Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көркем әдебиеттің көкжиегін кеңейткен Көркемжан

0 79

«Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр», – дейді ғұлама ғалым Әл-Фараби. Әрине, кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігі білімі мен ғылым деңгейімен өлшенеді. Бүгінде қазақстандық жас ғалымдар еліміздегі әрі әлемнің жетекші университеттерінде білім алып қана қоймай, жаһандық трендтерді меңгере отырып, түрлі жобаларда жетістікке жетіп отыр. Бұл – мемлекеттің жастар саясатын, білім мен ғылымды дамытуға деген қамқорлығының нәтижесі. Бұл қатарда ортасынан оза шыққан жас ғалым Көркемжан Қанат та бар.

Болашақ ғалым Көркемжан Бақытжанқызы 1998 жылы 31 тамызда, мерейлі Меркі ауданының Аспара ауылында дүниеге келген. 2016 жылы туған ауылындағы №2 «Аспара» орта мектебін үздіктер қатарында тәмамдап, сол жылдың коңыр күзінде көне шаһар төріндегі Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне «6В01700-Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына оқуға қабылданады. 2020 жылы оқу ордасын үздік дипломмен тәмамдап, сол жылы «Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру» бөліміне «7М01701-Қазақ тілі мен әдебиеті педагогтарын даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша грантқа оқуға түсті. Осылайша 2022 жылы педагогика ғылымдарының магистрі атанды.
Талапты жас университет қабырғасында озат оқуымен бірге, білім ошағындағы түрлі үйірмелер мен бірлестіктер жұмысына да белсене қатысады. Айталық, қазақ әдебиетіне жаны құмар жастарды бір арнаға тоғыстырған «Жасын» әдеби-шығармашылық бірлестігінің координаторы, «ҚСА» республикалық студенттер қозғалысының ТарМПУ бойынша төрайымы, Студенттік кәсіподақ ұйымының төраға орынбасары, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы жанынан құрылған Жас ғалымдар кеңесінің және Жас ақын және жазушылар кеңесінің мүшесі атанды. Жас ғалымның айтуынша, бүгінде елімізде емін-еркін білім алудың озық мүмкіндіктері қарастырылған.
– Мәселен, 1 қыркүйектен бастап студенттер, магистранттар мен докторанттарға берілетін шәкіртақы мөлшері өсті. Магистранттар мен докторанттарға стипендия 15 пайызға ұлғайтылды. Мұны ғылыммен айналысуға Үкіметтің қосқан үлесі һәм қамқорлығы деуге негіз бар. Бұл жол бір қарағанда қиын, енді бір қарағанда түсініксіз болуы әбден мүмкін. Бірақ біздің қоғам «көзілдірігі бар, жасы егде адамдарды ғана ғылыммен айналысады» деген түсініктен арылуға тиіс. Ғылымды жастар таңдауы керек, ғылыммен ғарышқа ұшу мүмкіндігі жастарда да бар. Менің жағдайымда ата-анамның қолдауы мен тәртібі, мектеп мұғалімдерімнің ғылыми жобаларды жазып үйренуге баулуы, университет оқытушыларының ғылымның болмысымен етене жақын таныстыруы, ортамның үздіксіз дамуға, бәсекеге қабілетті болуға деген ықпалы – бәрі бір-бірімен қабысып жатты. Сондықтан Мемлекет басшысы жиі ескеретін ғылыми әлеуетке біз де бір кісідей атсалысуға жұмылуымыз қажет, – дейді Көркемжан Бақытжанқызы ағынан жарылып.
Жалпы бәріміз білетіндей, білім – ақыл мен парасаттың белгісі болған асыл қазына. Білім нәрімен сусындаған адамзат рухани тұрғыда көптеген жетістікке қол жеткізеді әрі жаңашылдық ашуға қабілетті болады. Сондықтан да ұшқан құстай дамыған мына заманда қатардан қалып қалмау үшін күн сайын ізденіп, білімін шыңдап отыру әр тұлғаға ауадай қажет. Кейіпкеріміз Көркемжен ғылым жолында өзін шыңдау үшін қазіргі таңда академиялық білімнің үшінші сатысы – докторантурада білім алып жатыр. Нақтырақ айтқанда, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «8D01701-Қазақ тілі мен әдебиеті педагогтарын даярлау» білім беру бағдарламасының 3-курс докторанты.
