Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ербол Қарашөкеев жамбылдықтарды облыстың 85 жылдығымен құттықтады

0 78

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев аймақ тұрғындарын облыстың құрылғанына 85 жыл толуымен құттықтады. Өзекжарды тілегін өңір басшысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Құрметті жамбылдықтар!

Биыл облысымыздың құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осынау мерейлі датамен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
Жамбыл жері — ертеректе Ұлы Жібек жолы торабында ірі сауда орталығы болған, ал бүгінгі күні Республикамызда өзіндік келбеті мен тарихи орны бар құт мекен.
Қазақ хандығының алғаш қазығы қағылып, тарихтың темірқазығына айналған, тұғыры баянды болашақпен, ғұмыры ғазиз тарихпен біте қайнасып жатқан қасиетті Әулиеата өңірі күннен күнге әлеуеті артып, дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Әсіресе, тәуелсіздік жылдары еліміздің өзге өңірлері секілді облысымыз да көптеген оң өзгерістерге қол жеткізе білді.
Жамбыл облысы өнеркәсіпте де, ауыл шарушылығында да әлеуетке ие өңірлердің бірі. Кейінгі уақытта аймақта қаншама игілікті іс атқарылып, сан-салалы серпілістің алтын бесігіне айналуда.
Бүгінде басқа облыстармен, көрші мемлекеттермен, алыс-жақын шет елмен достық қарым-қатынас орнатып, мәдени-гуманитарлық, сауда-саттық байланысын нығайтып келеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ТМД елдерінің кеңесінде «Достастық жәрмеңкесін» Таразда өткізуді ұсынуы бекер емес деп есептейміз.
Бұл қасиетті Жамбыл өңірінің шетелмен байланысын одан әрі арттыра түсетініне еш күмәнім жоқ.

Құрметті жерлестер!

Халқымызда «Тойдың тамашасын бақпа, тағылымын ал» деген жақсы сөз бар. Бұл мерейтой тек мерекелік іс-шаралармен шектелмей, өткенді саралап, болашақты бағамдауға мүмкіндік беретін сәт.
Баршаңызды мерейтоймен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!
Еліміз өркендеп, облысымыз көркейе берсін! – делінген жазбада.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.