрғындарының рухын көтеру мақсатында осы бір қуанышты хабарды үлкен думан тойға айналдырып жіберіпті. Сол тойда аудандық атқару комитетінің төрағасы, Сәлемнің әкесі Смайыл қарияға майданнан келген Алғыс хатты тапсырады. Онда: «Құрметті Смайыл Төлегенов жолдас. Сіздің ұлыңыз Сәлем Смайылов неміс-фашист басқыншыларына қарсы қиян-кескі шайқаста ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Калинин майданының басшылығы Сізге осындай батыр ұл тәрбиелегеніңіз үшін алғыс айтады. Фашистерге өлім келсін! Біз жеңеміз!» – деп жазылған. Артынша аудан жұртшылығы сүйінші хабардың қарымтасындай етіп, майданға бір вагон азық-түлік пен киім-кешек жөнелткен екен.
Соғыстағы ерлігі үшін Сәлемге елге барып-қайтуға бір айлық демалыс та беріліпті. Алайда қайсар рухты жас сарбаз «жауды жеңбей қайтпаймын» деп, демалыстан бас тартқан көрінеді. Ең өкініштісі, Сәлем Смайылұлына туған топырағын қайта көру бұйырмады. Ержүрек жауынгер Ұлы Отан соғысы тарихында «еттартқыш» атауымен танылған Ржев-Вязьма иініндегі қанды шайқастың бірінде оққа ұшты. Туған-туыстары егде жастағы ата-анасының көңілдеріне қаяу салуды қаламаса керек, ұлдарының қазасын барынша жасырыпты. Смайыл ақсақал да мәңгілікке көз жұмғанға дейін батыр баласынан жақсы хабар алудан күдерін үзбепті.
Сәлем майданға аттанар алдында жұбайы Күләштің аяғы ауыр еді. Сонда ол жарының солғын тартқан жүзіне қимастықпен қарап, самай шашын сипай тұрып: «Күләш, жауды жеңіп, аман-есен оралармыз. Алламен ақылдасқан ешкім жоқ қой. Құрсақтағы осы балам өзіңе аманат», – деген екен. Көп ұзамай әке тілегі қабыл болып, маңдайы торсықтай ұл бала дүниеге келеді. 1942 жылдың шіліңгір шілдесінде Сәлемнің қара шаңырағында шілдехана тойы болды. Жақсы күннен үмітін үзбеген қазақпыз ғой, бесікте жатқан нәрестенің есімін азан шақырып Жақсылық қойыпты ауылдың көнекөз қариялары.
Бала Жақсылықтың жүрегін әкеге деген сағыныш үнемі тербеумен болды. Әкесінің жансыз суретіне қарап, тым болмаса қабірін тауып, басына құран бағыштауды аңсады. Жақсылық Сәлемұлы бұл туралы өзінің естелігінде былай деп баяндайды: «ХХ ғасыр зобалаңының зардабын шеккен адамның өмірдерегінде қуаныштан гөрі қайғы-мұң басымдау екені анық. Біреу сол сұрапыл соғыстың кесірінен асыл әкесінен, енді біреу асыл жарынан, қимас бауырынан ажырап жатты. Мен де ғасыр қасіретін тартқан сондай жандардың бірімін. Әкем Сәлем өзге ер азаматтар қатарлы қолына қару алып, Отан қорғауға аттанып кете барған. Әкеме өзге жердің топырағы бұйырып, сол жақта жансыз денесі қалды.
