Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, тілегіміз – татулық

0 241

Мубарак Жинақбаева,
Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы, Достық үйінің директоры

Тәуелсіздік – болашақ ұрпаққа берілген зор бақыт, халқымыздың мәңгілік құндылығы. 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңы қабылданды. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Отыз жылдан астам уақыт ішінде елдің әл-ауқаты көтеріліп, төл мәдениетіміз бен тағлымы мол тарихымызды, мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар атқарылды. Елімізде білім, ғылым, мәдениет, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде. Жаңарған мемлекет тарихындағы жаңа дәуір дәл осы тәуелсіздіктен бастау алады.

Қазақ халқының егемендікке ұмтылған қадамы сәтімен жүзеге асты. Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Тәуелсіздік табалдырығында тұрған осы жан тебірентер сәтте қазақ елінің еркіндігі, бостандығы жолында бас тіккен азаматтардың, солардың қатарында бұл күнге жете алмай, туған Қазақстанның егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етіп, еске алуды парыз санаймыз.
Тәуелсіздік бәрімізге зор міндеттер артты. Еңселі ел болудың игіліктері мен әлеуетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да – өз қолымызда. Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге этнос өкілдеріне де молынан жетеді. Тек қандай да бір игілікті іс бастамастан бұрын ақылға жүгініп, арзан ұранға ермей, ұшпа сезімге жол бермей, нық қадаммен алға жүрсек, еш адаспаймыз және елдің бірлігі мен ынтымағы, татулығы мен келісімі де мықты болмақ. Әсіресе, жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе – болашағымыз жарқын деген сөз.
Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін дербес мемлекет ретінде халықаралық аренаға шыққаны баршамызға белгілі. 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ құрамына кірді. Сонымен қоса Халықаралық валюта қорына, Халықаралық реконструкция және даму банкіне, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық даму қоғамдастығының, инвестицияға кепілдік беретін көпжақты агенттіктің, инвестициялық таластарды шешу жөніндегі халықаралық орталықтың, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мүшесі де болды.
Осыдан отыз үш жыл бұрын «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданғаннан кейін халқымыз өз мемлекеттігін, шынайы тарихы мен мәдениетін қайта түлетуге жігерлене құлшыныспен кірісті. Елдің ішкі және сыртқы саясатын, жаңа, демократиялық қоғам құру ұстанымдарын дербес айқындап алды. Әлеуметтік-экономикалақ күйреу мен дағдарысты бастан кешірген Қазақ мемлекеті өркендеуде өз жолын таба біліп, өркениетке өз үлесін қоса бастады.
Қуатты саяси, экономикалық, әлеуметтік және демократиялық қайта құрулар көп ғасырлық тарихымыздың қойнауында өткен заманның ешбір кезеңінде болмаған мүлде жаңа үрдіс, тың құбылыс жағдайында дамып, жарқын болашаққа айқара жол ашты. Біз саяси тұрақтылықты сақтап қана қоймай, сонымен бірге оны нығайта түсуге және өзіміздің қазақстандық этносаралық келісім үлгісін жасауға қол жеткіздік. Мемлекетіміздің ұлттық стратегиясы 1986 жылдан бастап этносаралық және конфессияаралық қоғам құрудың тиімді жолын қалыптастырды. Біздің республика этносаралық жанжалдарды қазір де, болашақта да болдырмауға болатынын бүкіл әлемге сенімді түрде дәлелдеді. Содан бері этносаралық түсіністіктің қазақстандық моделі қалыптасып, нәтижелі жұмыс істеп келеді. Бұл – үлкен экономикалық қиындықтар мен әлеуметтік проблемаларға өтудің кезіндегі кедергілерге қарамастан адамдар арасындағы бір-біріне деген сенімнің болғандығының жарқын көрінісі.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап республиканың саяси басшылығы өз азаматтарының құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге айрықша назар аударды. Еліміздің Конституциясында адамды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, нәсіліне, діни көзқарасына байланысты ешқандай кемсітуге болмайтындағы анық айтылған.
