Асқарбек Сейілханов,
өңірлік ассамблея төрағасының қоғамдық орынбасары,
облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы
Этносаралық қатынастар жаңа Қазақстанның іргетасындағы маңызды да мықты кірпіш іспеттес. Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынастар – егемендік пен тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін пайда болған жаңа әлеуметтік-саяси ақиқат. Қазақстандағы этносаралық қатынастар онда тұрып жатқан барлық халықтардың қоғамдық қызметінің түрлі салаларындағы сан түрлі өзара байланыстары мен қарым-қатынастарының тізбегі. Ол біртұтас органикалық жүйе ретінде қызмет атқаратын құнды тәжрибе көрсетіп отыр.
Кез келген ел өзінің тағдыр-талайында біртұтас бола білудің жауапкершілігін көрсеткен кезеңі ондағы ұлттар мен ұлыстардың үлкен жауапкершілігін көрсетсе керек. Біздің бақытымыз да сол – Қазақстан аз уақыттың ішінде әлемдік қоғамдастықтың алдыңғы қатарлы көшіне қосылды.
Этносаралық қатынастардың басты тақырыбының маңыздылығы – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Біз ұлтына және сеніміне қарамастан, әрбір қазақстандыққа салт-дәстүр, мәдениет пен дінді таңдауға ерік беретін еркін әрі ерікті қоғамның негіздерін нығайтуға тиіспіз».
Қазақстанның ұлттық саясаты барлық этностардың экономикалық және кешенді дамуын, бейбітшілік пен келісімді, этностар арасындағы достық пен бірлікті, өзара көмекті ескере отырып дамуда. Халықтар достығы – қазақ халқының көңілінің дархандығы, кеңдігі, пейілінің молдығы арқасында этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісі этностардың татулығына арқау болып отыр.
Осы тұста Қазақстан халқы Ассамблеясының рөліне тоқталған жөн. Аталған этносаралық келісімнің тұрақтылығына ҚХА-ның үлесі зор. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларындағы Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты айтқан өте ауқымды бастамалары мен ұсыныстары, маңызды тапсырмалары дәлел. Бұл бастамалар мен тапсырмалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертуге зор ықпал етті.
Тәуелсіздік жылдарында небір қиындықтан аман-есен өтіп, сын-қатердің бәрін еңсере келе осы күнге жеттік. Енді елімізді түбегейлі жаңғырту жолындамыз. Бұл кезең алмағайып уақытқа тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі халықаралық ахуал Қазақстанға да әсер ететіні анық. Бірақ, заман қаншалықты күрделі болса да, біз тура бағытымыз бен бағдарымыздан айнымадық. Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басып келеміз. Осы жолда жұртымызға, ең әуелі ауызбіршілік керек. Ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет. Біз әр шешімді мұқият саралап, әр істі байыппен жасауға тиіспіз.
Тәуелсіздік күні мерекеміздің қарсаңында айтарым – отаншылдық рухы жоғары ел қалайда көздеген мақсатына жетеді. Біздің мұратымыз – Әділетті Қазақстанды қалыптастыру болса, Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған кезекті бір Жолдауында: «Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз. Әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеміз. Мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз. Мемлекет әр азаматтың үніне құлақ асады. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады. Мен жаңа Қазақстанның осындай ел болғанын қалаймын!» – деп баса айтқан болатын. Осы мақсатқа жету үшін әрбір адам және бүкіл қоғам, ұлттық құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс. Ол үшін бізден жоғары жауапкершілікті, елімізге және бір-бірімізге деген жанашырлықты талап етеді. Сондықтан бір кісідей бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, Тәуелсіз Қазақстанды осынау бейбіт қалпында сақтап қалуға атсалысып жүрейік, отандастар! Біз халықтың қолдауымен баға жетпес тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз.