Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жасыл ел-Тараздың» жұмысы жүйелі, жоспары жұмыр

0 206

«Тазалық табалдырықтан басталады» дейді халық даналығы. Тазалық – тәртіптің бастауы, денсаулықтың кепілі екені тағы айқын. Бұл тұрғыда «Жасыл ел-Тараз» мекемесіне зор жауапкершілік жүктелуде. Расында, қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан, мекеме жұмысшылары облыс орталығының айнадай жарқырауына қомақты үлестерін қосып келеді. Осы орайда «Журналист мамандық өзгертеді» айдары аясында мекеме қызметкерлерімен бірге шаһар тазалығына атсалысып қайтқан едік.

Тамыздың таңымен таласа тұрған біз мекеменің автобусына отырып, жұмыс киімімізді киіп, құрал-сайманымызды арқалап шаһар төріндегі Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйіне бет алдық. Жол бойы тазалық сақшыларынан жұмыс кестесі бойынша бұл күн мәдениет үйінің және нысанның маңындағы «Әуендер әлемі» аллеясының айналасындағы кураған шөптерді жинау, саябақтағы шөптерді шабу, гүлзарларды көркейту мақсатында гүлдердің түбін қопсытудан басталатынын сұрап білдім. Діттеген жерімізге жеткенде ұйымдастыру қабілеті мол маман – «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің басшысы Азамат Абишевті сөзге тарттым.
– «Жасыл ел-Тараз» – тәжірибесі мол кәсіпорын ретінде қаланы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан 100 пайыз мемлекеттік үлесі бар серіктестік. Мекеме тарапынан қаладағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, саябақтар мен скверлерді, гүл бақтарын, жаяу жүргінші жолдарын күтіп-ұстау, қыс мезгілінде қар тазалау, мұз қатпау үшін жолдарға құм, тұз себу және тал егу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде cеріктестікте қала аумағындағы 11 округ бойынша 900-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың ішінде штаттағы жұмысшылармен бірге Тараз қалалық мансаптық орталығының «Enbek.kz» порталына ресми тіркеліп, мекемеде қоғамдық жұмыс аясында еңбек ететін қызметкерлер де бар. Осылардың барлығы таңертең күнделікті жұмысқа шығады. Ағымдағы жылға бекітілген штаттық кестеге сәйкес, орташа айлық көлемі 145 635 теңгені құраса, жұмысшылар нақты 165-185 мың теңге көлемінде жалақы алады. Жұмысшылар үйінен тегін қатынап, бір мезгіл тегін түскі ас ішеді. Жұмыс уақыты таңғы 09:00-де басталып, 18:00-де аяқталады. Мансаптық орталық арқылы келгендер бес күн, ал штаттағы жұмысшылар алты күн еңбек етеді. Аталған орталық арқылы жұмысқа орналасқандар мемлекет тарапынан қолына 80 мың теңге еңбекақы алса, оның ішінде белсене көзге түскеніне, артық жұмыс істегендерге біздің мекеме тарапынан да сыйақы беріледі, – дейді Азамат Тұрсынәліұлы.
Жалпы аталған мекеме қызметкерлері екі түрлі бағытта жұмыс істейді екен. Мәселен, «Әулие-Ата» әуежайы, теміржол станциясы, автобекеттер, облыс және қала әкімдігінің айналасы, қаладағы үлкен саябақтар, шаһардың батыс және шығыс қақпасының маңайын тазалайтын, қоқысын жинайтын, суаратын қызметкерлер тұрақты түрде сол аумақта ғана істейді. Ал тал балақтайтын, қураған ағаштарды кесетін, гүлзарларды баптайтын, қыста қар тазалайтын қызметкерлер шаһардың барлық аумағында өз жұмыстарын атқара береді екен. Бүгінде облыс орталығында қоқыс жинауға арналған жалпы 340-тан астам контейнер қойылған. Жұмысшылар таңғы сағат 5:00-ден бастап тұрмыстық қалдықтарды қала сыртына шығарады. Баршаға мәлім, соңғы жылдары қаланы көркейту, көгалдандыру, тазалығын қалыпта ұстау мәселесіне ерекше ден қойылып, тиісті шаралар қолға алынған еді. Әсіресе көне шаһардың тазалығын сақтау басты талап болатын. Дегенмен тұрғындар тарапынан туындайтын түйткілді мәселелер әлі де баршылық екен.