Мемлекетіміздегі аса өзекті әрі басты мәселеміздің бірі болып саналатын тіл саясатын тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап байыптылық таныта жүргізіп келе жатырмыз. Дегенмен, бүкіл Қазақстан халқы қазақ тілінің осы мемлекеттің негізгі қолданыс тілі екенін саналы түрде түйсіне білуі керек. Себебі, бұл тіл осы мемлекеттен басқа ешбір елде дами алмайды, бұл тілдің басқа Отаны жоқ. Саясатымызда мемлекеттік тілге алдағы уақытта да басымдылық тоқтамайды. Қазақстанды өз Отаным деп есептейтін әрбір азамат ұлттық тілді білуге міндетті деп санаймын. Тіпті, қазақстандық патриотизм бізді осыған жетелеуі қажет.
Қазақстан Республикасындағы ұлт саясатының бағдарламасы саяси тұрақтылықтың кепілі болып қала бермек. Барлық қазақстандықтың теңдігін қамтамасыз ету үшін әділетті принцип пен этносаралық татулық санасын қалыптастыру өте маңызды. Қазақстанда бірінші қазақ халқының түпкілікті ұлттық мүдделері дұрыс шешілгенде ғана этностар мен этностық топтардың дамуына жол салынатыны белгілі. Күні бүгінге дейін әрбір азамат «Қазақстан – менің Отаным, менің елім» деген ұранның маңайына топтасуы керек деп келеміз.
Тәуелсіз даму кезеңінде этносаралық келісімді сақтау мен нығайтудың өз елімізге ғана тән үлгісі қалыптасты. Осы тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясының ерекше рөлі туралы айтпай кетуге болмайды. Ол шын мәнінде 33 жылдан бері өзінің басты міндеті – этносаралық қатынастарды үйлестіру үшін барлық этностық топтардың мүддесін сәйкестендіретін қызметті жүзеге асырып келе жатқан құрылым саналады. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының беделі айтарлықтай жоғарылап, конституциялық ұйымға айналды. Парламентке өз өкілін жіберуге мүмкіндік алды. Сондықтан этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісі халықаралық қоғамдастықтың тарапынан жоғары бағаланатыны таңғаларлық нәрсе емес. Бұған қоса, негізгі деректер мен дәйектердің арқасында еліміздің этносаралық және дінаралық келісім тәжірбиесі болғаны да баршаңызға аян. Халқымыздың толеранттылығы мен даналығына негізделген салмақты мемлекеттік саясаттың нәтижесінде бізге өткен жылдар бедеріндегі қандай да бір қиындықтарға қарамастан, елімізде этносаралық келісімді сақтауға мүмкіндік берді. Бұл біздің маңызды стратегиялық ресурсымыз боп шешіліп тұрақтанды. Тек осы бірлік пен тұрақтылық жағдайында ғана келешек дамуымызға қатысты кең ауқымды міндеттер қоя аламыз.
Болашақта еліміз әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарынан орын алу үшін барлық қоғамдық ресурстарды топтастыру мен жұмылдыруға тура келеді. Бай-қуатты Қазақстан идеясы ел кеңістігіндегі ішкі ұлттық ынтымақтастықпен тиімді біртұтас рухани, мәдени, экономикалық және саяси жүйенің желісін айқындап, олардың қалыптасуына оң ықпалын тигізері сөзсіз.
Тағы бір айта кететін жағдай – табысты жүргізілген сыртқы саясаттағы жетістіктердің арқасында Қазақстан Республикасы БҰҰ, ЮНЕСКО секілді беделді халықаралық ұйымдардың салмақты мүшесіне айналып қана қоймай, мемлекетаралық қарым-қатынастарда да еліміздің мәртебесін көтеретін саяси оқиғаларға, тарихи кезеңдерге де бастамашы болды. Мұндай тарихи маңызы зор оқиға еліміздің халықаралық деңгейдегі беделінің арқасында келгенін және қазақ дипломатиясының сыртқы саясаттағы табысты еңбегінің нәтижесі деп білеміз.
Өсіп-өркендеген және қуатты Қазақ елі Мемлекет басшысы бастаған жаңғырулардың мақсаты мен мазмұны болады. Еліміздің нығайып, халықаралық беделінің өскенін көрген әрбір қазақстандықтың кеудесінде мақтаныш сезімі пайда болады. Қазір біз іргелі, тәуелсіз ел, демократиялық дәстүрді берік ұстанған қуатты мемлекет болдық.
Тарихты дәріптеп отырған тұлғалар тағлымы өскелең ұрпақтың ұлт мүддесіне қызмет етуіне жол ашып қана қоймай, әлемдік өркениеттің дамуына да ықпал етеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан халқы ынтымақтасып, жалпыұлттық, қазақстандық бірегейлік, этносаралық бірлікті нығайтуға, рухани-мәдени жаңғыруға қол жеткізілді. Қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз Республикамыз Кеңестік саясаттан мұра болып қалған көптеген өткір де өзекті мәселелердің шешімін тауып, саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларға да ірі реформалар жүргізді. Қазіргі идеологиямыз бен сындарлы саясатымыздың арқасында Қазақстанның полиэтносты халқының жұлдызы жоғары болатынына толық сенімдеміз.
Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз, осыны мәңгі есте сақтағанымыз абзал.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.