Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жас ғалымның жаһандық жобасы

0 258

Кез келген экологиялық мәселе дер кезінде шешімін таппаса, ертең-ақ халықты әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тығырыққа тірейтіні даусыз. Оған жер-жаһанда да, өз елімізде де мысалдар жетерлік. Мәселен, қалдық су проблемасы оңтүстік өңір тұрғындарын ұдайы толғандырады. Оны жамбылдық әлеумет те талай рет көтерген болатын. Жуырда аталған мәселені ғылыми тұрғыдан шешуге қадам жасалғанын естіп қуанып қалдық. Бұл істі қолына алған жамбылдық ғалымның жаһандық жобасынан біршама ел үміт күтіп отыр.

Жамбылдықтар өндіріс орындарынан шығатын зиянды заттардың зардабын шегіп отырғаны белгілі. Бір жағынан, химия өнеркәсібі өркендеген өңір болған соң, мұндай мәселенің болуы заңдылық та секілді. Ал облыстағы қалдық суды биологиялық тазартудан өткізу кезек күттірмейтін мәселе екені рас. Оның зардабын тартып отырған Тараз қаласы маңындағы ауылдардың тұрғындары жанайқайын жайып салудан бас тартқан емес. Алдыңғы жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Химия және химиялық технология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Маржан Қалмаханованың «Қазақстандағы қалалық тазарту құрылыстарының ағынды суларындағы қауіп тудыратын ластаушы заттарды анықтау және тазарту» тақырыбындағы жобасы байқау нәтижесі бойынша үздік деп танылғанда, үміт оты тұтанғандай көрінген. Жамбылдық ғалым ұсынған жоба мамандар тарапынан жоғары бағаға ие болып, 38 мың АҚШ доллары көлемінде грант ұтып алған-ды. Енді осы қаражат жоба аясындағы жұмыстарға жан бітіру мақсатында жұмсалмақ. Ол қазір жобаны өндіріске енгізу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– Тараз халқы тұрмыстық жағдайда қолданатын су қалдығының бәрі Жамбыл ауданындағы Аса ауылының сыртындағы алқапқа құйылады. Шайынды су талай жылдан бері өңірдің экологиялық проблемасына айналғаны белгілі. Оның қоршаған ортаға зиян келтіріп отырғанын тұрғындар да біледі. Көктем шыға ауыл маңына бара қалсаңыз, қолқаны қабатын иіске шыдау мүмкін емес. Жалпы қалдық су бірнеше сүзгіден өтіп, залалсыздандырылған соң жерге сіңуі керек. Табиғаттағы судың айналымы үздіксіз жүретін үдеріс екені белгілі. Тұрмыстық немесе өндірістік жағдайда пайдаланған су болса да, ол қайта жерге сіңеді. Оның белгілі бір бөлігі күн энергиясының әсерінен буға айналса да, жаңбыр, қарға айналып, қайта жерге түседі. Ал қалдық сумен бірге ағып шыққан зиянды заттар топырақта қалады. Шайынды су құйылатын сүзу алаңының маңында егістік алқаптары бар. Тура соған жақын жерге көктемде пияз егеді. Енді мәселенің қандай масштабты қамтып отырғанын ойлай беріңіз. Жүргізіп жатқан зерттеулер, қолға алған жоба толықтай аяқталғанда, осы проблеманы шешудің жолын ұсынамыз, – дейді ғалым.
М.Қалмаханованың айтуынша, жоба қатардағы көп бастаманың бірі емес. Өйткені бұл мәселені төрт бірдей оқу орнының ғалымдары жұдырықтай жұмылып зерделеп жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, АҚШ-тағы Небраска, Португалиядағы Браганса политехникалық университеттері мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық және Тараз өңірлік университетінің ғалымдары бірлесіп іске кіріскен халықаралық жобаның халыққа пайдасы көп болмақ.
Атап өтерлік жайт, әр университет ғалымдары қолға алған жұмыстардың өз сатылары бар. Мәселен, жамбылдық ғалым өткен жылы АҚШ-қа аялдап, мұхиттың арғы бетінде зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ол кезде Аса ауылынан және Алматы қаласынан апарған судың құрамындағы заттарға айрықша назар аударылған.