– Мәселен, тазалықшылар белгіленген бір аумақты тазалаған соң, артынша бір тұрғын тағы да қоқыс тастап үлгереді. Бұл әрі жиі қайталанады. Яғни қоқысты белгілі бір кезде ғана шығармай, кез келген уақытта тастай береді. Солай қоқыс қалдығы тау болып үйіліп қалады. Ал мекеме қызметкерінің «Кім, қашан қоқыс тастар екен?» деп күтіп отырмайтыны анық. Бір аумақтағы жұмысын аяқтаған соң, келесісіне көшеді. Сол аралықта бізге қоңырау шалып, осы аумақтың қоқысы тазаланбады деп шағымданады немесе әлеуметтік желіге жариялайды. Соның салдарынан «Жасыл ел-Тараз» мекемесі өз міндетін дұрыс орындамайтындай көрінеді, – дейді мекеме басшысы.
Қазіргі таңда қаладағы қатты қалдықтарды шығарушы мекемелерге тиесілі тағы 2 полигон бар. Оның бірі – Жамбыл ауданына қарасты «Шөлдала» тұрғын алқабының арғы жағында орналасқан 3 гектар жер теліміндегі қоқыс орны «Махмудов» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі. Жеке кәсіпкер өзі шығарған қоқысты сол жерде сұрыптайтын көрінеді. Екіншісі – Байзақ ауданының Қосақ ауылы маңындағы 13 гектар жер телімінде орналасқан «Әди и К» ЖШС-іне тиесілі полигон. Бұл полигонға қаладағы қоқыс шығару қызметімен айналысатын «Сәрсенбай» ЖШС, «Тазалық» және «Махмудов» жеке кәсіпкерлігі қоқыс тасымалдайды екен.
Тараздың тазалығы аталған мекеменің міндетіне жататындықтан, жұмысшыларда бір сәтке де тыным жоқ екенін аңғардық. Мәселен, солармен бірге жүрген уақыттың ішінде Төле би даңғылы, Әйтиев, Қазыбек би, Шостакович көшелерінің бойындағы қоқыстар алынып, жол шетіндегі бордюрлар тазаланды. Сондай-ақ, Смоленский көшесі, «Үшбұлақ» «Әулие бұлақ» каналы қоқыстардан тазартылып, шаһар аумағындағы қураған ағаштар кесіліп, «Тектұрмас» кешеніндегі және Каскадтағы баспалдақтарды, Қ.Рысқұлбеков саябағындағы субұрқақ айналасындағы тақтатастарды, «Көне Тараз», облыстық әкімдік, Қ.Рысқұлбеков саябағы, «Арбат-3» және шаһардағы ескерткіштердің айналасы абаттандырылып, егілген және ағаштар суарылды. Сонымен қатар «Қазақ хандығы» монументі мен қаланың батыс-шығыс қақпасындағы қоқыстар арнайы техникаға тиеліп, тазалау жұмыстары жүргізілді.
Біз «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-нің басшылығымен, тазалық және басқа да жұмыстарды ұйымдастырушылармен тілдескенімізде, олардың қарапайым еңбек адамдарына әрдайым жанашырлық танытып, мүддесін мейлінше қорғауға дайын екендіктерін ұғындық. Бұл қатарда еңбек етіп жүрген жұмысшылардың бірі – Жауһар Есімбекова. Оның «Жасыл ел-Тараз» серіктестігінде жұмыс істеп жүргеніне 1 жылдан асыпты.
