Ескі жыл ел есінде несімен қалды?
Тағы бір күнтізбені түгесіп, өткен күннің есебін түгендейтін уақыт та жылыстап жетті. Ұлу жылын шығарып салып, баяу жылжып келе жатқан жылан жылын қарсы алмақпыз. Әрине, бұл Григорян күнтізбесі бойынша, ал күллі мұсылман қауымы үшін жаңа жыл – Наурыз айынан бастау алады.
Сонымен ескі жыл есіркеді де, жылатты да, толағай табысымыз да, әттеген-ай дегізген қалысымызда болды. Өмір болған соң ақ пен қара арпалысып жатуы – заңдылық. Әр жылдан жаңашылдық пен жақсылық күтетін бұқара халық жылан жылынан да зор үміт күтеді. Ұлу жылына айтар өкпеміз жоқ. Сонымен ескі жыл несімен есте қалды?
Салмағы ауыр саяси жиындар
Қазанда Мәскеуде өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығының саммиті 2024 жылдың елеулі саяси оқиғаларының бірі болды. Әлемдегі қалыптасып отырған геосаяси ахуал жағдайында бұл басқосуға жаһан жұртшылығы бір үміт, бір күдікпен қарағаны жасырын емес. Ресей президенті Владимир Путин төрағалық еткен шараға Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Беларусь және Тәжікстан секілді сегіз елдің президенті жиналды. Мемлекет басшылары кең ауқымды мәселелерді талқылап, ТМД аясындағы өзара іс-қимылдың қорытындысын шығарып, болашақтағы негізгі міндеттерді айқындады, өзекті халықаралық және өңірлік тақырыптар бойынша пікір алмасты.
Сол секілді Рио-де-Жанейрода «үлкен жиырмалық» (G20) елдерінің саммиті де талқыға түскен тақырыптар қатарында болды. Оған қатысушылар әлемдегі аштыққа қарсы Альянс құрып, қорытынды коммюникеде Украина мен Таяу Шығыстағы бейбітшілікке шақырды. Екі күнге созылған саммитте Бразилия төрағалығын аяқтап, Оңтүстік Африка Республикасына эстафетаны ресми түрде тапсырды. Форумда негізінен кедейлік пен теңсіздікке қарсы күрес, энергетикалық ауысу, сондай-ақ жаһандық халықаралық институттарды (БҰҰ, ХВҚ және ДСҰ) реформалау мәселелері талқыланды. Іс-шараға барлығы 42 ел қатысты.
Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне де алыс, жақын шетелдердің көз тіккені белгілі. Басты сұрақ – түркі мемлекеттерінің бірігу ықтималдығы қаншалықты жоғары? Өйткені Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен 11-ші саммит Түркі әлемін нығайту тақырыбына арналды. Саммитке Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан қатысты. Саммит қорытындысы бойынша ТМҰ-ның 11-ші саммитінің Бішкек декларациясы, Түркі әлемінің Жарғысы және Түркі мемлекеттері ұйымының туы қабылданды. ТМҰ төрағалығы Қазақстаннан Қырғызстанға өтті.
Сондай-ақ Татарстанның астанасы Қазанда БРИКС саммиті өтті. 22-24 қазан аралығында өткен саммит шараларына 30-дан астам мемлекет қатысатынын растады. Олар жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқылап, ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша пікір алмасты. Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС-тің пленарлық отырысының «БРИКС плюс»/«аутрич» форматында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы БРИКС өзара тиімді ынтымақтастыққа ниетті көптеген елдің назарын аударатын халықаралық ауқымдағы жаһандық орталыққа айналып келе жатқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелерін шешуде Жаһандық Оңтүстік елдерінің үні салмақты шығуға тиіс деп мәлімдеді. Жуырда ғана 2025 жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасы ресми түрде БРИКС-тің серіктес-мемлекеті мәртебесін алатыны белгілі болды.
Ал елімізде өткен саяси басқосулардың арасында Астанадағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін айтуға болады. Саммит барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесіне қатысушылар Беларусь Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіруі туралы құжатқа және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінде Астана декларациясына қол қойылды. Бұдан кейін мемлекет және үкімет басшылары «ШЫҰ плюс» форматында кездесті. Онда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше елдер арасындағы «өзара іс-қимылдың жаңа серпіні» бойынша бірнеше ұсыныс айтты. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы аяқталып, ол ҚХР-ға өтті.
