Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазына қаржысы тиімді жұмсалуы қажет

0 403

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте келелі мәселелер көтерілді. Айталық, әуелі қала әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Абылайхан Умирбаев Тараз қаласы бюджетінің орындалуы туралы баяндады. Оның айтуы бойынша, 2024 жылдың 1 қарашасына өзіндік кірістер 101,7 пайыз, есепті кезеңге жоспар 37 097,7 млн. теңге болса, оның орындалуы 37 717,3 млн. теңге немесе 619,7 млн. теңгеге артық орындалған. Алайда, бюджеттің шығыс бөлігінің игерілуі 78 976,6 млн. теңгені құрап, 9 004,3 млн. теңгенің игерілмеуі қалыптасқан.

Осыған орай шаһар басшысы қазына қаржысының әрбір тиынын тиімді жұмсау қажеттігін еске салды.

– Бюджеттегі әр теңгенің сұрауы бар. Сондықтан оны шашау шығармай тиімді жұмсауға тиіспіз. Бұл тұрғыда сала басшыларына зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бақылау күшейсе ғана қазына қаржысы жүйелі жұмсалатынын естен шығармаған абзал, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.

Бұдан бөлек жиын барысында мемлекеттік сатып алу жұмыстарының жүзеге асуы, қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендірілуге арналған орталығы ғимаратының жай-күйі, жылыту маусымының өтуі, күрделі жөндеу жұмыстары және құрылысы жүріп жатқан білім нысандары, өнеркәсіп және инвестициялық жобалар, көппәтерлі тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, шағын футбол алаңшаларының салынуы секілді мәселелер де назардан тыс қалмады.

Қала әкімі өз кезегінде әрбір мәселеге мұқият мән беріп, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.