Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жасыл ел» жарқын болашаққа бастайды

0 318

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» атты Үндеуінде жастардың жұмыссыздығын басты назарға алып: «Жұмыссыздықты, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керек», – деген болатын. Бұл бағыт бойынша Тараз қаласында ілкімді істер атқарылуда.

Бүгінде көне шаһар тұрғындарының жалпы саны 431 166 адамды құраса, оның 120 902-сі – 14 пен 35 аралығындағы жастар. Яғни қала халқының 28,04%-ын жастар құрап отыр. Қазіргі таңда қалада жалпы 39 506 студент білім алуда, оның 19 826-сы – жоғары оқу орнының студенттері, 19 680-і – колледж студенттері. Сондай-ақ мектеп оқушыларының жалпы саны 76 904, оның 18 196-сы – 14-18 жас аралығындағы оқушылар.
Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркеповтің айтуынша, жылдар бойы жастарды патриоттық тәрбиелеу мақсатында «Жасыл ел» бағдарламасы жалғасып келеді.
– Ағымдағы жылы жастарды бос уақытында еңбекке баулу «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын ұйымдастыруға, жастарды уақытша жұмыспен қамту бағытында 190 жас жұмыспен қамтылды. Күніне 8 сағаттық уақытша жұмыспен қамтылатын жастардың бір айлық жалақысы 85 000 теңгені құрайды. «Жасыл ел» еңбек жасақтарына 16 жастан бастап жұмысқа қабылданады. 18 жасқа дейінгі жастар ата-аналарының рұқсатымен қабылданады. «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары қаладағы саябақтар мен көшелердің күл-қоқыстарын тазалаумен қатар, қала өмірінің гүлденіп, дамуына өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, «Жасыл ел» еңбек жасақтары қаладағы саябақтарда, «Жастар» аллеясы, Қ.Рысқұлбеков саябағында жұмыстар жүргізіліп, Ы.Сүлейменов, Желтоқсан, Б.Майлин, Қ.Тұрысов көшелеріндегі ағаштардың жабайы бұтақтарын кесіп, арықтарын қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізуде, – дейді Абзал Есенұлы.
Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында бүгінде қала аумағында біршама жерде тазалық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, «Мамыр тоғайында» санитарлық-тазалық жұмыстары жасалып, күл-қоқыстан, жабайы шөптерден тазалау, тал балақтау сияқты жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ Б.Момышұлы көшесінің бойындағы аялдамаларды сырлау, жуу жұмыстары ұйымдастырылды және «Ұлы дала» ықшамауданында аумақ тұрғындарының қатысуымен «Біздің аула» атты тазалық жұмыстары мен ағаш көшеттері отырғызылды.
Дәл осы шаһардың шырайын ашатын жұмыстарға белсене атсалысып жүрген «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбазы Шарбану Ынталы қоршаған ортаны қорғау, тамыры терең қаламызды таза ұстау әрбір адамның басты міндеті деп санайды.
– Тараз – көне дәуірлердің естелігі, адамзат мәдениетінің биігінде айтарлықтай орны бар шаһар. Сондықтан 2000 жылдан астам тарихы бар өлкеге арнайы ат басын бұратын туристердің саны аз емес. Мұндайда қонақтарға керемет әсер қалдыру үшін қаланың құлпырып тұрғаны жақсы. Бұған бәріміз өз үлесімізді қоса аламыз. Осы мақсатта мен 3 жылдан бері «Жасыл ел» еңбек жасағына жұмыс жасап келемін. Үйренгенім тек айналаны тазалау ғана емес, сонымен қатар әртүрлі қоғамдық жұмыстар мен өмірлік сабақтарды да алдым десем де болады. Бұл – мен үшін мақтана айтатын жұмыс. Себебі жұмыс уақытысын сабақ кестесіне қарай ыңғайлы етіп қоюға болады. Сонымен қатар өз ортаңды, яғни жақын достарды табуға да мүмкіндік береді. Ең бастысы, отансүйгіштікке бейімдеп, айналамызды таза ұстап, патриоттық сезімге тәрбиелейді, – дейді жас сарбаз Шарбану Жамбылқызы.
