Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлы далада ұлық ұлыс құрған күннің жалғасы..

0 233

Айгүл Кабиева,
Тараз өңірлік универсиетінің профессоры,
Жамбыл облыстық «Әулие-Ата» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары,
өңірлік ҚХА мүшесі

16 желтоқсан Тәуелсіздік күні – адамзат тарихы үшін қас-қағым ғана сәт болғанымен, қамал бұзар жасқа енді жеткен тәуелсіз Қазақстанның дербес мемлекет болып қалыптасуы үшін үлкен белес, асқаралы асу. Мұндай игілікке тек рухы күшті, бірлігі бекем, болмысы көркем жұрт қана қол жеткізе алады. Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды.

Дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дархан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттай білді. Тамырын да, тарихын да, күш-қуатын да Ұлы даладан алатын, көптеген этнос өкілдері татулық пен келісімде, береке-бірлікте бірге өмір сүріп жатқан  дәл осындай елдің ұлы мен қызы болу – түсіне, түйсіне білген әр қазақстандықтың маңдайына жазылған шексіз бақыт!

Адамзат тарихындағы ең айтулы оқиғаларға толы ғасырлар тоғысында елімізді басқару маған үлкен сеніммен қатар зор жауапкершілік жүктеді. Еліміздің терең тарихынан хабары бар әрбір ересек адам ерлік пен елдікті ту еткен, жасампаздықты жалау еткен халқымыздың отыз үш жылдық маңызды мерекесі қарсаңында болашақ ұрпаққа тәуелсіздіктен тағылым болу үшін осындай сөздерімізді қалдырып отырамыз.  Тәуелсіздіктің мән-мағынасы туралы түрлі ғылым өкілдері өзінше тұжырым жасайтыны анық. Бірақ бір нәрсе ақиқат, ол – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы.

Тәуелсіздікке барар қиын жолдардағы сансыз көп шайқастар мен көтерілістерде қаншама қаһарман бабаларымыз қаза болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің парызымыз. Тәуелсіздікке Біз сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткіздік.

Тәуелсіз еліміздің жастары азаттыққа барар жолдың қандай азапты болғанын, қандай құрбандықтар мен сынақтар –  ұлт-азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдарындағы жаппай қоныс аударудың зардабы арқылы жеткенімізді білуі керек. Абай атамыз айтқандай, «ақырын жүріп, анық басқанның»  арқасында көп салалар мен бағыттар бойынша өзгелерден оза білдік.

Көпэтносты Қазақстан халқының қандай да бір жетістіктерге қол жеткізуін неге тәуелсіздіктің арқасы деп айтамыз?!  Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Алдын ала ойластырумен, зор ұйымдастырушылықпен, қапысыз дайындықпен жүзеге асты. Ендеше, мұның бәрін біз, сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп айтады екенбіз.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біз береке-бірлікке, ынтымаққа, этносаралық татулық пен дінаралық келісімге негізделген саясатты жүзеге асырдық. Бұл елімізді үздіксіз өсу мен өркендеуге бастады. Осының қадірін білуіміз керек.  «Бірлігі бар ел озады», – дейді дана халқымыз.

Ынтымағы жарасқан елдің табысы тасып, абыройы асады. Берекесі қашқан елдің қуаты кеміп, құты қашады. Отыз жылдан астам уақыт ішінде біздің ауыз толтырып айтар табыстарымыз да аз емес.

Тәуелсіздік жариялаған соң жүйелі саяси реформаны қолға алдық. Осыдан отыз үш жыл бұрын бүгінгі барлық жетістіктерімізге берік заңнамалық іргетас болып қаланған Ата заңымыз – жаңа Конституциямызды қабылдадық. Бүкіл халық болып талқылаған бұл құжат ел даналығы мен ынтымағының, береке-бірліктің іргетасына айналды.

Сол үшін де болар, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері тағдыр талайымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған миллионнан астам қандастарымыз да атамекенге көше бастады. Бұл айтар ауызға ғана оңай. Жер бетінде халқының саны миллионға жетпейтін қаншама мемлекет бар. Біз осыншама қандастарымызды шет елдерден алдырып қана қоймай, басына – баспана, өзіне – жұмыс, ұрпағына білім беру керекпіз. Бұл игі іс әлі де жалғасын таба береді. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасында ғана мүмкін болғанын ұмытпауымыз керек.

Тәуелсіздік те зор бақыт, ол да бағалаған адам мен аялаған қоғамның қолына ғана тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігін көзіміз көріп, көңіліміз түйіп жүр.

Ендеше, Ұлы далада ұлық ұлыс құрған күннің жалғасы – Тәуелсіздік күні  құтты болсын, қазақстандықтар! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.