Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Желтоқсан, 86» бір күн ғана бас сұғатын орталық па?

0 222

Желтоқсан айы жеткенде жанымыз жаурап, жүрегіміздің жылайтыны жасырын емес. Кеңестік кезеңнің құрсауында ғұмыр кешкен қазақтың жаужүрек перзенттері 1986 жылы қытымыр қыстың алғашқы айында алаңнан табылды.

Алматыда болған бас көтерудің басты себебі Қазақстанның сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнынан алынып, билікке Колбиннің келуі еді.«Әр халыққа – өз көсемі», «Ешқандай ұлтқа артықшылық берілмесін!» деп ұрандаған жастардың үнімен дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасы қазақтың сан ғасыр бойғы еркін, азат ел болуға ұмтылған ұлы күресінің шешуші сәті десек те болады.
Тарих толқынында қайсар ұл-қыздарымыздың ерлігін ұлықтау, келешек ұрпаққа дәріптеу мақсатында шаһар төрінде 2018 жылдың қазан айында «Желтоқсан, 86» орталығы ашылған болатын. Аталған ғимарат жұмысын бастағанда әулиеаталық ағайын айырықша қуанған еді. Себебі мұндай орталық Қазақстан бойынша жалғыз Жамбыл облысында ғана бар.
Сол уақытта ғимараттың бөлмелерімен таныстыратын гид маман да белгіленген. Ол кезде бұл ғимарат облыстық тарихи-өлкетану музейінің қарамағына уақытша берілген болатын. Мекемеде жүректі езгілеген сол оқиғадан ақпар беретін түрлі деректер, тарихи фотолар, желтоқсаншылардан алынған жәдігерлер, құжаттар мен хаттар, кітаптар жиналған еді. Сонымен қатар сол уақытта орталықта Халық қаһарманы, Семей түрмесінде белгісіз жағдайда ажал құшқан жерлесіміз Қайрат Рысқұлбековтің өзі қолданған заттары, киімдері, мектеп формасы, абақтыдан үйіне жолдаған хаттарының көшірмесі орналастырылған. Бөлмеге бас сұққан әрбір адам бұл жерден Қайраттың рухын, болмысын терең сезініп, жазықсыз құрбан болған, маңдайға сыймай кеткен перзентіміздің ерен ерлігіне бас иіп, сонау сұрапыл шаққа сапар шегетін еді…Желтоқсан қарлығаштарына арналған ғимараттың алдына қаһарманымыз Қайрат Рысқұлбековтың еңселі ескерткіші бой көтерген.
Желтоқсан айы туғанда тағдырлы тарихымызға бойлап, аруақтардың рухына тағзым ету үшін осы орталыққа арнайы ат басын бұрған едік. «Желтоқсан, 86» орталығына жақындағанымда тас мүсінге тіл бітіп: «Мен алаңға Қонаевты да, басқаны да қорғауға емес, қазақ қыздарын шашынан сүйреп, ұрып жатыр деген соң бардым», – деген жалынды, рухты сөзін айтып келе жатқандай айбатты көрінеді. Ескерткіштен имене өтіп, орталыққа бас сұқанымызда сол жылдары Алматы сәулет және құрылыс институтына оқуға барып, аязды күндері алаңда болған, бүгінде жамбылдық «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Кеншінбеков ағамызды жолықтырдым. «Құлақпен естігенге емес, көзбен көргенге сен» дегендей, алаңда болған ағамызды әңгімеге тарттым.
– Желтоқсанның 16-сы күні әпкемнің үйіне келіп, қараңғы түсе №32 бағытындағы қоғамдық көлікпен кері қайттық. Бұрындары Желтоқсан көшесімен Абай даңғылына өтіп, одан жоғары көтеріліп алаң арқылы Тимирязев көшесіне көтерілетін көлік бұл жолы төмен бұрылып, Құрманғазы көшесінен өтіп тоқтады. Автобустың екі есігі ашылғаны сол еді, бір топ қазақ жігіті ішке еніп, «Ұлты қазақтар сыртқа шығыңдар!» деді. Шыны керек, ол кезде не жағдай болып жатқанын түсініп болмадық. Сол жігіттермен ілесіп, орталық алаңға келдік.
Мұнда жиналғандардың да дені – жастар. Бір кезде көпшіліктің ортасында жүрген кейуананы көзім шалды. «Айналайындар, ешқандай шу шығармаңдар! Біздің мұнда не үшін жүргенімізді Үкіметке жеткізейік…» – деді түбіт орамалы иығына ысырылған ана.