Жер шарының назарын аударған тағы бір саяси оқиға – Дональд Трамптың Америка Құрама Штаттарының президенті болып қайта сайлануы. 5 қарашада өткен президент сайлауында республикалық партияның кандидаты Дональд Трамп 277 дауыс жинап, қарсыласы Камала Харристы 52-53 дауысқа басып озған. Осылайша ол АҚШ-тың 47-ші президенті ретінде билікке қайта оралды. Жаңа президенттің инаугурациясы 20 қаңтарда өтеді деп жоспарланған. Вице-президент қызметін Огайо штатының сенаторы Дж.Д.Вэнс атқарады. Дональд Трамп пен Камала Харрис арасындағы бәсеке құбылмалы жеті штатта болды. Сондықтан кімнің басым түсерін болжап білу қиын еді. Соңында Висконсин штатының даусы шешуші рөл атқарып, Дональд Трампқа жеңіс әкелді.
Ойландырған Олимпиада
Өтер жылдың ең елеулі оқиғаларын тізбелесек, еске ең әуелі төрт жылдықтың дүбірлі додасы – жазғы Олимпиада ойындары түседі. Франция астанасында 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өткен XXXIII жазғы Олимпиадада 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
«Ерекше» ашылуымен әлем халқын «таңғалдырған» бұл ойындардың басқа да ерекшеліктері аз болмады. Себебі, бұл жолғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына тұңғыш рет брейкинг (көше биі) енгізілді. Ал жүзуден жарыстар өткен Сена суының түсі көпке дейін талқыланып жүрді.
2024 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге Будапешт (Венгрия), Гамбург (Германия), Лос-Анджелес (АҚШ), Париж (Франция), Рим (Италия) үміткер болған еді. Алайда таңдау түскен Франция астанасы осымен үшінші рет жазғы Олимпиаданы қабылдады. Ойындар алғаш рет Парижде 1900 жылы, ал екінші рет тура жүз жыл бұрын – 1924 жылы өткен еді.
Сонымен, төрт жылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте 43-орынға тұрақтады. Ел қоржынына алтын жүлдені дзюдодан 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Елдос Сметов салды. 2016 жылы Рио Олимпиадасында – күміс, 2021 жылы Токиода қола алған отандасымыз Парижде Олимп шыңын бағындырды. Осылайша, жерлесіміз дзюдодан Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ спортшысы атанды.
Гимнаст Нариман Құрбанов, палуан Демеу Жадыраев (77 кг) және боксшы Нұрбек Оралбай (80 кг) Олимпиаданың күміс жүлдесін олжалады. Ал Ислам Сәтпаев пен Александр Ле (нысана көздеуден аралас жұптық сын), дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) және боксшы Назым Қызайбай (50 кг) Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.
Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасының 78 атлеті 25 спорт түрінен сынға түсті. Соның ішінде 54-і алғаш рет Олимпиадаға қатысты. Сонымен қатар Париждегі дүбірлі додада жалпы 91 елдің спортшысы жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Елді елең еткізген…
Жоғарыда атап өткеніміздей, Ұлу жылында барлығы жақсы, баршаға жайлы болды дей алмаймыз. Өйткені, күнгейінен күн нұрын шашқанымен көлеңкесінде өзекті өртер өкінішіміз де аз болған жоқ. Елімізде бірқатар ірі апат пен төтенше жағдай болып, мал мен жанның шығынына жол берілді.
Жылдың басында Алматы қаласында 5 балдық жер сілкінісі және артынша бірнеше афтершок болды. Жерасты дүмпуінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, Қырғызстан аумағында, 65 шақырым тереңдікте орналасқан. Оны станциялар желісі 2024 жылғы 23 қаңтарда сағат 00:09-да тіркеді. Үрейленген қала тұрғындары жаппай көшеге шықты. Әлеуметтік желілерде жиһаздар мен аспашамдар шайқалғанын, аулаларда тұрған адамдарды, сондай-ақ көшедегі көліктердің кептелісін көрсететін бейнежазбалар таралды. Қаладан шығатын жолдар мен жанармай бекеттерінде кептеліс болғаны хабарланды. Осыдан соң еліміздегі көпқабатты ғимараттардың сейсмикалық қауіпсіздігі жайында әңгіме қозғала бастады.