– Докторантурада білім алудың өзіндік кезеңдері, ауыртпалықтары мен жауапкершіліктері баршылық. Академиялық оқу жүктемесі аяқталған соң, докторанттың қолына диплом ұстата салмайды. Диссертациялық кеңесте қорғау мүмкіндігін иелену керек. Ал бұл оңай олжа емес. Талап етілген барлық ғылыми басылымдарға мақала жарық көріп, міндетті ғылыми конференцияларда баяндама жасауың қажет. Міне, осы аталған межені көздеп, оқудың соңғы жылына қадам басып отырмын. Докторантурада оқу (PhD) өзін-өзі жүзеге асыруға, шетелдік әріптестермен әріптестік қарым-қатынас жасауға, жетекші әлемдік университеттердің ғалымдарымен тәжірибе алмасуға, біліктілікті арттыру үшін шетелдік тағылымдамаларға қатысуға, жетекші ғылыми орталықтарда ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді, – дейді маман.
Отандық ғылымның көкжиегін кеңейту мақсатында мемлекет тарапынан жасалып жатқан мол мүмкіндікті пайдаланған аруымыз Астана, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларындағы университеттерден тәжірибе қабылдаса, таяуда ғана Түркия мемлекетінің Болу қаласында орналасқан Bolu Abant Izzet Baysal University-де докторанттың міндетті ғылыми тағылымдамасынан өтіпті. Сол сапарда шетелдік ғылыми консультант болып Bolu Abant Izzet Baysal University-дің тіл және әдебиет ғылымдарының докторы, доцент Мустафа Кундакчы бекітіліпті. Тағалымдама барысында Prof. Dr. Fuat Sezgin Kütüphanesi-не (профессор Фуат Сезгин атындағы кітапхана) барып, ЖОО-ның электрондық ресурстарын меңгерсе, докторанттың ғылыми тағылымдамадан өту жоспарына сәйкес, TOMER (Türkçe Öğretimi Uygulama ve Araştırma Merkezi) – университеттің тілдерді оқыту және зерттеу орталығында түрік тілінің курсын Судан, Иран, Франция, Колумбия, Африкадан келген білім алушылармен бірге дәрістерге қатысып, мұнымен қоса, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде іссапарда болып, тәжірибе жинақтап, ғалымдармен пікір алмасып, зерттеу жұмысына қатысты сыни талдаулармен жұмыс істеуге машықтаныпты. Нәтижесінде, министр Саясат Нұрбектің Алғыс хатын иеленіпті.
– Былтырғы оқу жылында ғылыми тәжірибені Торғай топырағында өтіп, дала мектебінің негізін қалаған Ы.Алтынсарин есімімен аталатын Арқалық педагогикалық институтында болғанымды мақтана айтамын. Сол аралықта қолданбалы ғылымдар техникалық университетінің профессоры (TH Wildau, Германия), физика-математика ғылымдарының докторы Петер Эндерспен ашық ойлар алаңын өткізіп, екеуара ғылыми-зерттеу жұмыстары турасында сұхбаттасу өткіздік. Индонезиядағы Суматра аралында орналасқан Пеканбару қаласынан техникалық және кәсіптік білім беру саласының докторы Мұхаммед Лютфи Хамзамен (Dr. Muhammad Luthfi Hamzah) жасанды интеллект бойынша пікір алмастық. Nigde Ömer Halisdemir University-дің қос профессоры Hikmet Koraş және Ekiz Mehmet-пен ойлар алаңында тәжірибе алмастым, – дейді К.Қанат.
Ағымдағы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өткен болатын. Кезекті отырыста ғылымдағы қордаланған мәселелер, қауіп-қатерлер мен мүмкін болған шешімдер, таяу жылдардағы міндеттер мен елдің еңсеруі тиіс белестері егжей-тегжейлі баяндалып, цифрлық дәуір талаптарына сәйкес, жасанды интеллектіні жедел дамыту қажеттілігіне басымдық берілген еді. Кейіпкеріміз Көркемжанның ғылыми-зерттеу жұмысымның нысанасы дәл осы тақырыпқа ойысып отырғаны анық. Дәлірек айтқанда, әдебиетті жоғары мектепте оқытудың (университетте) инновациялық технологияларын қарастырып келеді. Оның айтуынша, оқыту әдістемесі – біздің елімізде кенжелеп дамып келе жатқан арна, әдебиетте теория өте көп. Бірақ дәуір талабына сай оқыту әдістемесі көңіл көншіте қоймайды.
