Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ер есімі – ел есінде

0 424

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай А.Гайдар атындағы №35 орта мектеп пен Ғ.Мұратбаев атындағы кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ақәділ – кеудесін оққа тосқан ер» тақырыбында тағылымға толы шара өтті.

Әуелі аталмыш кітапхана меңгерушісі Жаңагүл Ахумбекова мен мектеп директоры Гүлсім Әсімова биыл туғанына 105 жыл толғалы отырған Кеңес Одағының батыры, даңқты жерлесіміз Ақәділ Суханбаевтың өмірі мен ерлігіне кеңінен тоқталып, тарихтан сыр шертті.
Даңқты батыр мұндай ерен ерлікті небәрі 24 жасында жасапты. КСРО Қарулы Күштері мұражайында сақтаулы тұрған деректерге сүйене отырып айтар болсақ, 1944 жылдың 31 шілдесінде Польшаның Стжельцовизна деревнясы үшін болған үлкен бір шешуші шайқаста Кеңес жауынгерлерінің алға жылжуына кедергі жасап жатқан жау пулемётінен жауған оқты тоқтату мақсатында атқыштар батальонының бөлімше командирі, қазақтың қаршадай қайсар ұлы Ақәділ Суханбаев кеудесін тосып, пулемёттің үнін өшіреді. Сол сәтте жауынгерлердің бірі дереу пулемётші немістің көзін жойған соң бәрі бірден шабуылға шығып, жау шебін бұзып өтеді. Сол ұрыстан кейін 31-ші армияның қолбасшысы, генерал-полковник Василий Глаголевтің тапсырмасымен Ақәділ атамыздың денесі Польшадан Литваның Друскининкай қаласына әкелініп, үлкен әскери салтпен жерленген екен.
Міне, осы шайқастан кейін тұтастай майдан даласына демде тараған Ақәділ Суханбаевтың жанкешті ерлігі мен есімі жауынгерлерге рух сыйлап, отансүйгіштік сезімдерін арттыра түсіпті.
«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» демекші, бұл шара барысында ұстаздар мен оқушылар әзірлеген А.Суханбаевтың қыршын ғұмыры мен өшпес ерлігі жайлы шағын көрініс көрсетілді. Сондай-ақ белгілі жазушы, журналист Арғынбай Бекбосынның «Мен – Суханбайұлы Ақәділ» атты әңгімесінен үзінділер оқылып, жан тебірентер әндер де шырқалды.
Бұдан кейін кітапханашы Бағира Бұлтанқұлова «Ер елі үшін туады» тақырыбында викториналық сұрақтар қойып, «Мақалды жалғастыр» ойынын ойнатты. Сонымен қатар «Қазақ халқының батыры» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда 2023 жылы Алматыдағы «Дәуір» баспасынан жарық көрген жазушылар Бегім-Мұрат Ілиясов пен Данияр Шалқаровтың «Ерлікке толы ғұмыр» кітабын Б.Бұлтанқұлова жиналғандарға жан-жақты таныстырып өтті.
Шара соңында жиналған қауым батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухы мен ерлігіне тағзым етті.
Мұндай игі шаралар өскелең ұрпақтың тарихта қалған тұлғаларымызды жақынырақ танып-білулеріне оң ықпалын тигізері анық.

Әбдіғали Сайлыбаев,
Тараз қаласының тұрғыны

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.