Ал көктемде Қазақстанның 10 облысында су тасқыны болып, төтенше жағдай жарияланды. Бұл су тасқыны көлемі жағынан кейінгі 80 жылдағы ең ірі табиғи апат саналды. Атырау облысының Құлсары қаласы қатты зардап шекті. Мыңдаған отбасы баспанасыз қалып, мал қырылды. Ал оқушылар қашықтан оқуға көшірілді. Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс жариялады. Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Қиын сәтте елімізге Әзербайжан, Еуропа одағы, Германия, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Сербия, Тәжікстан, Түркия, Ұлыбритания мен UNICEF ұйымы көмекке келді. Ақтөбе облысында тасқын кезінде бұзылған бөгетке қатысты мердігердің үстінен іс қозғалды. Сонымен қатар Алматыда, Ақтөбе, Қызылорда, Ұлытау облыстарында 1 млрд теңгеден астам ұрлық белгілері бойынша төрт іс қозғалды, бес адам күдікті деп танылды. Ал таяуда еріктілер қозғалысының белсендісі Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүріп жатқаны белгілі болды. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға, сондай-ақ Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілінді.
2024 жылы 26 ақпанда бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс сотқа келіп түсті. Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігі, 5-тармағы бойынша «Асқан қатыгездікпен кісі өлтіру», 110-бабы, 2-бөлігі бойынша, яғни «Азаптау» секілді екі бап бойынша айып тағылды. Сот үкімі бойынша Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Резонанс болғаны соншалық, Бас прокуратура желілерінде ашық өткен соттың онлайн трансляциясы миллиондаған қаралым жинады. Бұл іс қоғамда алаңдаушылық тудырып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің өзекті мәселелерін қайта көтерді.
4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласты. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізіліп, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды. Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Артынша Алматы облысының полиция департаментінің өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады. Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады. 12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жариялады. Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Ал 9 желтоқсанда Талғар маңында марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. 10 желтоқан кешке Қаржаубай Нұрымовты полиция ұстап әкеткені мәлім болды.
Ел арасында әлі күнге дейін талқыланып жатқан тағы бір оқиға – уақыт белдеуінің ауысуы. Естеріңізде болса, 1 наурыздан бастап Қазақстан аумағында бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуі қолданысқа енгізілді. Бұл өзгеріс елдің орталық және шығыс облыстарын, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалаларын қамтыды. Бұл бастаманы уақытты есептеу мәселелері бойынша жұмыс тобына енген қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар ұсынған болатын. Бұған дейін олар халықаралық тәжірибені зерттеген еді. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 175 елде бірыңғай уақыт белдеуі қолданылады, ал бір уақытта бірнеше уақыт белдеуі тек 22 мемлекетте ғана бар. Алайда көптеген қазақстандық бірыңғай уақытқа көшуді сынға алды, олар бұл өзгеріс қолайсыздық туғызатынын және ағзаға теріс әсер еткенін айтты. Ал қыркүйектің басында сауда және интеграция министрі Қазақстанда уақыт белдеуін алдағы жылдары өзгерту жоспарланбағанын хабарлады.
Мәдениет – ұлттың мәйегі
Бір қуантатыны, өтер жыл еліміз үшін бірқатар табыс та алып келді. Әсіресе, Қазақстанның мәдени және рухани өмірінде маңызды әрі елеулі оқиғалар болды.
Мәдениет саласында ұлу жылындағы басты жаңалықтың бірі – қазақтың дәстүрлі «Беташар» рәсімінің ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енуі болды. Бұл қазақ халқының мәдениетін әлем алдында әйгілі етіп, ұлттық салт-дәстүріміздің жаһандық деңгейде дәріптелуіне ықпал етті. Осыған дейін ЮНЕСКО-ның бұл тізіміне домбыра күйлері, қазақ күресі және киіз үй жасау дәстүрлері енгізілген болса, енді «Беташар» салты да осы қатарды толықтырды.
Ал Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде белгілі жазушы, қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған конференция өтіп, оның аясында «Менің атым Қожа» кітабының француз тіліндегі нұсқасының тұсауы кесілді. Осы жылы жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» тарихи романы «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының өмірін, Алтын орда хандығының түп негізі қаланар уақытты арқау еткен шығарма нақты деректерге сүйеніп жазылған.
Биыл танымал туындыларды қазақша сөйлеткен әлемдік студиялар қатары толықты. Disney мен Pixar студияларының қазақ тілін қолдау бастамасын Sony Pictures компаниясы жалғастырды. Осы жылы жарық көрген «Веном: Соңғы би» фантастикалық экшн туындысы қазақ тілінде отандық кинотеатрларда көрсетілді. Әлемдік үздік фильмді «Қазақ тілі» қоғамының ұсынысымен Sony Pictures өз қаражатына аударып, дубляждаған. Сондай-ақ биыл кішкентай көрермендерге арналған Disney студиясының «Муфаса. Арыстан патша» және «Моана 2» анимациялық фильмдері де қазақ тіліне аударылып, көрерменге жол тартты. Бұл қазақ тіліндегі сапалы контенттің көбеюіне үлес қосып, жас ұрпақты ана тіліне жақындату бағытындағы маңызды қадам болды.
