Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балықтың бабын тапқан білім ордасы

0 254

Ғылыми зерттеулер, өнертабыстар мен ғалымдардың еңбегі кез келген мемлекеттің гүлденуінің кепілі екені сөзсіз. Бұл бағытта Халықаралық Тараз инновациялық институтында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Балығы тайдай тулаған Жамбыл өңірі – осы саланы дамытуға қолайлы өлке. Кезінде балық өсірумен аты шыққан аймақтың даңқын қайта жаңғырту жолында бүгінде ілкімді істер қолға алынған. Осы мақсатта Халықаралық Тараз инновациялық институтына қарасты «Аквакультура және су биоресурстары» зертханасы ашылған болатын. Аталған зертхананың ғылыми жұмысын дұрыс ұйымдастыру үшін оқу ошағына 33 миллион теңге бөлініп, аталған орталықта 8 маман ғылыми бағыттағы жұмысын жалғастырып келеді.
Қазіргі таңда облысымызда балық шаруашылығы саласында 148 су айдыны бар. Институт ғалымдары осы көлдердің 50-іне ғылыми-биологиялық негіздеме жасапты. Аквакультура ғылыми-зерттеу орталығының директоры Венера Арыстанғалиеваның айтуы бойынша, зертхананың мақсаты ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыру ғана емес, балық шаруашылығы саласы үшін жоғары білікті мамандарды даярлаудың инновациялық білім беру бағдарламаларын іске асыру екен.
– Орталық су биоресурстары және қоршаған ортаның экологиялық-аналитикалық екі зертханадан тұрады. Жалпы облысымыз үшін балық шаруашылығында экономикалық тиімді, бәсекеге қабілетті кластерлерді қалыптастыру – ұзақ мерзімді даму стратегиясының басты бағыттарының бірі. Осыған байланысты «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында балық шаруашылығы бағыты бойынша курстар өткізілуде. Өңірдің балық шаруашылығын өркендету үшін мекемелерімен шарттар жасалуда. Бүгінде балық өсіретін көлдердің биологиялық негіздемесі әзірленді, – дейді Венера Әділқызы.
Сондай-ақ қазіргі уақытта зертхана физикалық-географиялық сипаттамасы, су қоймасының морфометриялық деректері, жағалау сызығының жағдайы, ауданы, ең үлкен және басым ұзындығы, ені мен тереңдігі, су түбінің табиғаты, гидротехникалық құрылыстардың болуы, олардың жай-күйі, балық қорғау құрылғыларының болуы, суды толық немесе ішінара ағызу мүмкіндігі, су айдынының гидрологиялық режимі, жалпы деңгейлік режим, су алмасу, су көлемі, деңгейдің іске қосылуы, су айдынындағы су деңгейінің булану мен суарудан өзгеруін міндетті түрде бақылау, көктемгі тасқын сулардың өту ерекшеліктерін қадағалау, судың химиялық құрамы, су қоймасының биологиялық өнімділігін бағалау сынды зерттеу жұмыстарын жүргізеді екен.
Сонымен қатар жоғарыда аталған су биоресурстары зертханасында су қоймалары бассейндерінің түрлік әртүрлілігін зерттеу үшін биологиялық материал жинау, жиналатын материалға толық талдау, гидробионттардың физиологиялық жай-күйін зерттеу, ҒЗТКЖ ұйымдастыру, үйлестіру, балық өсіру шаруашылықтарында гидробионттарды жасанды өсімін молайту және тауарлық өсіру бойынша әртүрлі технологиялық кезеңдердің жұмыстарын орындау, уылдырық шашу науқандары, УДЗ және биопсия әдістерімен бекіре тұқымдас балық түрлерінің жынысы мен жетілу кезеңдерін диагностикалау, препараттармен инъекциялау жыныстық жетілмеген балықтарды өсіру, жыныстық өнімдерді өмір бойы алу, уылдырықты пастерлеу, өнімділікті арттыру және бар қателерді түзету мақсатында шағын балық өсіру шаруашылықтарын ұйымдастыруда ғылыми-әдістемелік және консультациялық қызметтер көрсету, аквакультураның экстенсивті және қарқынды, тоған және индустриалды шаруашылықтарын, сондай-ақ рекреациялық су айдындарын жобалау үшін балық өсіру, биологиялық және техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу қызметін атқарса, қоршаған ортаның экологиялық-аналитикалық зертхана базасында су мен топырақ сынамаларының экспресс-талдаулары, су мен топырақтың химиялық жай-күйін анықтау үшін ең жаңа жабдықты пайдалана отырып физика-химиялық талдаулар, республика бойынша балық өсірумен айналысатын фермерлер су айдындарының химиялық сапасына талдау жүргізеді. Әрі зертхананың ғылыми-зерттеу қызметі ауызсудың, жерүсті және жерасты суларының химиялық сапасын талдау, температура, мөлдірлік, түс, еріген газдар, судағы тұздар, микроорганизмдер саны, топырақтың химиялық, агрохимиялық және биологиялық қасиеттерін анықтау, ластану деңгейін бағалау секілді негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады.
