Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шомылу маусымы: қауіп пен қатер

0 847

Жаздың ыстық үш айында адамдар салқындау, демалу мақсатында көлге, өзенге тағы басқа су қоймаларына шомылуға барады. Алайда қауіпсіздік ережелерін елемеген азаматтар тек өздерінің ғана емес, балалары мен жақындарының өміріне қауіп төндіреді.

Мәселен, ағымдағы жылы шомылу маусымы басталғалы еліміз бойынша 70 адам суға кеткен болса, оның 30-ы бала. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйінсек, атқарылған кешенді шаралардың арқасында жыл сайын суға батып қайтыс болғандар саны азайып келеді. Дегенмен әр статистиканың артында адам өмірі мен жақындарының қайғысы тұрғанын ескерер болсақ, өкінішке қарай, соңғы 10 жылда 2 мыңнан астам адам тілсіз жаудың құрбанына айналған екен.
Жалпы елімізде 85 мыңнан астам өзен мен 48 мың көл болса, оның ішінде шомылуға тыйым салынған 4 598 орын анықталған. Ал Тараз қаласы аумағында гидрографиялық тұрғыда 10-нан аса су айдыны бар. Оның ішінде ең ірілері Талас, Аса өзендері және «Шөлдала» алқабындағы каналдар. Бұдан бөлек, шаһарда шомылуға қауіпті аймақтар да аз емес. Атап айтсақ, «Тектұрмас», «Қант зауыты», «Автовокзал», «Шөлдала» мен «Қарасай» аумағында суға түсуге тыйым салынған. 2021-2022 жылдың шомылу маусымында шаһар аумағында жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың арқасында қайғылы оқиғалардың саны төмендеген. Дегенмен өткен жылдың 31 шілдесінде Талас өзенінің «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» мекемесі аумағынан өтетін бөлігінде 2 жазатайым оқиға орын алған болатын.
Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ербол Әміровтің айтуынша, қанша ескерту жасағанмен, алдын алу шаралары әрбір адамның өзіне байланысты екен.
– Әрине, су денсаулықты нығайтуға көмектеседі. Бірақ ол қауіптің көзі де болуы мүмкін. Оларды болдырмау үшін әрбір адам судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін білуі тиіс. Ең басты ереже – мектепке дейінгі және бастауыш сыныптағы балалар ересектердің бақылауымен шомылуға тиіс. Балаларды бақылауды барынша күшейту, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Үлкендердің еріп жүруінсіз жасөспірімдер арнайы бөлінген орындарда ғана шомылуы мүмкін. Ең көп қайғылы оқиғалар суға шомылуға арналмаған су айдындарында болады. Ата-аналар балаға судағы қауіпсіздіктің барлық ережелерін айтып қана қоймай, оған қиын жағдайда өзін-өзі ұстау дағдыларын үйретуі қажет. Жасөспірімді үрейленбеуге және өзін қалай ұстау керек, не істеу керек екенін түсінуге үйрету өте маңызды. Ең бірінші судан келетін қауіпке араша болушы адамның өзі екенін ұмытпаған жөн, – дейді басқарма бастығы.
Оның айтуынша, шаһар тұрғындары төтенше жағдай қызметкерлерінің ескертулеріне құлақ аса бермейді. Бұл көбінесе судағы төтенше жағдайларға әкеледі. Мұндай оқиғалардың басым көпшілігі суда ата-аналарының балаларды қараусыз қалдыруына, сондай-ақ олардың мас күйінде шомылуына байланысты болуда. Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері су жағасындағы демалыс қайғылы оқиғамен аяқталмауы үшін қауіпсіздік ережелерін есте сақтау қажеттігін еске салады. Ыстық ауа райында судағы қайғылы жағдайлардың жиі себептері – суық суға күрт кіру, мас күйінде жүзу және өз күштерін асыра бағалау. Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына табиғатта демалу кезінде мұқият болуды, барлық сақтық шараларын сақтауды сұранады. Төтенше жағдай туындаған жағдайда Бірыңғай құтқару қызметінің «112» телефонына хабарласу керек.
Жауапты мамандардың мәліметінше, «Шомылу маусымындағы судағы қауіпсіздік» тақырыбы бойынша Тараз қаласы білім бөлімімен бірлесе отырып барлық орта білім беру мектептерінде «Жазғы шомылу маусымындағы судағы қауіпсіздік», «Өрт қауіпсіздігі», «Жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдар», «Балалардың терезеден құлауының алдын алу» және «Жазғы саябақтардағы әткеншектер мен батуттардағы қауіпсіздік» тақырыптары бойынша 2 интерактивті сабақ өткізіліп, мектеп директорлары және жазғы сауықтыру лагерь басшыларымен 2 семинар өткізілді. Сонымен қатар оқушылардың ата- аналарымен 5 жиналыс ұйымдастырылған. Алайда жүргізілген ескерту жұмыстарына қарамастан, кәмелет жасқа толмағандар арасында үлкендердің бақылауынсыз тыйым салынған орындарда шомылу фактілері бүгінгі күнге дейін тыйылмауда.
Сонымен қатар шаһар аумағындағы барлық жасанды немесе табиғи түрде пайда болған су айдындарында балалардың және тұрғындардың қаза болу жағдайының алдын алу мақсатында 75 рейдтік жұмыс жүргізіліп, 2 500-ге жуық жадынама таратылды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың құзыретінен шомылу айдындарына арналған 25 ескерту тақтайшалары дайындалып, орнатылған. Қала аумағында 4 баннер ілініп, ҚР ІІМ-нің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 бұйғырымен бекітілген «Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері» талаптарына сәйкес жабдықтау жұмыстарын жүргізу туралы» бұйрығына сәйкес, мекеме басшыларына су айдындарында ескертпе тақтайшаларын орнату мен жүзу құралдарын жалға беру орындарында құтқарушы желеттермен жабдықтау бойынша сұраныс хаттар жолданылып отыр.
Сонымен бірге жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып күнделікті рейд жұмыстарын жүргізу кезінде полиция қызметкерлерімен суға шомылуға тыйым салынған жерде, сонымен қатар су айдындарында алкагольдік ішімдікті қолдану бойынша «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 440-бабы, 364-бабы және 412-бабы бойынша әкімшілік практиканы қолдану бойынша халықтың арасында жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда 41 адамға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 364-бабына сәйкес ескерту беріліп, 7 адамға тыйым салынған жерде шомылғаны үшін 412-бап бойынша айыппұл салынған.
Жалпы «Сақтансаң – сақтаймын» дейді. Оқыс жағдайлардың алдын алу үшін қаланың су айдындарында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жоспарлы алдын алу жұмыстарына қарамастан, шомылу маусымы кезеңінде қауіпсіздік ережелері мен қарапайым шараларын сақтамау себебінен суда адамдардың қаза болуы жалғасуда. Судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаған азаматтар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364, 412 және 440-баптары бойынша жауапкершілікке тартылады. Сондықтан да тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз!

Ермаханбек НҰРДІЛДА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.