Сонымен қатар әлемге танымал қазақ әншісі Димаш Құдайберген биыл тағы бір ірі жетістікке қол жеткізіп, Дубайда DIAFA сыйлығымен марапатталды. Ол қоғам өмірін жақсартуға қосқан үлесі мен жетістіктері үшін айырықша тұлғалар мен ұйымдарға табысталатын сыйлық. Салтанатты рәсім әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың басын қосып, олардың халықаралық аренадағы беделін көрсетеді. Сондай-ақ, Димаш «Халықтың сүйіктісі-2024» ұлттық сыйлығында төртінші рет «Жылдың ең үздік мәдениет қайраткері» атанды. Әнші туралы Францияның Planète Paix журналы 2024 жылдың 23-ші қыркүйегіндегі санында мақала жариялады. Онда мақала авторы Димаш Құдайбергенді Қазақстан атынан халқаралық деңгейде өнер көрсететін жетекші артист деп атаған.
Көптен күткен «Көшпенділер ойыны»
Елордада ұйымдастырылған 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қызыққа толы болды. 8-13 қыркүйек күндері өткен көшпенділер Олимпиадасына 90-ға жуық мемлекеттен 2 500-ден астам спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салды.
«Қазанат» ипподромының жанында бой көтерген «Көшпенділер әлемі» этноауылында өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын көпшілік ұлттық спортымызды ұлықтап, салт-дәстүрімізді дәріптеп, мәдени мұрамызды төрткүл дүниеге паш еткен бірегей оқиға ретінде тарихта қалғанын атап өтті.
Ойындарда 30-дан астам елдің спортшылары медаль иеленді. Жүлде алған мемлекеттер қатарында мұхиттың арғы жағынан келген Канада мен Мексика спортшылары да бар.
Дүбірлі дода аясында төл күресімізден өткен жарыста әлемнің 44 елінен 294 палуан бақ сынады. Бұл – қазақ күресінің дүниежүзі бойынша қарқынды дамып келе жатқанының айқын көрінісі. Жүлде алған елдер қатарында көрші мемлекеттерден бөлек, Еуропа палуандары да бар. Атап айтқанда, қазақ күресінен белдесулерде Италия, Польша, Мажарстан, Нидерланд спортшылары жүлдеге қол жеткізді.
Қазақстан құрамасының спортшыларын есепке алмағанда, биылғы ойындарға ең көп спортшыны Қырғызстан құрамасы қосты – 172 спортшы. Ойындарға қатысқан ең жас спортшы – Хамза Амангелді. Аламан бәйгеде бақ сынаған Хамза небәрі 10 жаста. Ең егде спортшы – 80 жастағы испаниялық Соледад Хименес Каррион. Ол дәстүрлі садақ ату сайысында өнер көрсетті.
Көшпенділер ойындарында көп спорт түрі жылқылардың көмегімен ойналатын болған соң, биылғы додаға жалпы саны 499 бас жылқы қатысты. Оның ішінде 100 бас Ұлттық құраманың жылқысы болса, Ойындарды ұйымдастыру дирекциясы жылқысыз келген өзге елдердің қатысушылары үшін 300 бас жылқы жалға алған. Сондай-ақ Қырғыз Республикасы – 91, Өзбекстан Республикасы – 8 бас жылқы әкелді.
Сонымен қатар жарыстарға 41 құс қатысты. Оның ішінде 9 бас ұлттық құрамаға, 8 бас Қырғызстан Республикасына тиесілі. 24 бас құсты өзге елдер үшін Құсбегілік федерациясы ұсынды.
Осылайша, алты күнгі аламанда Ұлттық құрама спортшылары 43 алтын, 32 күміс, 37 қола (жалпы 112 медаль) жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Қорыта келе…
Өткенге есеп беріп, жаңа жылға жаңаша үмітпен қарайтын ел іргесі бүтін, шаңырағы шайқалмағанын қалайды. Мемлекеттің бүтіндігі – біртұтас халықтың арман-тілегі. Сондықтан да ел ескі жылды босағадан шығарып, жаңа жылан жылынан ұлағатты істерді күтеді.
Ендеше, Алла жылан жылында еліміздегі айрандай ұйыған ұлт пен ұлыстарымыздың ынтымағы артып, береке-бірлігі бұзылмай, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруді нәсіп етсін. Өткен жылға өкпе жоқ, келген жылдан күтер көп. Баршаңызды босағадан аттағалы тұрған жылан жылымен шын жүректен құттықтаймыз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Еркін САЙЫН