Тараз қалалық мәслихатының бір топ депутаттары облыс орталығындағы әлеуметтік нысандарды аралап, алдағы қысқа әзірлікті зерделеді.
Арайлым Шабденова
Суреттерді түсірген Юрий ЕФИМОВ
«Қала объектілерін жылу беру маусымына дайындау барысы туралы» мәселені сессияда қарауға әзірлеу мақсатында құрылған уақытша комиссия төрағасы Жұмабек Бөлекбаев бастаған, құрамындағы қалалық мәслихат депутаттары Эльмира Мырза-Ғали, Нариман Мәуленов, Талғат Мананов пен Марат Смаилов нысандардың дайындығымен танысты. Халық қалаулылары алдымен Исатай батыр көшесіндегі «Таразэнергоорталық» АҚ-ның РК-4 қазандығына барды. Шаһардың басым бөлігін жылумен қамтамасыз етіп отырған мекеме толығымен қыстың қамын жазда сайлап қойыпты.
– Біз қысқа толықтай дайынбыз. Жаз айларында жүргізілген күрделі жөндеудің арқасында қазандықтарды толығымен іске қосуға болады. Сондай-ақ басты қазандық құрылғылары да ауыстырылып, су жүретін 58 пакет жаңартылды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 20 пакетті құраған болса, биыл 80 пайыз ауыстырылды. Қазандықта ауысым бойынша 52 адам қызмет атқарады. Жартылай автоматтандырылған қазандықтың басым бөлігі көгілдір отынмен жанады. Магистральдық жолдарда авариялық жағдай туындаған жағдайда мазутты қолданамыз. Мазуттың көлемі де қыстан шығуға толық жетеді, – деді аудандық қазандық басшысы Еркін Бейсенбеков.
Сонымен қатар комиссия мүшелері «Жамбыл-Жылу» МКК-нің РК-1 қазандығының жұмысымен де танысты. Мұнда 4 қазандық бар. Оның екеуі жұмыс істеп тұрған болса, біреуі қосалқы, енді бірі ауыстырылуда екен. Бірақ мекеме өзіне қарасты үш мөлтек аудан мен 3 мектепке және он шақты орта және шағын бизнес орындарына жылу беруді 10 қыркүйектен бастаймыз деп отыр.
Қысқы маусымда қала ішіндегі жолдарды күтіп ұстау үшін қажетті инертті материалдарды сақтап, тұз, құм сеуіп, қар тазалайтын «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі де қысқа сақадай-сай.
– Серіктестің техника базасын нығайту мақсатында облыстан бөлінген 509 млн теңгеге жаңа 21 бірлік арнайы техника алынды. Жылда бұл мәселе шешімін таппай жүрген еді. Бүгінде жұмысшы қолы да жеткілікті. Жалпы мекеме қысқа әзір, – дейді «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС директорының орынбасары Нұрғалым Райымбеков.
Сондай-ақ байқағанымыздай, техникалардың барлығы әлі де ашық аспан астында тұр. Ол дегеніміз – жауын-шашын мен күн көзі тиген кез келген техниканың жарамдық мерзімі ұзаққа шыдамайтыны. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Дегенмен мұнда 50 куб тұз бен 1000 куб құм уақтылы жеткізіліпті. Алдағы айларда қосымша 700 тонна тұз жеткізіледі екен.
Қыс айларында «Қаратау» мөлтек ауданында орналасқан №37 «Б» жатақханасының тұрғындары биыл да жылусыз қаламыз ба деп алаңдаулы. Тоқсан пәтерлі үйде 180-270 адам тұрады. Бұл жатақхана ПИК-ке қарамайды. Мұнда шатырдан су ағып, жертөле түгел ескірген. Соның салдарынан әр қыс сайын жылу көрмейтін тұрғындар өткен жылы депутаттардан көмек сұраған. Бұл орайда, №25 сайлау округінің депутаты Нариман Мәуленов қажетті құрылыс материалдарын толық жеткізіп бергендігін айтады. Дейтұрғанмен ала жаз бойы құрылыс тек 2 подъезде ғана жүргізіліпті. Қалған біреуінде құрылыс әлі басталмаған да. Мұндай мәселе «Талас» мөлтек ауданы, №18 үйде де бар. Жертөле суға толып, шатырдан су кетіп, тұрғындардың шамына тиген мәселені қысқа дейін шешіп берсе дейді. Бұл – 1975 жылдан бері тұрған ескі үй. Содан бері жөндеу көрмеген көпқабатты үйдің 1-қабатында тұратын тұрғындар шыбын-шіркей мен құрттан мезі болғандарын айтады. Ай аманда жертөледе көтерілген судың кесірінен жарықсыз отыратын күндер де көп болғандығын тұрғындар баса айтты.
Сондай-ақ депутаттар Сәтбаев көшесі №16, 18 үйлерде тозығы жеткен жылу жүйесі мен жарамсыз тұрған жертөленің жайын, №50 орта мектептің шатырын өз көздерімен көріп, танысып қайтты.
Қаланың бірқатар нысандарында болған депутаттар алдағы сессияда тұрғындардың назы мен жұмысына салғырт қараған мамандарды шақырып, орын алған олқылықтардың орнын толтыруды күннің басты мәселесіне шығаратындықтарын айтып тарқасты.