Қазіргі таңда Бауыржан Момышұлының қазақ әскери әдебиетінің негізін қалаушысы екені толықтай мойындалған. Бұл мәселе Мекемтас Мырзахметұлының батыр жайлы жариялаған еңбектері мен түрлі ғылыми жиындарда жасаған баяндамаларында жан-жақты сараланып, көптің қолдауына ие болып келеді.
«Арпалыс» романы 1942 жылдан бастап жазылған дейтін болсақ, оның авторы А.Бек болып танылғанымен, романның қосалқы авторы (соавторы) Б.Момышұлы екені әдебиетші қауым бас қосып талқылаған талай отырыстарда айтылып келеді. Оған дәлел, романды талқылауға арналған кезекті отырыста әскери әдебиеттің білгірі, полковник Г.Савенок: «Всем ясно, что не Бек, а Момыш-улы автор «Волоколамского шоссе», а Бек просто записывал, переписчик», – деп көптің көкейінде жүрген түйткілді сұраққа нүкте қойғандай болады. Осындай түйінді ойларды көптеп келтіруге болар. Сонымен қатар танымал бауыржантанушы М.Кәтімхан осы мәселені жан-жақты зерделей келіп, «Арпалыс» романын жазған кім?» атты монографиялық зерттеу еңбегін жазды. Яғни Б.Момышұлы соғыстың алғашқы айларында-ақ көлемді роман жазуға мұрындық болып, қазақ әскери әдебиетіне бастайтын сара жолды көрсетіп берді деуге толық негіз бар. Онымен қоса батыр соғыстан қолы қалт еткенде уақыт тауып, қолына қалам алып, күнделік жүргізуді әдетке айналдырған. Майдан даласынан өзімен бірге алып келген отыз жеті дәптер күнделігі бейбітшілік заманда өмірге келген «Москва үшін шайқас», «Курляндия майданы», «Генерал Панфилов» және өзге де ірілі-ұсақты көркем шығарма жазу арқылы әскери әдебиеттің іргетасын бекітті. Бұл жерде біз Б.Момышұлының тек әскери әдебиеттің негізін қалаушы ғана емес, сонымен қатар оны әрі қарай дамытып, әлемдік деңгейге көтерген шебер қаламгер ретінде байқаймыз. Демек, Б.Момышұлы «Арпалыс» романын жазуда қосалқы автор болумен қатар, оның басты кейіпкері де болды. Осы арқылы ол қазақ әскери әдебиетінде тұңғыш әскери кейіпкер ретінде тарихта қалатыны сөзсіз.
Расында, Б.Момышұлы Ұлы Отан соғысының бастапқы кезінде майдандық «Знамя» журналында жарияланған алғашқы мақаладан бастап, онан кейін жалғасын тапқан «Арпалыс» («Волоколамское шоссе») романында көркем бейне ретінде қалыптасты. Жоғарыда айтылғандай, Б.Момышұлының әскери әдебиетке әрі жазушы, әрі көркем кейіпкер ретінде енуі А.Бектің «Арпалыс» романымен тікелей байланысты.
Олай деуімізге негіз бар. Бауыржантанушы М.Кәтімхан өзінің «Арпалыс» романының авторы кім?» атты зерттеу еңбегінде былай дейді: «Мен бұл мәселені мына жағдайларға байланысты айтып отырмын, «Ұшқан ұя» Б.Момышұлының балалық кезеңінен бастап, соғысқа дейінгі өмірін, ал «Арпалыс» романы оның 1941 жылдың октябрі мен 1942 жылдың қаңтар айларының арасындағы батальон командирі кезін, «Москва үшін шайқас» романында соғысқа кірген күннен бастап, «Арпалыста» қамтылған кейбір деректер мен соғыс аяқталғанға дейінгі кезеңін, «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы соғыстан бұрынғы және кейінгі кездегі деректерді беріп отыр».
Демек, А.Бек «Арпалыс» романында Москва түбінде болған соғыс оқиғасын жазу арқылы Б.Момышұлының көркем бейнесін алғаш сомдап шықты. Мұны қазақ әдебиетіндегі, қазақ көркем әдебиетіндегі тарихи оқиға деп айтуға болады. Себебі, бұрын соңды қазақ көркем әдебиетінде көзі тірі батырды күрделі романның кейіпкері ретінде сомдау болмаған еді. Бұл – тарихи факт.
Әрине, «Б.Момышұлы жайлы, оның ерлік істері туралы шығарма жаз» деп жоғары жақтан нұсқау түсті деп айтудан аулақпыз. Тіпті, кей тұстарда қазақтан шыққан батыр жайлы жаза беруге қарсылық болғанын айта кеткен жөн. Мәселен, А.Бектің «Человек без фамилии», «Панфиловцы на переднем краю» сынды мақалалар үсті-үстіне жазылып, майданда жүрген жауынгерлер мен тылдағы еңбеккерлердің қызығып оқитын шығармасына айналауына: «Уважаемый Александр… в нашей советской действительности невозможно, чтобы живой человек был литературным героем, поэтому редакция вам рекомендует вычеркнуть фамилию Бауырджана Момыш-улы из вашей повести, в противном случае продолжение книги в нашем журнале не может быть напечатано», – деп қарсы пікір айтқандар да болды. Бұл жолдардың авторы «Знамя» журналының танымал қызметкері – А.Тарасенков. Аталмыш хаттан А.Тарасенковтың қарсылығын ғана емес, сонымен қатар шовинистік пиғылын да аңғару қиынға соқпайды. Өйтпегенде ше, кеңестік әскер қатарында жүздеген қолбасшылар мен орыс ұлтынан шыққан үлкенді-кішілі командирлер жүргенде қазақ ұлтының өкілі, кіші офицер Б.Момышұлын мадақтай беру «аға ұлт» өкіліне жақпағаны анық. Алайда осындай қарсылыққа қарамастан А.Бек Б.Момышұлы жайлы жазуды тоқтатпады. Керісінше өршелене кірісіп, үсті-үстіне шағын мақалалар мен повестер жазып, аяғында оны аса күрделі романға айналдырды.
«Арпалыс» романы аяқталғаннан кейін талай әдеби кеңестің отырысында талқыланып, әскери әдебиет өкілдері мен сыншылардың бағасын алғаннан соң, Мәскеу түбінде болған соғысты тарихи тұрғыда баяндалған алғашқы көркем туынды ретінде мойындалды. Сонымен қатар Б.Момышұлы сол қан майданның әрі тірі куәгері ретінде, әрі оқиғаны баяндаушы көркем бейне ретінде әлем әдебиеті сахнасынан орын алды. Батыр Бауыржан Момышұлы өз естелігінде: «А.Бекке мен өте ризамын (хотя я являюсь фактическим соавтором). Оны А.Бектің өзі де теріс деген емес. Ол кісіге үлкен рақмет. Ол кісінің «Волоколамское шоссе» деген кітабы менің әдебиетке келудегі беташарым болды», – деп толғана жазады.
Расында, Б.Момышұлы небәрі отыз екі жасында тұтас романның бас кейіпкеріне айналды. Онан кейін де, жоғарыда көрсеткеніміздей, ондаған түрлі жанрдағы көркем туындының бас кейіпкері болып сомдалды. Алайда осындай мақтаулар мен қолпаштауларға мастанып, кеудемсоқтыққа жол бермепті. Керісінше өзін мақтаған халқының құлы болып, ұлтының жолында аянбастан еңбек етіпті. Ұлылықтың белгісі осында болар.
Темірбай МҰҚАШЕВ,
М.Х. Дулати атындағы
Тараз университетінің доценті, ф.ғ.к.