Әкем соғысқа аттанғанда анамның құрсағында жатқан алты айлық шарана екенмін. Өсе келе әкемді іздедім. Тіпті, әкесі бар өзім құралпы балаларды көргенімде ішқұса болып, ағыл-тегіл жылайтынмын. Шіркін деймін сонда, әкем келіп басымнан сипаса, бетімнен сүйсе деген арман өзегімді өртейтін. Әсіресе, жетім деген сөз жаныма қатты бататын. Осылай айтқан балалармен шекісіп қалған сәттерім де аз болған жоқ. Өзің қатарлас балалар айтса бір сәрі ғой, бірақ үлкендер де «Ей, жетімек!» дегенде көзіме еріксіз жас үйірілетін. Сондайда анам «Менің Жақсылығым жетім емес. Сәлем атамыз жеті ағайынды. Солар барда менің ұлым жетім емес» деп зар илейтін. Оған қосылып мен де жылайтынмын. Әрине, оның бәрі ұмытылды… Бірақ, әр Жеңіс мерекесі жақындаған сайын марқұм әкем ойыма оралады. Бар жұбанатыным – әкемнің суреті ғана. Сол сурет мен үшін құнды дүние, баға жетпес байлық. Қабырғада ілулі тұрған әкемнің жансыз бейнесін күнде сипап қоямын. Әр жұма сайын әкемнің әруағына құран бағыштаймын. Немере, шөберелерім Сәлем аталары Отан үшін от кешкенін біле жүрсін деп дастархан басында әрдайым айтып отырамын. Сірә, әкеге деген сағыныш осындай болса керек. Шындығында, арқа сүйер асқар тау әкесі бар жандар неткен бақытты?!» – деп ағынан жарылған Жақсылық Сәлемұлы жан тебірентерлік естелігінде.
Араға жылдар салып Жақсылық қарияның көптен күткен арманы орындалды. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында әкесінің бейітін тауып, төбесі көкке жетердей ерекше шаттанғаны бар. Өзі де шаттыққа бөлеген сол сәт туралы көзі тірісінде былай деп еске алған болатын: «Әкемнің бір дерегі табылар деп үмітімді еш үзген емеспін. Ақыры 68 жылдан кейін «өшкенім жанып, өлгенім тірілді». Әкем кезінде «ажал апанына» айналған Ржевте жерленіпті. Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында «Нұр Отан» (қазіргі «Amanat») партиясы мен Ресейдің «Единая Россия» партиялары бірлесіп ұйымдастырған «Жеңіс» пойызы құрамында Ржев қаласында болғаным бар. Сол қалада 100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадалары жауынгерлеріне арналған мемориал орнатылыпты. Мемориал ұзындығы 30 метрге жуық гранит қабырға үлгісінде жасалған. Қазақ елінің картасы бейнеленіп, ондағы гранит тақтада екі бригада құрамында соғысқан 10 мыңға жуық қазақстандық боздақтың есімдері жазылған. Әрине, арасынан әкемнің аты-жөнін жазылған тұсты іздей бастадым. Ұзақ іздедім. Ақыры таптым-ау. Көзіме оттай басылды. Сол сәтте көзімнен аққан жас еш толастамады. Мәңгілік сағыныштың табы шығар. Ауылдан ала шыққан туған жердің бір уыс топырағын әкемнің аты жазылған тұстағы мемориалдың қасына қойдым. Ол жақтың да топырағын ауылдағы ағайындар жерленген зират басына әкеліп салдым. Бұл – өмірімнің ең бақытты сәті еді», – депті өткенге көз салған қария.
Көзін ашқаннан тағдыр тәлкегімен бетпе-бет келсе де, бала Жақсылық ата-әже тәрбиесін көңілге тоқыған саналы бозбала болып өсті. Қиын-қыстау күндердің бәрін басынан өткеріп, еңбекке ерте араласты. Соның арқасында шыңдалды, ширықты, оқу-білімге құштар болып өсті. Құмтиын ауылындағы орта мектепті тәмамдаған соң, 1961 жылы Жамбыл есеп-санақ техникумын, 1966 жылы сол кездегі Жамбыл жеңіл тамақ өнеркәсібі институтын «Қабылдау, өңдеу саласының инженер-технологы» мамандығы бойынша тәмамдады. Оқу ордасын ойдағыдай аяқтаған жас маман қарашаңырақтың түтінін түтетпекке туған топыраққа қайта оралды. Еңбек жолын Аса астық қабылдау пунктінің қатардағы механигі қызметінен бастап, Жамбыл аудандық тұрмыстық қызмет көрсету комбинатының директоры лауазымына дейін өсті. Бір үзім нанның қадірін біліп өскен ол саналы ғұмырын ас атасын ардақтап, халықтың қажеттілігін қамтамасыз етумен өткізді.