– Ел үшін еңбек етіп, Отанға адал қызмет етсең, одан асқан абырой жоқ. Ал Отанға қызмет ету міндетті түрде қолыңа қару алып, шекара шебінде тұрумен ғана шектелмейді. Біз де үнсіз ғана елге еңбек етіп жүрген жандардың біріміз. Тараз – бәріміздің ортақ үйіміз. Бүгінде тарихы терең шаһарға ат басын бұратын туристердің қатары молайып келеді. Сондықтан да көшелердің әсем гүлдерге көмкеріліп, таза тұрғаны аса маңызды. Осы ретте кейбір тұрғындардың көшеде жүріп-тұру мәдениеті өте төмен екенін айта кеткен абзал. Қоқысты кез келген жерге тастап кете береді. Кейбіреулердің «бұл сенің міндетің» деп ішкен суының пластик құтысын көше сыпырып жүрген біздерге қарай лақтырып кеткен келеңсіз жағдайлар да кездеседі. Көпке топырақ шашудан аулақпын, десе де, адамның еңбегін бағалау, сыйлау бәрімізде болса екен, – дейді ол ағынан жарылып.
Халқымызда «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөз текке айтылмаған. Өңірде де бірнеше жылдан бері сан мыңдаған жасты еңбекке баулып келе жатқан, олардың өз күшімен табыс табуына мүмкіндік беріп отырған елдік деңгейдегі үлкен жобаның бірі – «Жасыл ел» еңбек жасағы. Айталық, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының 4-курс студенті Ерлан Нысанқұл маусымдық осы жасақтың сапында қоғамдық жұмысқа белсене атсалысып келеді.
– Жазғы демалыста уақытымды тиімді өткізіп, ата-анама қолғабыс еттім. Еңбек маусымында тал егіп, абаттандыру жұмыстарын атқардық. Бұл бағдарлама туған өңірімді көркейтуге аз да болса өз үлесімді қосуға арналған үлкен мүмкіндік деп білемін. Жұмыс барысында жаңа орта, жаңа достар да таптым. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс жасау арқылы қоғамдық жұмыстарға да қатыстым. Біздей студент жастарға бұл айтарлықтай көмек. Жазда бос жүрмей, өзіміздің кішігірім болса да, былай айтқанда, еңбекақымызды табамыз. Адал еңбек жаңа жетістіктерге жетелейтіні сөзсіз. Мен «Жасыл ел» сарбазы болғанымды мақтан тұтамын, – дейді Ерлан Әлімжанұлы.
Сонымен қатар «Жасыл ел-Тараз» мекемесі қызметкерлері тек шаһар шеңберімен ғана шектелмей, өзге өңірлердегі табиғаттың тосын мінезінен туындаған табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға да белсене атсалысады. Мәселен, ағымдағы жылы еліміздің бірқатар өңірін топан су басып, тұрғындарды әбден әбігерге салды. Сол кезде аталған мекеменің жұмысшылары Доскара Дүзенов, Олжас Көшкінбаев, Ғалымжан Мұсырманқұлов және Алмас Бейсеков сынды белсенді азаматтар өз техникаларын алып барып, Атырау облысындағы Жайық өзеніне дамба салу жұмыстарына қатысса, шілде айында Жаңатас қаласындағы сел жүрген аумақта тазарту жұмысына 4 арнайы техника, 2 «Камаз» көлігімен бірге көмекке аттанып, жұрт алғысын арқалап қайтыпты.
Әрине, бұл мекеме тарапынан атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Алда тұрған межелі міндеттер жетерлік. Әрине, мұның барлығы әсем қаламыздың көркіне сән қосу мақсатында қолға алынғаны айқын. Алайда әрқайсысымыз шаһар тазалығына жалғыз «Жасыл ел-Тараз» ғана жауапты емес екенін естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан сүйікті қаламызды көгеріштендіруге баршамыз бірдей үлес қосайық!

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.