Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа жоба, тың тәсіл

0 45

ХХІ ғасырда қарқынды жүріп жатқан ақпараттандыру процесі бүгінде әлемдік деңгейде өз ауқымын кеңейтті. Әрине, ақпараттар ағыны қарша бораған жаңа ғасырда еліміздегі жоғары оқу орындарының коллаборативті цифрлы білім беру ортасын құру арқылы инновациялық ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу өзекті мәселеге айналып отыр. Себебі ғылымның дамуы бәсекелестіктің кепілі болмақ.

Қазір ақпараттандыру процесі білім беру жүйесін де қамтып, болашақ педагогтарды кәсіби тұрғыдан даярлауды жаңа мазмұнда қарастыруды талап етіп отыр. Яғни жаңа Қазақстанда педагогикалық білім беру жүйесін модернизациялау, келешек ұстаздардың цифрлы-креативті құзыреттілігін қалыптастыру қажеттілігі туындауда.
Жалпы болашақ педагогтың цифрлық құзыреттілігі тұлғаның креативті ойлау қабілеті, әдіснамалық рефлексия, жаңалыққа деген талпынысы, инновациялық технологияларды шығармашылықпен пайдалану, оқу-тәрбие процесін жетілдіру мақсатындағы ұдайы ізденістері, педагогикалық инновацияларды өз іс-тәжірибесінде жүйелі пайдалану, ақпаратты өз бетінше іздеп, таба алуы, алынған мәліметті өңдей алуы, жинақтауы, сұрыптауы секілді шығармашылық іс-әрекеттерінен көрініс табады.
Осы мақсатпен жуырда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық гранттық қаржыландыру» конкурсында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің атынан жобамды ұсынған едім. Аталған байқауда АР19680242 – «Қазақстан Республикасында педагогикалық білім беру жүйесін жаңғырту аясында жоғары оқу орындарының коллаборативті цифрлы білім беру ортасын құру» атты ғылыми жобам үздік деп танылып, құны 65 138 956 теңге болатын грантқа қол жеткіздім.
Ғылыми жобаның мақсаты – жаңа жағдайдағы Қазақстанда инновациялық ғылыми-зерттеулер жасай алатын, цифрлы-креативті құзыреттіліктері қалыптасқан, жаһандық бәсекеге қабілетті болашақ педагогтарды дайындау үшін педагогикалық білім беру жүйесін жаңғырту аясында қазақстандық жоғары оқу орындарының өзара ықпалдастығы негізінде коллаборативті цифрлы білім беру ортасын қалыптастыру.
Жоба шеңберінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты арасында коллаборативті педагогикалық консорциум құрылып, бірыңғай ортақ бірлескен желілік-әдістемелік байланыс орнатылды.
Цифрлы коллаборативті педагогикалық консорциум – педагогикалық білім алуда және кәсіби біліктілікті арттыруда барлық цифрлы білім беру ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз ететін интеллектуалды инновациялық виртуалды білім беру ұйымы. Ал академиялық көшбасшылық бағдарламасы негізделетін ұйымдық платформа консорциумдарға жатады. Сондай-ақ жоба аясында педагогикалық консорциум құру білім және ғылым саласындағы мемлекеттік міндеттердің жалпыұлттық мақсаттарына қол жеткізудің ең тиімді құралдарының бірі ретінде қарастырылды.
Консорциумдарды құрудың негізгі мақсаты – бірнеше ұйымның ресурстары мен құзыреттерін біріктіруді талап ететін ауқымды жобаларды жүзеге асыру.
Сонымен қатар жоба шеңберінде қазақстандық ЖОО-ның зияткерлік ресурстарын бір арнаға шоғырландыру және белді ғалымдар, әдіскерлер бірлесе цифрлы оқыту контенттерін сапалы дайындауға күш біріктірді. Осылайша консорциумдарды құру негізінде коллаборативті ортаны қалыптастыруға кеңінен жол ашылды.
Бүгінде білім сапасын арттыру үшін болашақ педагогтардың цифрлы құзыреттілігін қалыптастыру мәселесі де алға шығуда. Білім беруді цифрландырудағы басты мақсат ғаламдық бәсекелестікті арттыру, адамзаттың өмір сүру сапасын көтеру, оқыту сапасын жақсарту, білім алушылардың оқу жүктемесін азайту, цифрлық білім беру контентін жасақтау, педагогикалық ынтымақтастық негізінде коллаборативті цифрлы білім беру ортасын құру екені белгілі.