– «Сәтті таңдалған зерттеу тақырыбы ғылыми жұмыстың жарты пайызын жазумен тең» деген отандық ғылыми жетекшімнің тұжырымы менің зерттеу тақырыбыма селқос қарауыма жол бермеді. Оқытудың тәжірибелік аспектілері мен ғылыми жетекшімнің бағыт-бағдарын ескере келе, тек отандық емес, әлемдік өзектілікке ие тақырыпты таңдадым. Осы жерде астын сызып, баса атап өткім келіп тұр. 2016 жылы университетке оқуға қабылданған уақытымнан бастап, менің ғылыми дүниетанымымның кеңеюіне септігін тигізген жан, ұстаз – «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынай Абдықадырова. Сол кісінің жетекшілігімен өңірлік, республикалық, халықаралық ғылыми байқауларға қатысып, нәтижелі көрсеткіштермен жеңіс қоржынымызды толтырудамыз,– дейді Көркемжан Бақытжанқызы.
Осылайша ғылымға еркін қанат қаққан жас ғалым бүгінге дейін 15-ке жуық ғылыми мақаланың, 3 авторлық куәліктің, 1 оқу-әдістемелік құралдың авторы. Сондай-ақ шежіре кітабының техникалық редакторы ретінде жұмыс жүргізеді. Ғалымның пікірінше, жаратылыстану бағытында жалпы халыққа ортақ есеп шығарудың, тапсырма шешудің бұлтартпас формуласы бар. Ал ұлттың рухани мұрасы саналатын әдебиетте жалпыхалыққа ортақ формула жоқ. Себебі әдебиет ұлттық болуымен ерекшеленеді. Ал енді «Сол әдебиетті, ондағы көркем шығарманы талдау барысында қандай формула қолдануымыз керек?» деген логикалық сұрақ келеді. Міне, осы сұрақтың өзектілігін ескерген маман бала оқыту, әсіресе төл әдебиетімізді оқытуда қандай формуланы қолдану керектігін жетекшілерімен бірге біз докторлық диссертациясының арқауы етіп алдық. Бүгінгі күні республиканың бірқатар өңірінде әдебиетті оқытуға арналған әдістемелік жаңашылдықтары сынамадан өтіп, педагогтардың назарын өзіне аударып келеді. Әсіресе әдебиетте «Көркем шығарманы талдаудың техникалық үлгісі» көп ішінде қолдау тауып келеді екен.
– Жеке авторлық әдістемелік құқықты иеленген 3 ғылыми туындымыз бар. Олар: 2021 жылы «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласына негіз болған ұлттық, рухани құндылықтарымызды жаңартылған білім мазмұнына сай, озық инновациялық үлгіде ұсыну мақсатында дайындалған «7QYR» мобильді қосымшасы, 2022 жылы Бауыржан Момышұлы туралы ғылыми еңбектер мен зерттеулерді, автор шығармашылығын, көркем шығармаларын талдаудың үлгісін құрастырып, жаһандық мегатенденциялардың негізінде озық инновациялық үлгіде цифрландыру мақсатында әзірленген «Бауыржан Момышұлы шығармаларын оқытудың әдіс-тәсілдері мен технологиялары» веб-сайты, 2024 жылы «Қазақ шешендік сөздерінің поэтикасы» атты ғылыми еңбегіміз, – дейді жас ғалым.
Данышпан Абай атамыз: «Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз», – деп тегін айтпаған ғой. Әрине, әрбір адам баласы өмірде ұлы тұлғаларға еліктеп, олардың жасаған ісін, жүрген жолын қайталағысы келеді. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» дейтініміз де сондықтан. Дәл осындай арманына жетуге бел буған кейіпкеріміздің зерттеу тақырыбының тағы бір саласы даңқты батыр, жерлесіміз Бауыржан Момышұлының шығармаларын оқытумен ұштасады. Сондықтан ол әдебиет арқылы тәрбиелеудің құралдарын әзірлеп, тау тұлғаның шығармаларын жоғары мектепте оқытудың ұтымды ғылыми-теориялық әдістемесін ұсынып, интерактивті технологиялар мен интербелсенді әдіс-тәсілдер арқылы меңгертудің кешенді әдіснамалық жүйесін жасауда екен.
Кейіпкеріміз ғылым жолына қадам басқан іні-сіңлілеріне «талмай ізденген адам ғана ғылым жолында өз ізін қалдырады» деген ақылын айтудан жалыққан емес.
