Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда қоқыс алаңдары жаңартылуда

0 54

Бүгінде тұрғын үйлер аумағындағы қоқыс тастау орындары үлкен мәселеге айналғаны жасырын емес. Әсіресе, ауа райының құбылмалы күндері контейнерлердегі қоқыстар жан-жаққа шашылып, жұртшылыққа қолайсыздық тудыратын. Кейбір тұрғындардың құрылыс қалдықтарын бейберекет лақтыра салуы да аталған мәселені одан сайын күрделендіре түседі.

Тараз қаласының аумағын аралау барысында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев осыған баса назар аударып, нақты тапсырма жүктеген болатын. Соған байланысты қала әкімдігі тарапынан арнайы пилоттық жоба қолға алынды.
Аталмыш жоба аясында мердігер «Құрылыс-2015» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, қоқыс алаңдарын бетон блоктармен қоршау жұмыстары басталды. Айталық, қазіргі таңда Ұлбике ақын көшесі, №115, «Қаратау» (2) шағынауданы, №44, «Алатау» (8) шағынауданы, №1, 2 және Төле би, №48 мекенжайындағы қоқыс алаңдары толығымен жаңартылса, «Аса» (10) шағынауданы, №15, 15 «Б», 16, 17, 24 тұрғын үйлер маңындағы алаңдар бірер күнде аяқталады. Қазіргі таңда мұнда алаңдардың айналасын асфальттау секілді бірлі-жарым жұмыстар ғана қалған. Осылайша, биыл жалпы саны 20 қоқыс алаңын жаңғырту жоспарлануда.
Қазір шаһардағы 328 қоқыс алаңында 1 540 контейнер орналасқан. Егер пилоттық жоба жыл аяғына дейін өз тиімділігін көрсетсе, келер жылы тағы 200 қоқыс алаңын жаңалап, бюджет есебінен қосымша 1 000-нан аса контейнер сатып алу көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде қала тазалығын сақтап қана қоймай, қоқыс салатын жәшіктерді көбейтіп, оны таситын көліктердің емін-еркін қатынауына да мүмкіндік береді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.