Келесі күні орыс тілі сабағына баратын қазақ тобы аудиторияда отырғанымызда алдындағы дәрісті өткен Ізтілеуова деген апай кіріп келді. Ол кісі кіре сала: «Сендерде намыс бар ма? Өздеріңдей жастар қазір алаңда жүр. Бүгін орыс тілі болмайды. Орнына мен сабақ өтуім керек. Бірақ мен бұл сабақты өтпеймін. Алаңға барыңдар!» – деді. Бұл сөз онсыз да қаны қызып отырған жастарға ұран болды…
Алаңға түске таман келдік. Сағат бестерге қарай алаңда алғашқы толқу басталды. Абай мен Желтоқсан (Мир) көшесінің қиылысында ромб тектес ескерткіш болатын. Сол ескерткіш біраз адамға трибуна болды ғой. Сол маңнан өтіп бара жатқанымызда Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз сөйлеп тұр екен. Үстінде қазақы шапан, басында бөрік, – деп ауыр күрсінген желтоқсаншы сөз арнасын орталықтың бүгінгі жай-күйіне бұрды. Оның айтуынша, бүгінде өңірде желтоқсан оқиғасына қатысты үш қоғамдық бірлестік бар екен.
– Қазір «Желтоқсан ұшқыны» атты қоғамдық бірлестігіміздің 73 мүшесі бар. Сәкен Мырзабеков пен Жеңісбек Қалмырзаев деген желтоқсаншылар –менің орынбасарларым. Ашылғанымызға бір жыл енді толады. Біз ашылған күннен тыным тауып жатқан жоқпыз. Барлық ауданда филиалдарымыз бар. Ал бұл орталық алғаш ашылған жылдары облыстық тарихи-өлкетану музейінің қарамағында болса, соңғы уақытта оның ешқандай мекеменің теңгеріміне алынбай, желтоқсаншылардың да басты мәселесіне айналған еді.
Биыл 11 сәуір күні осы орталыққа Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков келді. Үш қоғамдық бірлестік төрағасы да қатыстық. Шаһар басшысы үш қоғамдық бірлестікке қажетті бөлмелерді тең бөліп беру керегін, ол бұрыштарды желтоқсаншылар өз қаражатына әрлеп, жөндейтінін, осы ғимараттың бір жағына қалалық «Жастар ресурстық орталығының» бір бөлімін әкелетінін айтты. Жастар отыратын үлкен залға ұзын үстел, орындықтар әперуге уәде етті. Барлығына келістік.
Әкімге көп рақмет, уәдесінде тұрды. «Ауада» тұрған орталық «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-нің қарамағына алынды. Біз де қарап жатпай бөлмелерді әрлеу жұмысын бастап кеттік. Осы ғимаратта Қайрат Рысқұлбековке арналған зал бар. Сол залға Қайрат Рысқұлбековтің бауырларынан сұрап, бірнеше жәдігер әкеліп едік. Оның барлығы облыстық музейге өтіп кетіпті. Оның ішінде өзімнің шарбағымның түбінде жасырын көміліп, 32 жыл сақталып келген үш метрлік лозунг бар еді. Ол да музейге өтіп кетті, өз затымды әзірге өзім қайтарып ала алмай отырмын, – деді Т.Кеншінбеков.
Ағамыздың сөзінен кейін байқадым, расында 2018 жылы ашылғанда көзге оттай басылатын көп жәдігердің орыны ойсырап бос тұр. Тек елеусіз ғана бұрышта ату жазасын 345 күн қүткен батыр Мырзақұл Әбдіқұловтың алаңда киген киім-кешектері, ұстаған бұйымдары тұр екен.
Аты көп атала бермейтін арда азамат 1986 жылы 19 желтоқсан күні ұсталып, ешкіммен жолықтырмай, таңның атқаны, күннің батқаны білінбейтін темір қапаста жатқан ол «Мені атыңдар» деп айғайлаумен күн өткізеді. Дегенмен КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының төрағасы А.Громыконың бұйырығымен ату жазасы 20 жылға кешіктіріледі. Сотта прокурорға: «Мен ұлтымның ары мен намысы, қазақ қызының абыройын қорғадым, егер ондай жағдай қайталанса тағы да өлтірер едім», – деп қасқайып сөйлеген қайсар қазақ баласының суретіне қарап ұзақ тұрдым.
Арадағы үнсіздікті Талғат мырзаның: «Бізді желтоқсан айында ғана іздейді. Бізге желтоқсан оқиғасы тек 16 желтоқсан күні ғана айтылып, басқа кезде үнсіз қалғаны ұнамайды», – деген ренішті сөзі бұзды.
– Тіпті, желтоқсан оқиғасының ақпараттары әлі толық ашылған жоқ. Толық зерттелген жоқ. Сол жағы да жанымызға батады. Оқиға екі күн ғана болды деп жүр. Желтоқсан батыры деп айтылып жүрген үш-төрт кісі ғана емес қой. Солардың барлығы түгел анықталатын уақыт жетті. Мәселен, Қайрат Рысқұлбековтің батырлығына дауымыз жоқ. Сол кезде тағы осы фотодағы Мырзақұл Әбдіқұлов ерекше ерлік көрсетті. Ату жазасына кесілгердердің ішінде тірі қалғаны әрі бүгінде ортамызда аман жүргені – осы ағамыз. Оған «Халық қаһарманы» атағы берілген жоқ, – деп кейіді Алматының аязында алаңда үш күн болып, ақыры оқудан шығып қалған ағамыз.