Атына заты сай азаматтың елге сіңірген еңбегі өте көп. Кеңес Одағы ыдыраған 90-шы жылдары жекешелендіру деген желеумен қаншама кәсіпорын мен мекеме тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткені жасырын емес. Сол тұста Жақсылық аудандағы жалғыз наубайхананы халық игілігіне қайтарып берді. Бүгінде әлгі ғимаратта халыққа қызмет көрсету орталығы, әділет басқармасы және білім беру бөлімі орналасқан.
Зейнет демалысына шыққаннан кейін де Жақсылық Сәлемұлы қоғам өмірінен қол үзбей, әрбір игі істің басынан табылды. Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы орынбасарының қызметін атқара жүріп, бұқараның мұңын билікке еш бүкпесіз жеткізе білді. Соның нәтижесінде аудандағы өзекті мәселелердің шешілуіне де зор септігін тигізді. Халқының игілігі үшін жанын беруге даяр азаматтың еңбегі мемлекет тарапынан ескерусіз қалмады. Бір емес, үш мәрте ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталып, кеудесіне Тәуелсіздігіміздің 10 және 20 жылдығына арналған мерекелік төсбелгіні тақты. Сондай-ақ Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Жамбыл облысының Құрметті ардагері атанды. Әрине, өмір бар жерде өлім бар екені белгілі, ажал айтып келмейді. Саналы ғұмырын ел дамуына арнаған атпал азаматтың асыл жүрегі 2022 жылы 22 мамыр күні біржола тоқтады.
«Орнында бар оңалар» демекші, жұбайы Сәния екеуі алтын асықтай қос ұл мен күміс қасықтай 3 қызды тәрбиелеп өсіріп, барлығын қияларға самғатты. Жақсылық ақсақалдың жарты ғасырдан астам уақыт отандасқан жары Сәния Шайхысламқызы – нағыз еңбегімен өнген, халықтың батасымен көгерген жан. Жастайынан бүгінгі еңсесі биік, өр тұлғалы ғұмырына дейін талай белестерден өтіп, асулардан асып, қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп отыр. Бүгінде сексен жастың сеңгіріне шықса да еңбектен бір сәтке де қол үзген емес.
1944 жылы 15 желтоқсанда Талас ауданында дүниеге келген Сәния апа институтты аяқтаған соң жолдамамен Аса ауылына келген. Осы жерде Жақсылық Сәлемовпен отбасын құрып, бір әулеттің өнегелі келініне айналды. Ширек ғасыр балабақшада меңгеруші, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маман қызметтерін атқарып, абыроймен зейнетке шықты.
Қазір Серік, Берік, Гүлзада, Гүлнар, Динара атты ұл-қыздарынан немере, шөбере сүйіп отырған бақытты ана, аяулы әже отбасының ұйытқысы, айналасына сыйлы да қадірлі. Әкенің қанымен, ананың сүтімен бойына дарыған қабілеті ұл-қыздарын талай биіктерге шығарды. Үлгілі отбасының тындырымды да тиянақты тірлігі мен бекем бірлігі көпке үлгі. Оны облыстық «Парасатты отбасы» сынды байқауларда дәлелдеп, жүлделі орындарды да иеленген. Осындай сый-құрметінің арқасы, еңбегі еленгенінің нәтижесі болар, Астана қаласына арнайы шақырылып, «Аяулы ана» байқауының жеңімпазы атанып келді. Атап айтсақ, Сәния Шайхысламқызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау мақсатында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай өткен «Аяулы ана» байқауының жеңімпазы атанып, «Аяулы ана» орденімен және бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Аяулы ана ұл-қыздарының құлағына еңбекқор, үлкенді сыйлап, тату болуды құйып өсірген. Жақсылық ақсақал екеуі бала бойына бірінші адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, одан соң білімді болуға жетелеген. Қазірде қол жеткізіп отырған жетістіктері мен абыройының барлығы – адал еңбегі мен маңдай тері және өсірген ұл-қыздарының арқасы екенін үнемі айтып отырады.
