Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кітап – жан азығы

0 286

Халқымыз əр ғасырда-ақ ел даналары мен замана тұлғаларының өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырып отырған ұлағатты жəне тəрбиесі мол өнегелі сөздерін кітаптан алған. Кітаптың рухани қазына аталуы да сондықтан. Ал қазіргі жастар кітап оқи ма? Өмірлік кітаптар адам өмірін өзгертеді ме?

«Қазіргі жастар кітап оқымайды!». Бұл – біздің қазіргі жас буын кітапқа қызықпайды деп үлкендердің шорт кесіп айтатын, ал жастардың жиі еститін сөз тіркесі. Алайда зерттеушілердің пікірін сұрау басқаша нəтижелермен таң қалдырды. Жалпы қазақстандықтар тұтастай кітаптарды қағаз түрінде де, электронды нұсқада да белсенді оқи бастаған. Мұны кітапханашылар да, кітап дүкендерінің қызметкерлері де растайды.
Сарапшылардың пікірінше, жастардың оқуға деген көзқарасы жағымды бағытта өзгеруде, өйткені бүгінгі таңда олардың рухани əлемін байытудың түрлі жолдары мен шарттары бар. Бұған гаджеттердің соңғы үлгілері де ықпал етеді. Ғаламтордан кез келген кітапты онлайн түрде жүктеп алып, өзіне ыңғайлы жер мен уақытта ашып оқуға мүмкіндігі бар.
Қазіргі таңда түрлі керемет кітаптар шығуда. Мысалы, «Өмірдің аты М», «Құпия», «Екінші болма» сынды кітаптар адам өмірінің 100 пайызын өзгертпесе де, 50 пайызын өзгертеді деп айтып жатады кітап сүйер қауым.
«Кітап оқыған озар, асық ойнаған азар» деп бекер айтпаған шығар, сірə. Кітап оқыған адамның жан дүниесі, ойлау қабілеті, дүниетанымы, қиялы басқаша болады, ал оқымаған адамды мен айтпасам да белгілі.
Қорытындылай келе, мен өскелең ұрпақты барынша кітап оқуға шақырғым келеді. Себебі қарапайым кітап оқу адамның жан дүниесін 180°-қа өзгертіп жібере алады, себебі кейбір оқылған əңгімелер өмір бойы есте сақталып, тіпті тағдырға əсер етеді.
Кітаптар адал дос сияқты, өз тəжірибелерімен бөліседі жəне қызықты сұрақтарға жауап береді. Олар сіздің қандай адам екеніңізді, қандай мінез ерекшеліктеріңіз бар екенін түсінуге көмектеседі.

Досымжан БЕРДІХАН,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Конвергентті журналистика» білім беру бағдарламасының
3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.