Тағы бір айта кетерлігі, ғылыми жоба арқасында Қазақстан Республикасында педагогикалық білім беру жүйесін жаңғырту мақсатымен жоғары оқу орындарының коллаборативті цифрлы білім беретін зерттеу ортасын қалыптастырудың инновациялық-ақпараттық банк қоры жасақталып, жаңа https://edu-collaboration.kz/ қазақстандық педагогикалық білім беру порталы іске қосылды. Аталған порталдың мақсаты – болашақ педагогтардың өзінің кәсіби қызметіне жүйелі көзқарасын қалыптастыру, олардың өздігінен білім алуға дайындығын жетілдіру, цифрлық технологияларды оқу-тәрбие процесіне тиімді қолдана алуын қамтамасыз ету, танымдық белсенділіктерін және ақпараттық, шығармашылық құзыреттіліктерін дамыту, цифрлы-креативті құзыреттіліктерін қалыптастыру.
Білім беру порталының бас мәзірі «Біз туралы», «Жоба туралы», «Байланыс», «Жаңалықтар» атты 4 блоктан тұрады. Осы ретте жаңадан ашылған педагогикалық білім беру порталының бірқатар ерекшелігін атап өткен жөн.
Біріншіден, бұл өзара толықтырушы қатынастарды қалыптастыру негізінде қазақстандық ЖОО-ның зияткерлік ресурстарын бір арнаға шоғырландырып, пәндердің цифрлы оқыту контенттерін сапалы дайындауға, сапалы әзірленген пәннің цифрлы оқу контенттерін ортақ пайдалануға жол ашылды.
Екіншіден, қазақстандық ЖОО-ның инновациялық педагогикалық тәжірибелерін үйрену, зерттеу, пайдалану және насихаттауға жағдай туғызды. Осының арқасында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті және І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің белді ғалымдары бірлесе даярлаған «Цифрлы білім беру ортасындағы педагогтың қызметі» және «Цифрлы педагог» электронды оқулықтары жарық көрді.
Қазақстанда педагогикалық білім беру жүйесін жаңғырту аясында университетаралық коллаборативті цифрлы білім беру ортасын қалыптастыру бойынша отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері зерделеніп, алынған нәтижелер сұрыпталды. Сондай-ақ педагогикалық білім беру бойынша консорциумге енген жоғары оқу орындарының белгілі ғалымдарының бірлесіп, өзара ынтымақтастықта коллаборативті жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде, пәндердің цифрлық оқыту контенті жасалып, инновациялық-ақпараттық банк қоры жасақталды. Ең бастысы, отандық жоғары оқу орындары арасында инновациялық ынтымақтастық байланыс орнап, білім сапасы артты, білімнің базалық және деректердің банкілік мәліметтеріне, тұтынушы – сервер, мультимедиа, компьютерді оқып-үйренуші жүйелерге, цифрлы оқыту ресурстарына, оқу пәндерінің цифрлы контенттерін еркін пайдалануға мүмкіндік туды. Осы арқылы оқу-әдістемелік және электрондық оқулықтарға, оқу-әдістемелік материалдарға, компьютерлік бағдарламаларға еркін кіруге мүмкіндік ашылды. Бұдан бөлек, жоба шеңберінде консорциумға біріккен ЖОО ғалымдарының авторлық бірлестікте дайындаған ғылыми еңбектердің онлайн-тұсаукесері, бірлескен онлайн және офлайн семинарлар, конференциялар мен форумдар, мектептерде әдістемелік семинарлар, вебинарлар, коучинг сессиялары ұйымдастырылды. Сондай-ақ пәннің цифрлық оқу контенттерін дайындау бойынша әрбір жоғары оқу орнының қосқан үлес салмағы анықталып, сапасы бағаланды және оқу процесінде тиімді пайдаланып жатқан цифрлық платформалардың ерекшеліктері зерделенді.
Жоғарыда айтылғандай, елімізде цифрлы технологияның қыр-сырын толық меңгерген, өзінің жеке инновациялық ақпараттық педагогикалық банк қоры, цифрлы контенті және инновациялық медиатекасы бар, білім алушының шығармашылық, креативтік, интеллектуалдық қабілетін дамыту үшін инновациялық ғылыми-зерттеушілік жұмыс істеп, инновациялық технологиялық іс-әрекетті жүзеге асыра алатын цифрлы құзыреттілігі қалыптасқан мамандар даярлауды жүзеге асыру аса өзекті болып отыр. Біз дайындаған ғылыми жоба осындай қомақты жетістіктерімен цифрлы педагогтарды даярлауда айтарлықтай үлес қосып келеді.

Клара БУЗАУБАКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, жоба жетекшісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.