Бұған қоса аквамәдениет ғылыми-зерттеу орталығы «Балықтар мен өсімдіктерді бірлесіп өсіру технологиясын өндіріске енгізу» жобасын жеңіп алған. Осы ретте айта кетерлігі, елімізде алғаш рет балықтардың әртүрлі түрлерінің метаболизм өнімдерінің химиялық қосылыстарының шоғырлануын және оларды Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайларында өсімдіктердің игеру ерекшеліктерін зерттеу негізінде балықтар мен өсімдіктердің бағалы түрлерін бірлесіп өсірудің техникалық әдістері әзірленбек. Аталған жобаға өңір мамандары да өз үлестерін қосады.

Агробиологиялық орталықтың ауқымы кең

Жамбыл облысы – аграрлық аймақ. Сондықтан өңірде асыраушы салаға деген көңіл басым. Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты да қазіргі заманғы қоғамның қажеттіліктерін ескере отырып, өз қызметтерін реформалаудың, халықаралық тәжірибені талдап, өңірдің жағдайын, облыстың мамандарға деген сұранысын ескере отырып дербес даму стратегиясын жасады. Аталған институт жоғары білікті мамандарды даярлау, аудиторияларындағы дәрістерде ғана емес, сонымен қатар олардың ғылыми-зерттеу бөлімдерінде практикалық жұмыстарды да жүргізеді. Осы мақсатта 2014 жылы оқу ордасының жанынан заманауи инновациялық ғылыми-өндірістік құрылым Агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы құрылған болатын.
Жалпы институт орталық қызметкерлеріне көкөніс шаруашылығы саласын ғылыми қолдауды дамыту бойынша жаңа перспективалы міндеттер қойды. Дәрумендер өндірісін дамыту ғылыми-өндірістік кешеннің жалғыз міндеті емес. Оқу ордасының студенттері мұнда жылыжайдағы технологияларды зерттейді, фермерлерге, жылыжай бизнесімен айналысатын кәсіпкерлерге семинарлар ұйымдастырылады. Әрі мамандар көкөністердің жекелеген сорттарын жергілікті жағдайларға қаншалықты сәтті бейімдеуге болатынын анықтап, аймақтағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тиісті ұсыныстар береді. Осы мақсатта жылыжайдың жанында қарқынды бақ жасалып, оған алма ағаштары отырғызылған болатын. Сонымен бірге қазіргі уақытта ғылыми орталықтың жұмысының негізгі элементтерінің бірі – студенттер практикада білім алатын, яғни өндірістік жағдайда агроөнеркәсіптік кешен үшін білікті мамандарды мақсатты даярлауды жүзеге асыратын оқу процесі. Сонымен қатар орталықтың болашақ дамуында аграрлық сектордағы алдыңғы қатарлы өндіріс технологияларына назар аудара отырып, жоғары білікті мамандарды даярлау және қайта даярлау үшін ХТИИ, АгроҒЗО және өндірістік кәсіпорындарды біріктіретін инновациялық білім беру құрылымын құру жоспарлануда екен.
Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенде аймақтық экстенсивті жүйені құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс (кеңейту) ғылыми және білім беру қызметіндегі көптеген салаларды қамтиды. Қолданыстағы инфрақұрылым шаруа немесе фермер қожалықтарының басшылары мен мамандары үшін үнемі семинар-тренингтер өткізуге мүмкіндік береді. Үздіксіз білім беру курстарының тақырыптық жоспары ауыл шаруашылығы саласындағы ресурстарды үнемдейтін инновациялық технологияларды бейімдеу және беру мәселелері қарастырылса, отандық ғылыми қауымдастықпен біріктіру мақсатында 2022 жылы «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамымен және оның екі еншілес ұйымымен, «Жеміс өсіру және жүзім шаруашылығы бойынша Қазақ ғылыми-зерттеу институты» және «Қазақ картоп және көкөніс ғылыми-зерттеу институтымен» агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми-техникалық, ақпараттық, талдамалық және нормативтік-әдістемелік қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған еді.
