Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баспанамен қамту шаралары жалғасуда

0 762

«Өз үйім – өлең төсегім» дейді халқымыз. Бақыт шамы маңдайына бұйырған баспаналы азаматтардың қатары бүгінде Жамбыл облысында да көбейіп келеді. Тараз қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы Нұрбек Молдағазының айтуынша, қалада бүгінгі күні пәтер кезегінде 21286 адам тұр екен. Оның ішінде 1987-і кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.

Сонымен қатар, 3913 көпбалалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», І және ІІ дәрежедегі «Ана даңқы» медалімен марапатталған отбасылар да тіркелген. Әлеуметтік жағынан қорғалатын топтарға жататын азаматтардың саны 8940-ы құраса, мемлекеттік қызметшілер, өзге де бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілер – 6446-ы азамат.

– Мемлекеттік қордан пәтер алуға өтініш бергендердің тізімін, кезектің жылжуын «ZhilFondTaraz» мобилдік қосымшасы және Тараз қаласы әкімдігінің ресми сайтынан көруге болады. Ал санат бойынша мемлекеттік қордан берілген пәтерлер санына тоқталар болсақ, ата-анасынан айырылған жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған 73 бала 2022 жылы, 14 бала 2023 жылы, 13 бала биыл мемлекет тарапынан пәтермен қамтылды. Ал көпбалалы отбасыларға тоқталсақ, 2022 жылы 34, 2023 жылы 3 отбасы баспаналы болса, биылғы алты айда 10 отбасы баспанамен қамтылған. Жалпы, пәтер кезегінде тұрған барлық санаттағы азаматтарды есептегенде 2022 жылы 384, ал 2023 жылы 68 пәтер кілті тапсырылса, биыл 68 азамат пәтерлі болды, – дейді Нұрбек Мақұлбекұлы.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфроқұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына» сәйкес кезек тізіміне тіркелген әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу аясында республикалық және облыстық бюджеттік өтінім ұсыну бойынша екінші нарықтан пәтер сатып алу қарастырылған. Жоба аясында 108 пәтер пайдалануға беріліп, кезек тізіміне тіркелген азаматтарға ретімен бөлу жұмысы аяқталып, таратылған. Оның ішінде 13 көпбалалы отбасы бар.

Бас маманның айтуынша, жоспар бойынша 200 пәтер беру көзделген. Бүгінгі күні қалған 92 пәтерді бөлімнің теңгеріміне қабылдау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Тіркеу жұмыстары аяқталған соң тұрғын үй мәселесі бойынша 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңымен бекітілген талапқа сай мемлекеттік қордан пәтер алу кезек тізіміне тіркелген азаматтарға бөлу жұмыстарын жүргізілетін болады. 2022 жылдың соңында пайдалануға берілу жоспарланған 60 пәтерден тұратын 4 көпқабатты тұрғын үй құрылысының аяқталмауына орай, пайдалануға берілмеген. Ол нысан аяқталған жағдайда жыл соңына дейін 240 пәтер кезек тізіміне тіркелген азаматтарға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, биыл 669 пәтер сатып алу көзделсе, оның 162-сі мемлекеттік бюджет, ал 507-сін «Самұрық-Қазына» қоры қаражаты есебінен сатып алу жоспарланған.

– Біздің мекеме өз құзыреті шеңберінде, «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою және мемлекеттік пәтерлерді бөлу» мемлекеттік қызмет түрін жүзеге асырады. Бүгінгі күнде мемлекеттік қордан пәтер алу кезек тізіміне 22209 азамат тіркеліп тұр. Оның І және ІІ топтағы мүгедектігі бары 2047 азамат, ал мүгедек бала асырап отырғаны 1005 отбасы. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет талабына сай 2023 жылы І және ІІ топ мүгедектерінен 246 өтініш түсті, оның 165-і тұрғын үй алу кезек тізіміне тіркелсе, 2024 жылы осы топ мүгедектерінен 128 өтініш түсіп, оның 87-і тізімге тіркелді. Сондай-ақ, 2023 жылы мемлекеттік қордан пайдалануға 68 пәтер беріліп, оның 13 пәтері І және ІІ топ мүгедектеріне, 1 пәтер мүгедек бала асыраушы отбасына, ал 2024 жылы 108 пәтер пайдалануға ұсынылса, оның 7 пәтері І,ІІ топтағы мүгедек азаматтарға, 3 пәтері мүгедек бала асыраушы отбасыларға бөлінді, – дейді Нұрбек Мақұлбекұлы.

Жамбыл облысының әкімдігі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.