– Сәлем атамыз – Ұлы Отан соғысына қатысып, 19 жасында майдан алаңында мерт болған. Көзін көргендер естен шығармай жақсы қасиеттерін айтып отыратын. Ол кісі көк базарға атпен барып, күнделікті тұрмысқа қажет шай, сабын, қант, кәмпит сияқты заттарды әкеліп, кәрі-құртаң, жетім-жесірге таратып жүретін болыпты. Сонда ауылдастары ел болып тілеуін тілеп, бата береді екен. Соғыста қаза тапқанын естіген жұртшылық жап-жас азаматтың, жанашыр жанның қазасына қабырғалары қайысып, «Қалың ел көптің тілегі қайда қалды? Берген батасы қайда? Осындай адам аман қалуға тиіс еді» деп қатты қайғырған екен. Сонда менің жолдасым Жақсылық анасының құрсағында екен. Кейіннен Сәлемнің баласы Жақсылық аман-есен дүниеге келіп, отбасын құрып, үлкен әулетке айналып, өнген-өскен шаңырақ болды. 5 баламыздың әрқайсысы өз алдына отау тігіп, ел игілігіне қызмет еткенде атамыздың көзін көргендер мен ағайын-туғандар кезіндегі Сәлемнің елден алған ақ батасы мен алғысы өзіне емес ұрпағына дарыған екен деседі. Сондықтан біз әр отбасымыздың мүшесіне елден бата алып, адал қызмет етуді үнемі айтып отырамыз. Өскен-өнген әулетке айналуымыз – атамыздың кезінде елден алған батасының шапағаты екенін өскелең ұрпақтың құлағына құямыз, – деген кейуана бізбен әңгімесінде жастарды үлкенді сыйлауға шақырып, кішіге ізет көрсетудің маңызы зор екенін жеткізді.
Жақсылық ата мен Сәния апаның ұлы Серік Сәлемов ғибратты мысалды естіп өскендіктен, кейінге де өнеге болсын деген ниетпен әрі атасы мен әкесінің ізгіліктері ұмытылмасын деген оймен «Бата» атты кітабын шығарған.
Сәния апамыз – өнегелі ісімен өз биігін қалыптастырған, есімі аудан жұртшылығына таныс ақ самайлы әже әрі еңбектен қол үзбеген кәсіпкер. Бір әулеттің түтінін түзу түтетіп, ұйытқы болып, ағайын-туыстың татулығын арттырып отырған ардақты ана, ақылды әженің бұл ісі өнеге мен ғибратқа толы екені даусыз. Бұл отбасының балалары бүгінде түрлі салада жемісті еңбек етіп келеді. Олардан тараған немерелер де еліміз бен өңіріміздің дамуына сүбелі үлестерін қосуда.
«Ер есімі – ел есінде» дейді халық даналығы. Замандар ауысып, дәуірлер көшсе де Сәлем Смайылұлының ерлігі мен даңқы ел есінен ешқашан ұмытылған емес. Бүгінде облыс орталығы – Тараз қаласы мен туған жері Құмтиын ауылындағы бір көшеге Отан үшін от кешкен оғланның есімі берілген. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран» деген осы болар, сірә?!
Құрмаш Қаптағай,
Жамбыл ауданы