Сонымен бірге орталық ғылыми басымдықтар ретінде жеміс өсіру және жүзім шаруашылығы саласында жобалаудың генетикалық әдістері және көрсетілген экономикалық құнды белгілері бар жеміс, жидек, жаңғақ дақылдары мен жүзімнің жаңа генотиптерін жедел жасау, жеміс өсімдіктері мен жүзімнің бейімделу потенциалы мен өнімділігін арттырудың физиологиялық және биохимиялық әдістері, өсімдіктердің, вирустық және фитоплазмалық ауруларды жедел диагностикалау әдістері, сапа менеджменті, экологиялық және тамақ қауіпсіздігі, Қазақстанның оңтүстік аймақтарын агроэкологиялық аудандастыру, өндірісті биологияландыру, жеміс дақылдары мен жүзімнің өндірістік процестерін басқарудың бағдарламалық әдістерін әзірлеу және мониторингілеу, жеміс-көкөніс және жүзім шаруашылығы өнімдерін өңдеуге негізделген функционалды тамақ өнімдерін жобалау, бау-бақша мен жүзім өсірудің ұйымдастырушылық-экономикалық негіздері, картоп және көкөніс шаруашылығы саласында көкөніс және картоп өсірудегі инновациялық технологиялар жаңа ауыл шаруашылығы технологиялары, дәл технологиялар, биотехнологиялық әдістер, өсімдіктерді қорғау, көкөністер мен картоптарды селекциялау және тұқым өсіру, көрсетілген экономикалық құндылықтары бар көкөністер мен картоптың жаңа генотиптерін құру және жеделдетудің генетикалық әдістерін жетілдіру, ауыл шаруашылығы және агрохимия көкөністер мен картоптың бейімделу әлеуеті мен өнімділігін арттырудың физиологиялық және биохимиялық әдістері, өсімдіктердің, вирустық және фитоплазмалық ауруларды жедел диагностикалау әдістері, сапа менеджменті, экологиялық және өнім қауіпсіздігі, көкөніс және картоп өнімдерін механикаландыру, автоматтандыру, сақтау және өңдеу, көкөніс шаруашылығы мен картоп өсірудегі менеджмент және маркетинг, көкөніс және картоп өсірудің ұйымдастырушылық-экономикалық негіздері бағытында зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Агро ғылыми-зерттеу орталығы қызметінің аталған бағыттары – «ғылым-білім-өндіріс» сынды экономикалық қызметтің үш бөлек саласы ғана емес, өзара байланысты процестердің жиынтығы. Әрі ғылым мен білім жеке-дара, бір-бірінсіз объективті өмір сүре алмайды. Ғылыми және білім беру қызметін дамытудағы көптеген мәселелерді шешу олардың тиімді өзара әрекеттесуіне байланысты. Ғылым білім беруді жаңа біліммен байытып, оқытудың жаңа, озық әдістерін жасаса, ал білім – ғылымды жас кадрлармен нәрлендіретін қайнар көзі. Ғылым мен білімнің жедел дамуының арқасында әртүрлі инновациялық жобалар мен бағдарламалардың дамуы мен тиімді қолданылуы мүмкін.
Институттың дәстүрлі функциялары мамандарды даярлау және қолданбалы ғылыми зерттеулер агроөнеркәсіптік кешенге жаңа технологияларды әзірлеу және беру жөніндегі белсенді жұмысымен толықтырылды.
Агробиология ғылыми-зерттеу орталығы 8 гектар жерге орналасқан. Студенттердің кәсіби практикадан өтуіне, профессор-оқытушылар құрамының ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, жылыжай кешенін дамытуға және отандық өсімдік селекциясын зерттеуге арналған. Болашақта жоғары кәсіптік білім берудің оқу бағдарламаларын және іргелі және қолданбалы зерттеулерді, сонымен қатар ғылыми білімді әрі қарай бизнеске беру мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды біріктіру қажет.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.