Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сот жүйесі жаңғыртылу үстінде

0 285

Жыл сайын 30 тамызда тәуелсіз елімізде Қазақстанның Ата Заңы – Конституция күні аталып өтеді.

Бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция барлық қазақстандықтар үшін ең басты құндылықтарды бекітті. Бұл – бейбітшілік, келісім, бірлік, теңдік, заң үстемдігі. Осы құндылықтар елдің саяси тұрақтылығы мен табысты дамуының негізі саналады. Еліміздің негізгі құқықтық құжаты бола тұра Конституция сонымен бір уақытта Қазақстан өзін жария еткендей демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекеттің жетістігі болып табылады. Демократиялық қоғамның жоғары идеалдарына ұмтылу, Қазақстан жерін мекендеген халықтар арасындағы өзара құрмет пен достық, мәдениеттің халықтар арасына өтуі, мемлекеттік органдардың құрылған жүйесі – міне, осылардың барлығы Ата Заңда нақты көрсетілген.
Қоғамдық құрылымның жаңаруы, экономиканың нарықтық экономика түріне өтуі, меншіктің алуан түрінің енуі, қауіпсіздіктің кеңеюі және әлемдік қоғаммен ықпалдасу 1995 жылы 30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдауға ықпал етті. Қазақстанның жаңартылған Конституциясы Қазақстанның әрі қарай дамуы үшін мықты іргетас қалайды, бәрінен бұрын ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдігінің күшеюіне бағытталған.
Сот төрелігінің негізі Конституциямыздан бастау алады. Кoнcтитyциядa бeкiтiлгeн cyдьялapдың тәyeлciздiгi қaғидacы – Қазақстан Pеспубликасының coт билiгiнiң бipдeн-бip кeпiлi. Сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеліп соғады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді. Ата Заңымыздың 13-бабында әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына, білікті заң көмегін алуға құқығы бар деп көрсетілген.
Құқықтық мемлекет құруға табанды түрде қадам басқан Қазақстан Республикасы сот-құқықтық реформасына да аса ыждағаттылықпен байсалды түрде қарай отырып, сот билігінің әлемдік стандарттарына мейлінше жақындай түсу үшін аса маңызды істер атқаруда.Еліміз тәуелсіздік алған жылдар ішінде қалыптасқан конституциялық-құқықтық даму негізі барлық талаптарға сай қызмет істеп келе жатқан сот жүйесінің қоғамды басқарудағы маңызды мемлекеттік міндеттерді атқарып отырғандығын көрсетіп берді. Қоғамның дамуына орай сот жүйесін реформалау барысы да үндесіп жататындықтан, сот органдарының өкілеттілігі мен ауқымының шегі, сот актілерінің заңдылық күші мен құқықтық мәні анықталады. Сот жүйесі үшін Конституция күнінің маңызы өте зор. Соттар заңдарда іске асырылған конституциялық құндылықтарды қорғайды. Қоғамда соттардың жұмысы осымен байланыстырылады. Соттар заңның үстемдігін қамтамасыз етуде алдарына қойылған барлық міндетті лайықты деңгейде атқарып отырғанын атап өтуге болады.
Бүгінгі таңда сот жүйесі сот төрелігінің жеті түйіні шеңберінде белсенділікпен жаңғыртылу үстінде. «Түнде жұмыс істейтін сот», «Татуластырушы судья», «Соттан тыс татуластыру орталықтары» сияқты өзінің өміршеңдігін көрсеткен пилоттық жобалар іске асырылуда.
Заңнаманы жетілдіру жөнінде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Осының бәрі халықтың соттарға деген сенімінің артуына және заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекетіміздегі сот билігінің даму жолдары өте күрделі болғанымен, олардың басты мақсаты Қазақстан халқына әділ қызмет ету болып табылады.

Кулян Сатыбалды,
Тараз қалалық сотының судьясы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.