– Сынамаға Алматы және Жамбыл облысындағы қалдық суларды алып отырмыз. Шайынды сулар ағып баратын тұндырғыш тоғандарға арнайы позис – полиорганикалық қондырғыны үш мәрте жіберіп, судың құрамындағы заттарды анықтадық. Алған нәтижені АҚШ-қа жібердік. Ол жақтан тиісті нәтижелер келді. Көңіл көншітерліктей емес. Қалалық тазарту құрылыстарының ағынды сулары сүзгіден өткенде тек 30 пайызы ғана тазаланып шығады екен. Ал шайынды су құрамындағы зиянды заттар залалсыздандырылмаған күйі жерге сіңіп жатыр. Оны біз қайта тұтынып отырмыз. Қалдық суларды сүзу алаңдарындағы проблеманың қандай деңгейде екені анықталды. Ендігі мақсат – соларға дұрыс фильтр жасау. Ол мембрана фильтрі деп аталады. Мұндай сүзгілер тек полимер заттардан жасалады. Ал полимерлер өте қымбат. Сондықтан оған өзіміз жасаған органикалық адсорбенттерді араластырып көрмекпіз. Табиғи заттарды пайдаланамыз. Бірнеше тәжірибеден кейін мақта, қарақұмық, өрік сүйегінің қабығынан алынған белсендірілген көміртектер жақсы нәтиже бергенін көрдік, – дейді М.Қалмаханова.
Ғалымның пікіріне ден қойсақ, бүгінде антибиотиктер сатып алып, адсорбент катализатор жасау жұмыстары қолға алынған. Арада аз уақыт өткенде, оны тәжірибе жүзінде зерделеп көрмек. Жақсы нәтиже көрсеткеннен кейін фильтрдің ішіне салатын мембрана жасауды қолға алмақ ниеті бар.
– Біз бірінші кезекте мембрана фильтрінің пайдасын ғылыми тұрғыда дәлелдеуіміз керек. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нақтырақ айтсақ, халықаралық жобаның бірінші кезеңінде тәжірибелік зерттеулер арқылы ғылыми дәйектемелердің тиімділігін көрсетуіміз қажет. Содан кейін оған патент алып, өндіріске енгізу үшін осы бағытта жүргізілетін қаржылық конкурстарға ұсынамыз. Осы кезеңдерден өткеннен кейін оны тұндырғыш алаңдарға қоя аламыз. Бұл жоба 2022-2024 жылдарға арналған. Алғашқы қағаз жүзіндегі теориялық дәлелдемелер жасаған жоба бойынша есеп бердік. Тиісті ресімдеу жұмыстарын атқардық. Ендігі міндет – тәжірибелер, зерттеулер жүргізу. Қаржыландыру жағынан мәселе жоқ. Жоспарда екі жұмыс сапары белгіленген, бірі – Португалияға, екіншісі – Чехияға, – дейді жамбылдық ғалым.
М.Қалмаханова бакалавриатты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқыса, магистратура мен докторантураны М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде тәмамдапты. Маржан осы оқу орнында білім алып жүрген шақта алғаш рет химиядан диссертациялық кеңес құрылған. Ол өзінің докторлық жұмысын ағылшын тілінде жазып шыққан.
Ғалым АҚШ-тың Небраска университетінің грантын ұтып алған кезде де өзі еңбек ететін оқу ордасын ұмытпаған.
– Ең алғаш АҚШ-тың Небраска университетінің грантын ұтып алған болатынмын. Қаржы көлемі – 38 мың АҚШ доллары. Мерзімі 10 айға белгіленген еді. Бұл жоба біздің университетке зор пайдасын тигізді. Осы грант арқылы зертхана құрылғыларын алдық, АҚШ-қа барып зерттеулер жүргізуге мүмкіндік туды. Бұл жобаға студенттерді де тарттық. Олар, әрине, тек тәжірибелік жұмыстарға ғана қатысты. Есесіне, біздің топ бірнеше айға Еуразия ұлттық университетіне арнайы курсқа жолдама алды, оның қаржылық шығынын түгелдей Небраска университеті төледі. Жоба аяқталғанда белсенді студенттерге бір реттік стипендия берілді, – дейді ғалым.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.