Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ораза мен медицина

0 106

Ерік БАЙЖҮНІСОВ,
С.Қайырбекова атындағы
Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды
дамыту орталығы төрағасының кеңесшісі,
дәрігер

«Мұсылманмын» деген әрбір жанға осы айдың ерекше екенін айту артық болар. Оразаның дін жағынан егжей-тегжейлерін молдалар айтсын, менің айтарым аздап басқаша.
«Бір ай бойы таңның атысынан күннің батысына дейін нәр тартпау пайдалы ма, жоқ па?» – деген сұрақты кейінгі кезде маған оразаға бел байлағандар жиі қойып жүр. Әрине, шамам келгенше оларға мұсылман боламын десең, тек қана ораза ұстау аз дегенді түсіндіріп келемін. Бірақ соңғы кезде осы үрдісті қолдағандар өте көбейіп кетті. Ол бір шетінен өте қуантатын жағдай, өйткені осы айда арақ пен басқа да зиянды заттарды ішу көрсеткіші күрт төмендеп, ауруханаларға осының кесірінен түскендердің саны азайғанын көресің. Кейде, «Шіркін, осы ораза жыл бойы ұсталса ғой!» – деп те ойлап қоясың. Бірақ, медицинаны алаңдататын жағдайлар да бар, соны айта кеткен жөн болар дегенім ғой. Бәрібір шешетін – өздеріңіз.
Күнделікті әдетке үйреніп кеткен адамның организміне аяқ астынан аштық жариялау шок болып көрінеді. Адам өміріне қажетті заттарды үнемі үзбей алғанға үйреніп қалған ағза иесінің ораза ұстаймын дегенін білмейді де, түсінбейді де. Сондықтан қажетті заттардан айырылған ол «иесі аштыққа қор болып жүр екен» деп қиын күндерге сақтап қойған «қорларын» ашып, органдарға қажетті мөлшерде бере бастайды.
Байқасаңыздар, негізі дені дұрыс организм майлы ет жесең де, қара нанға көшсең де белгілі бір салмақты ұстап тұра береді. Яғни, ондай ағзаға қанша тамақ енгізсең де қажетін ғана алады да, қалғанын шығарып тастайды. Ал жас келе организм ақырындап ішкен-жегенді дененің түпкір-түпкірлеріне тыққыштай бастайды. Ол да керек, өйткені қартая бастаған организмге қандай жағдай туса да қорек керек, өмір сүру қажет.
Баяғыдай шапқылап жүріп азық табатын заман өткен. Қарттардың жастарға қарағанда аштыққа шыдамдырақ келетіні содан. Әрине, ол денің сау болса ғана. Ал егер де күрделі ауру-сырқатың болса, аяқ астынан келген «аштық» организмнің компенсаторлық, яғни ауруды бір қалыпты ұстап тұру қабілетін жойып жіберуі әбден мүмкін. Ал бұл өзі әрең ілініп тұрған қылдай жіпке қосымша салмақ ілумен бірдей.
Ислам әлемдегі ең мейірімді діндердің бірі екені көпке мәлім. Ораза ұстауға қабілетің немесе денсаулығың келмесе, өзіңді қинама. Өйткені, «Алланың берген өміріне, денсаулығына зиян келтірме» деген қағида бар емес пе, соны естен шығармаған абзал. Сондықтан өмірге қауіпті диабет, бүйрек, жүрек немесе қатерлі ісік сияқты дерттеріңіз болса, тәуекелге бару артықтау. Ойланыңыздар!
Дін деген адамның жүрегінде болуы керек, мұсылмандық деген бір айлық іс-шара емес қой. Ең әуелі ол өмірлік ұстаным, ішкі дүниенің тазалығы емес пе? Амал жоқ, жоғарыда аталған және басқа да аурулар үнемі үзбей дәрігердің берген дәрілерін ішуді қажет етеді. Оны бұзсаңыз, кейін денсаулықты қалпына келтіру өте қиын, тіпті кейде мүмкін де болмай қалады.
Қажетті элементтер дер кезінде түспегеннен кейін, керек мөлшерде су келмегеннен кейін адамның қаны әуелі қоюлана бастайды. Содан соң организмнің «үнемдеу қызметі» қосылып, тек қана өмірлік маңызы бар органдарға бұрынғы мөлшерде жеткізіле бастайды да, қалғандары «үнемдеу» режиміне қосылады. Ол әңгіменің бір жағы ғана. Екінші жағы, ол осындай шок болып жүрген организмге күн батысымен майлы тамақты мөлшерден тыс былш еткізіп беру. Оны нағыз денсаулыққа көрсетілген диверсия, тіпті садизм десе де болады. Сондықтан ауыз ашарда әуелі су ішіп, содан кейін аз мөлшерде ғана тек адамға пайдалы тағамды жеу қарастырылған. Олай болмаса, онсыз да біздің күнделікті диетамыздан зардап шегіп жүрген асқазанымыз бен ұйқыбезіміз ондай ауыртпашылыққа шыдамай, «жансақтауда» жан сақтауыңыз әбден мүмкін. «Қан қысымы барлар ше?» – дегендерге айтатыным, гипертонияның да түрлері көп. Кейбіреуі тек қана адамның күнделікті әдеттерін ретке келтіруді ғана қажет етеді. Мысалы, шылым шегуді доғару, күнделікті таза ауада серуендеу немесе дене шынықтыру деген сияқты. Ондайларға ораза өте пайдалы. Ал гипертонияның қан қысымын аса биікке көтеретін агрессивті түрі болса, жанды қинамаған жөн. Осы уақытта осындай науқастардың инсульт немесе инфаркт алуларының да жиілеп кететіні бар. Әрдайым дәрі қабылдау керек болса, Алладан кешірім сұрап, деннің саулығын ойлаған жөн мұндайда. Алланың берген өміріне біле тұра зиян келтірудің өзі де күнә емес пе? Байқаңыздар! Соңында айтарым, ораза ұстап жүргендердің көбіне «Қандай мақсатпен, не үшін ораза тұтып жүрсің?» – деп сұрақ қойғанымда басым көпшілігінің жауабы: «Денсаулыққа пайдалы» дейді. «Сонда сенің ойыңша ораза деген емдік ашығу ма?» – десем естігендерін айта бастайды.
Меніңше, Рамазан айында адам оразаны өзін түрлі артықшылықтан айыру арқылы өзінің бұл өмірде кім екенін, қолында барының қадірін, осы өмірдің құнсыз бағасын және айналасында аштық пен мұқтаждықта жүрген жандардың күйін түсіну үшін ұстауы қажет. Сондықтан ораза өмірінің тағы бір жылын аман-есен өткізіп, бала-шағасының амандығы, денінің саулығы үшін біріншіден Аллаға, содан кейін жақындарына рақмет айтып, ғұмырдың тағы бір жылының есігін ашу үшін жасалған орасан зор философиялық маңызы бар шара деп саналуы керек деп ойлаймын.
Ораза қабыл болсын! Ең бастысы баршаңызға денсаулық тілеймін!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.