– Үздіксіз оқу-біліммен қарулануымды алаштанушы Жүсіпбек Аймауытұлының: «Ғылым білімге қонады. Ғылымсыз білім тым құрғақ», – деген тәмсілімен түсіндіргім келеді. Айталық, ғылымның отаны жоқ! Сәйкесінше, жаһанның өзі ыждағаттылықпен қауқарлы ғылыми иммунитетке ие болу бәсекесінде. Бұл құбылысқа қол қусырып қарап отыруға болмасы хақ. Сондықтан отандық ғылымның әлеуеті ұлтты, ұлттың перзенттерін алаңдатуы тиіс деп есептеймін.
Менің ғылыми-педагогикалық бағытта машықтанып жүргеніме биыл тоғызыншы жыл. Әуелде мұғалім болуды армандап келген талапкер Көркемжан кейін жоғары оқу орнында педагог болу мақсатын көздеді. Арманға әлсін-әлсін күш бітіп, дипломдық жұмыс тақырыбы магистрлік диссертацияға ұласа түсті. Нәтижесінде, ғылыми-зерттеу жұмысының шеңбері кеңіп, докторлық диссертацияға арқау боларлықтай өзекті тақырып таңдалды. Осылайша оқу, ғылым, ізденіс, төзім, уақыт ұғымдарының желкенімен есіп келемін. Бүгінде ғылым жолына қадам басқан қаракөздеріміз аз емес. Кейде осы жолда түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін. Дегенмен «Білім – инемен құдық қазғандай» деп халқымыз бекер айтпаған. Мұраты биік, арманы асқақ адам кез келген кедергіден қиналмай өтеді, – дейді Көркемжан Қанат.
«Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» дегендей, талапты жастың сонау студенттік жылдардағы белсенділігінің арқасында бүгінде толағай табыстарға жетіп отыр. Айталық, елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Жас ғалым», «Жас талап» студенттік ғылым байқауларынан бастап, халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысына қатысып, заманауи білімнің әдіснамасы, теориясы мен тәжірибесін зерттеу мен дамытуға өзіндік үнмен араласып, жүлдегер атаса, ТМД елдері арасында халықаралық «Үздік жас ғалым-2021» номинациясының, Қазақстан Республикасының дарынды жастарын қолдау мақсатында «Жылдың үздік студенті» атты республикалық жинақ кітабына еніп, «Қазақстанның 100 үздік көшбасшы студенті» атты республикалық байқауда топ жарады.
Сонымен қатар облыста жастар саясатының іске асырылуына қомақты үлес қосып, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне қатысып, белсенділік танытқаны үшін Алғыс хаттармен марапатталып, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы жанынан құрылған Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі атанады. Сондай-ақ бакалавриаттың 3-4 курсында білім алып жүргенде, оқу үлгерімі мен қоғамдық белсенділігі және қол жеткізген жетістіктері үшін ғылыми кеңес шешімімен Президенттік шәкіртақы иегері атанады. «Бұл шәкіртақы – республика деңгейінде ең үздік деп танылған санаулы білім алушыларға берілетін мүмкіндік. Айқын мақсат, дөп нысана, айна-қатесіз бағыт, дұрыс тайм-менеджмент, дисциплина менің даму екпінімді еселеп, магистратурада кезекті жеңістерге жол ашты. Қазақстан бойынша саусақпен санарлық магистранттарға бөлінген Президенттік шәкіртақыны тағы бір мәрте қанжығалап, төбем көкке жетердей болды», – дейді ол. Сонымен бірге жақынғы жылдардан бері өңірдегі өнерлі, талапты, талантты жастарды қолдау мақсатында «Әулиеата үміті» сыйлығы жолға қойылған болатын. Әулиеаталықтар үшін жылдың әдемі нүктесі қойылатын марапатта кейіпкеріміз жастар сыйлығының «Үздік жас ғалым» номинациясы бойынша жеңімпаз атаныпты. Сондай-ақ өткен жылдың соңында Әулиеата топырағында дүниеге келіп, әртүрлі салада өңір дамуы мен ел өркендеуіне үлес қосып жүрген жастардың өмірбаяны мен жетістіктері жинақталған «Әулиеата жастары» облыстық жастар энциклопедиясына есімі енсе, ғылыми ізденістерінің арқасында «Жыл студенті» атаныпты.
Міне, осындай білім биігіне құлаш ұрған Көркемжандай қыздарымыз көп болса, қазақ ғылымының келешегі кемел, болашағы жарқын болмақ.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.