Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құтқару қызметінің қиындығы мол

0 52

Құтқарушы – әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі. Олардың міндеттері сан қырлы әрі жоғары дайындықты талап етеді. Аталған мамандық иелері өз өмірлеріне төнген қауіп-қатерге қарамастан, кәсіби қызметін асқан сүйіспеншілікпен атқарады. Олар үшін қауіп-қатер екінші орынға ысырылып қала беретіні сондықтан болса керек.

1995 жылдың 19 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елімізде төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. Қазіргі уақытта халықты төтенше жағдайлардан, түрлі сипаттағы апаттардан, өрттерден және зілзалалардан қорғау мақсатымен елімізде Төтенше жағдайлар министрлігі жұмыс атқаруда. Түрлі кәсіп иелері секілді республиканың жалпы өңірлерін және оның нысандарын табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғауды қамтамасыз ететін мемлекеттік жүйе қызметкерлері де 19 қазанда өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Биыл тәуелсіз Қазақстанның Төтенше жағдайлар қызметінің құрылғанына 29 жыл толды.
Сонымен қатар Құтқарушылар күніне орай өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қалалық бөлімшелерінде Тараз қаласы ТЖБ қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ашық есік күндері өткізілуде. Аталған шара барысында оқушыларды және Жас құтқарушылар клубының мүшелерін авариялық-құтқару техникалары, жабдықтары және құралдарымен танысуда. Сондай-ақ қонақтардың назарына тарихи экспонаттар мен Жамбыл облысы аумағындағы жалпы құтқару қызметінің құрылу тарихы жөнінде тарихи ақпараттар ұсынылады.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде балалар арасында шығармашылық байқау ұйымдастырылып өткізілді. Сонымен қатар өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жергілікті БАҚ өкілдеріне өздерінің кәсіби қызметтері туралы толық деңгейде сұхбаттар берілді. Ал әлеуметтік желілерде қаза тапқан қызметкерлерді еске алуға бағытталған бейнероликтер мен өзге де мақалалар жарыққа шығуда.
2024 жылдың басынан бері облыстық құтқарушылар 3 743 хабарлама бойынша әрекет етті. Оның ішінде 633 өрт оқиғасы және 297 авариялық құтқару жұмыстары бар. Нәтижесінде, 117 адам құтқарылып, 558 адам төтенше жағдай орнынан эвакуацияланды.
Осыған орай, Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасы сіздерден тұрмыстағы өрт қауіпсіз ережелерін мұқият сақтауға және жылыту маусымы кезінде абай болуларыңызды сұранады. Төтенше жағдай орын алған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласу қажет.

Данияр КЕЛІС,
Тараз қалалық төтенше жағдайлар
басқармасының офицері,
азаматтық қорғаныс капитаны

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.