Қалалық қоғамдық-саяси газет

Су мамандарына сұраныс жоғары

0 314

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында су үнемдейтін технологияларды енгізу аса маңызды және шұғыл міндет екеніне тоқталып, еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан еш кем емес екенін еске салған болатын.

Жолдаудан туындаған міндеттерді орындау мақсатында әрі тіршілік нәрінің тапшылығын болдырмау үшін Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етіп, су шаруашылығы мамандарын даярлау қажеттілігі туындаған еді.
Тарихқа көз жүгіртсек, су саласының мамандары 1947 жылдан бастап 1963 жылға дейін Алматы қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының «Гидромелиорация» факультетінде даярланып келген. Кейіннен, 1962 жылы аталған оқу ордасының негізінде Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты ашылды. Ал 1963 жылы Қазақ химия-технологиялық институты филиалының негізінде Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты құрылды. 1996 жылы Жамбыл педагогикалық институты негізінде Жамбыл университеті құрылды. 1997 жылы Жамбыл университетіне көрнекті ғалым Мұхаммед Хайдар Дулати есімі берілді. Содан кейін ғана 1998 жылы Жамбыл университеті, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты және Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты бірігуі арқылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті болып өзгерді.
Аймақта су саласы мамандықтары бұған дейін Тараз өңірлік университетінің құрамында оқытылып келді. Ұзақ уақыт бойы пайдаланылып келген техникалық база уақыт өте келе ескірген. Сол себепті жаңа ұжым құрылғылардың 90 пайызын жаңартуды жоспарлаған. Ағымдағы жылдың сәуір айында Ғылым мен техника жөніндегі Ұлттық кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев гидромелиоративтік-құрылыс институтын қажетті материалдық-техникалық жабдықтарымен қамтамасыз ете отырып, қалпына келтіруді тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында Үкімет «М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Осылайша Дулати университеті «М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы («ТарУ» КЕАҚ) және «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып екіге бөлінді.
Бұдан былай арнайы оқу орны су шаруашылығы және ирригация жүйесі үшін жоғары білікті кадрларды тұрақты түрде даярлайды. Университетте қазіргі заманғы техникалық оқыту құралдарымен, мультимедиалық жабдықтармен, іске асырылатын білім беру бағдарламаларына, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен ережелерге сәйкес келетін қазіргі заманғы жабдықтармен, оқу және арнайы ғылыми-зерттеу стендтерімен жабдықталған ғылыми зертханалар және аудитория жұмыс істейді. Сонымен қатар суару техникасының полигоны бар.
Аталған оқу ошағы «Гидротехникалық мелиорация», «Гидроэнергетика», «Су шаруашылығының экономикасы», «Су шаруашылығы механизациясы» қатарлы мамандықтар бойынша жоғары білікті мамандар даярлайды. Сонымен бірге институт ғалымдары Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстанның жетекші ғалымдарымен бірлесіп, Арал бассейнінде суды ұтымды пайдалану және су және жер ресурстарын қорғау бағытындағы көптеген бағдарламаларды әзірлеуге қатысады.
Су саласының мамандарын даярлау барысында оқу жоспарында көзделген толық көлемде оқу-ғылыми зертханаларының қажетті кешені бар. Атап айтқанда, гидравлика және гидротехникалық құрылыстар бойынша мамандандырылған зертханалар, суармалы техниканың оқу полигоны, ауыл шаруашылығы мелиорациясы, мелиоративтік топырақтану, егіншілік және өсімдік шаруашылығы және гидромелиорациялық жүйелерді салу технологиясы зертханалары жұмыс істейді. Әрі университет баллансында 6.1, 6.2 оқу корпусы, 6.3 «Жастар сарайы», «0» корпус, әскери кафедра, «Ғылым үйі» және №2 жатахана қатарлы нысандар бар.
Сонымен бірге оқу ордасының құрамындағы 9 кафедрада бар. Олардың ішінде бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша 53 білім беру бағдарламасы бағыттарымен даярланады. Атап айтқанда, бакалавриат – 30, магистратура – 18, докторантура – 5 бағыт.
Бүгінгі таңда су саласы бағыттары бойынша барлық курстарда 2 239 студент білім алуда. Олардың ішінде бакалариат бойынша 1-курсқа 729 студент қабылданса, оның 427-сі грант, ал 302-сі шаруашылық есеппен оқуда. Сондай-ақ су саласы бойынша 1-курсқа 171 студент қабылданды. Оның 109-ы грант, ал 62 шаруашылық есеппен түскендер. Сонымен қатар 1 және 2 жылдық магистратурада 76 магистрант, докторантураның 5 білім беру бағдарламасы бойынша 24 докторант оқиды.
Жоғарыда атап өткен бакалавриатта білім алатын студенттер «Су ресурстары және суды пайдалану», «Сумен жабдықтау және су бұру», «Гидротехникалық құрылыс және су ресурстарын басқару», «Мелиорация және суармалы егіншілік» бағыттары бойынша білім алса, магистратура бойынша «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар», «Су ресурстарын басқару», «Елді мекендерді сумен қамтамасыз ету және суды бұру», «Гидротехникалық мелиорация», «Мелиорация және суармалы егіншілік» қатарлы бағыттарда білімін жетілдіруде. Ал докторантура бойынша «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар», «Сумен қамтамасыз ету және суды бұру», «Гидротехникалық мелиорация», «Мелиорация және суармалы егіншілік» қатарлы білім беру бағыты бойынша даярланады.
Сонымен қатар бітіруші түлектерге де тиісінше жағдай жасалған. Университетте студенттерді өндірістік кәсіпорындардың көмегімен жұмыспен қамту қарастырылған. Бұл дегеніміз – әрбір бітіруші түлектің алдында өз мамандығы бойынша жұмыс таба отырып, болашақта өзін-өзі қамтамасыз ете алу мүмкіндігі жоғары деген сөз. Түлектердің жұмысқа орналасу мәселесін қарастыру нәтижесінде жыл сайын бос орындар жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер жас мамандарды бос орындар және қазіргі еңбек нарығында қажетті мамандарға қойылатын талаптар мен жұмысқа қабылдау ережелерімен таныстырады. Өндірістік тәжірибелер әр бағытына сай кафедраларда жетекші мекемелермен жасалған келісімшарт негізінде және мекемелердегі кафедралардың филиалдарында жүргізіледі.
Қазіргі таңда су саласының мамандарына сұраныс өте жоғары. Өндіріс сұраныстарын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық университет облысымызбен қатар, республикамыздың барлық өңірлерін сапалы мамандармен қамтамасыз етеді деген сенімдеміз.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.