Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын «академиялық туризмге» айналдырмау керек – Жолдау

0 86

Энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет. Бұл туралы Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды. Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет. Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды. Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға болады. Осы ретте грант құны жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік беруге тиіс. Мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашыратып, оңды-солды тарата беруге болмайды. Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді.

«Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттырады. Сонымен қатар ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын әншейін синекураға және «академиялық туризмге» айналдырмау керек. Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.