Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жылыту маусымы жайбасарлықты көтермейді

0 370
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен жылыту маусымына дайындық бойынша штаб отырысы өтті.
Әуелі қала әкімдігі тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Алтаев шаһардағы жылыту маусымына дайындық барысын баяндады. Оның айтуы бойынша, қазіргі таңда 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық туралы іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген.
– Барлық кәсіпорын газ жеткізу бойынша «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамның Жамбыл өндірістік филиалымен келісім-шарт жасаған. Сонымен қатар, кәсіпорындарда резервтік отын қоры ретінде 357 тонна көмір, 14 648,6 тонна мазут қоры дайындалған. Сондай-ақ Тараз қаласы әкімдігіне қарасты қатты отынмен жылытылатын автономды қазандықтары бар әлеуметтік нысандар жоқ. Осыған орай, автономды қазандықтарды жеткілікті көмір қорымен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылмаған, – деген Ғабит Серғазыұлы дайындық жұмыстары 1 қазанға дейін толық аяқталатынын жеткізді.
Бұдан кейін Тараз қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Малибекова оқу ордаларының жылыту маусымына әзірлігіне тоқталды. Оның сөзінше, шаһардағы 63 мектептің 51-інде жылу беру мекемесінің өкілдерінің қатысуымен гидравликалық сынақтан өткізіліп, актісі алынды. Қалған 12-сі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, жылыту маусымына дайындық паспорты дайындалып, білім ордаларына 25 тамызға дейін берілмек.
Басқосуды қорытындылаған шаһар басшысы жылыту маусымы жайбасарлықты көтермейтінін қадап айтты.
– Жылыту маусымының басталуына екі ай уақыт қалды. Алайда, жауапты мекемелердің әзірлігі көңіл көншітпейді. Штаб отырысының жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Бөлім басшылары жауапты кезеңге әлі де салғырттық танытып отырғаны айқын көрініп тұр. Ең әуелі әлеуметтік нысандардың жағдайына баса мән берілуі керек. Мәселен, талай жылдан бері бірқатар нысанның жылу жүйесіндегі мәселелер әлі де өз шешімін таппай отыр. Сондықтан бірінші деңгейлі әлеуметтік мекемелердің ішкі ауа температурасын ұдайы бақылауда ұстау маңызды.
Жалпы жылыту маусымы жайбасарлықты көтермейді. Сондықтан жұмысты жеделдеткен жөн, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.