Біз әңгіме тиегін ағытып тұрғанда Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығынның» бөлімі көшіп келіп, жүктерін түсіріп жатты. Орайы келген сәтте аталған орталықтың директоры Абзал Есіркеповпен де сөйлестік.
– Жастар – еліміздің ертеңі, біз шаһардағы жастармен тығыз жұмыс істейтін болғандықтан, бұл орталыққа бас сұғатын жастардың қатары көбейетіні анық. Сондықтан біз алдағы күндері желтоқсаншы аға-әпкелерімізбен бірлесіп, желтоқсанға қатысты және басқа да патриоттық шараларды осы жерде өткізбекпіз, – деді Абзал Есенұлы.
Содан соң жоғарыда Талғат ағамыз сөз еткен Қайрат Рысқұлбековтің бауырларынан сұрап әкелінген жәдігер, қара жер қойнында жасырын көміліп, 32 жыл сақталып келген үш метрлік лозунг туралы білмекке облыстық тарихи-өлкетану музейіне бардық. Бұл жайлы музей директоры Сейітжан Ілиястың айтар уәжі бар екен.
– Әуелгі ашылған кезінде «Желтоқсан, 86» орталығы уақытша біздің қарамағымызда болды. Біз ол жерге арнайы маман бекіттік. Ол кезде жұмысы жақсы жүрді. Ал маған аталған жәдігерлерді Қайрат Рысқұлбековтің туған әпкесі өзі естелік ретінде сеніп тапсырды. Біз заңдылығымен тіркеп, қабылдап алдық. Енді ол зат – осы музейдің мүлкі. Оны еш жаққа бере алмаймыз. Лозунг іздегендер бұрын қайда қалды? Енді бәрі кеш. Ол заттар біздің музейде желтоқсан оқиғасына арналған бұрышта тұр. Ешқашан жоғалмайды, сақталады, – дейді ол.
Күніге бас сұға бермейтін болған соң музейді араладық. Тасын түртсең тарихы төгілетін Тараз топырағының, сонау сақ, ғұн, түрік қағанаты, бертінгі өңір өркениетінен сыр шертетін, сонымен бірге Әулиеатада туып, әлемге танылған тұлғаларымызға арналған жәдігерлердің қатарында Қайрат Рысқұлбеков ағамызға арналған бұрышы бар екен. Аталған музейдің бас қор сақтаушысы Айша Бегалиева: «Желтоқсан, 86» орталығы басқа мекемеге өтеді деген соң бұл жәдігерлер біздің музейге әкелінді. Бұл жерде талай танымал тұлғалардың тұтынған бұйымдары қойылған. Жалпы орталықтан келген жәдігерлер туралы айтатын болсам, бұл жерде тек батыр Қайрат Рысқұлбековтің заттары ғана тұр. Жалпы бізге келген әртүрлі жәдігерлерді өз заңдылығымен тіркейміз. Мемлекет меншігіне өткен жәдігерлер ешқашан жоғалмайды, оларға біз жауаптымыз. Орталықтан келген өзге заттар да бізде тұр. Оларды мемлекеттік есепке алған жоқпыз, тіркемедік. Сондықтан желтоқсаншылар бізге келіп ол заттарды алып кетуіне болады», – дейді Айша Ибадуллақызы.
Жылдар бойы киесі болса да иесі болмаған «Желтоқсан, 86» орталығы «Жасыл ел-Тараздың» қарамағына өткенін жамбылдық желтоқсаншылар қуана қабылдапты. Орталықтың барлық коммуналдық төлемдері – аталған серіктестіктің еншісінде. Жалынды жастар мен алаңда болған желтоқсан қарлығаштары жұмысты жандандырса, орталықтың есігі жыл он екі ай ашық тұрады деп сенеміз. Желтоқсан оқиғасының ұлт тарихындағы орны онсыз да лайықты бағасын ала алмай отырған шақта мұнда келушілердің саны артатыны қуантады.
Ұлу жылын да жақында ұзатып саламыз. Жылқы аунап тұрғанша 2026 жылы желтоқсан оқиғасына 40 жыл толады екен. Талғат Кеншінбеков ағамызбен әңгіменің сірге жиярында ол жалпы желтоқсаншылардың атынан тәуелсіздікке ұмтылған қазақ жастарының азаттық жолындағы күресіне «ұлт-азаттық көтеріліс» деген лайықты баға берілсе деген арман-тілегін жеткізді. Ол күнде алыс емес шығар…

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.