Сондай-ақ Шарбану сияқты жастар жасөспірімдердің жазғы демалыстарын көңілді өткізу үшін волонтерлық жұмыстарға белсене атсалысып келеді. Нақтырақ айтқанда, орталыққа қарасты 5 аула клуб жасөспірімдерге арналған түрлі үйірмелер бойынша жұмыс атқарады. Атап айтқанда, «Азимут» аула клубында 4 үйірме, «Арай» аула клубында 4 үйірме, «Бәйтерек» аула клубында 5 үйірме, «Қабілет» аула клубында 5 үйірме жұмыс жасауда. «Балауса» аула клубы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Business Hub» орталығына берілген. Сондай-ақ жастар мен жасөспірімдер арасында волонтерлық бағытты дамыту мақсатында Жастар ресурстық орталығы 7 бағыт бойынша тұрақты жұмыстар жүргізуде.
Дегенмен қалада дәл осындай еңбексүйгіш жастардың қатары көп болғанымен, өкінішке орай, жұмыс істемейтін, білім алу немесе кәсіби даярлықпен айналыспайтын және білім беру жүйесі мен жұмыспен қамту саласынан тыс жастардың қатары да аз емес. Осы мәселенің алдын алу үшін Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар, жастарға арналған мүмкіндіктер және қалада жүргізіліп жатқан реформалар, жас отбасылар арасында ажырасудың алдын алу, NEET санатындағы жастармен жұмыс, жастарға анонимді психологиялық көмек көрсету, жастар мен жастар ұйымдарына құқықтық, әдістемелік көмек көрсету бойынша кеңестер беруде.
Жұмыс істеуге деген құштарлық азаюының тағы бір себебі, диплом алған түлектер көп жағдайда жұмысқа орналасу, тұрақты жұмыс табуда қиындықтарға тап болып жатады. Қалада тіркеуі жоқ, жалдамалы пәтерде күн кешетін, білім алуға мүмкіндігі жоқ жастардың қарасы аз емес. Еңбек нарығында кейбір мамандықтарға сұраныстың жоқтығынан, білімді жастар қара жұмысқа жегіліп жатыр. Айталық, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы Тараз қаласында 11 228 жұмыссыз, NEET санатындағы жастарды анықтап, тізімін жолдаған болатын. Анықталған жастарға тізім бойынша адрестік жұмыстар 11 228 жасқа жүргізіп, әлеуметтік портреті әзірленді. Бүгінгі таңда «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі базаға 11 228 жас енгізілді. Қалған NEET санатындағы жұмыссыз 23 жаспен жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда NEET жастар және жас отбасыларға кәсіптік бағдарлау жұмысына жастарды еңбек нарығының қажеттіліктері туралы хабардар етуге Жастар ресурстық орталығы тарапынан 41 іс-шара ұйымдастырылып, 3 500-ге жуық жастар қамтылған болатын.
Осы орайда еңбекке еті үйренбеген жастардың жайын білмекке қала тұрғындарын да сөзге тартып едік. Олардың пікірінше, жастарды еңбекке бала кезден баулу керек екен.
– Біз бала кезімізден үйдің бітпейтін тіршілігімен айналыстық, бауырларымызға қарайтынбыз. Оқуға түсе алмай қалған жылдары кеңшарға келіп, қой бордақылауға көмекші болдым. Себебі ата-анамыз бізді үнемі адал еңбек етуді есімізге салып отыратын. Адал жолмен келген нанның дәмі қашанда тәтті. Жұмыс ең әуелі бізді тұрақтылыққа, жауапкершілікке жетелейді. Өйткені жұмыс істемеген адам жақсы тамақ ішпейді, жақсы көлік мінбейді, жақсы киім кимейді. Меніңше, өмірі бос өткен адамдар – ең бақытсыз адамдар. Жоғарыда айтқанымдай, еңбек істеп жүріп, жоғары оқу орнына дайындалып, өзім қалаған мамандыққа оқуға түсіп, оны жақсы бағамен бітіріп, мамандығым бойынша еңбек етіп қазір зейнетке шығып, сол жастық шақтағы ащы тердің тәтті жемісін жеп отырмын.
Бәрімізге мәлім, бүгінгі таңда Мемлекет басшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде экологиялық «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр. Бұл жоба өз кезегінде көне қаламыздың көркіне көрік қосатын көп істің қолға алынуына мұрындық болады деп сенемін. Көшеде немесе саябақта серуендеп жүріп, осы бастамаға үн қосқан жастарды көріп қуандым. Қоқыс тазалап, ағаш отырғызып, қоршаған ортаны көгалдандыруға жастардың қосып жатқан үлесі мол. Атам қазақ «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ғой. Осындай жастарымыз көп болсын, – дейді шаһар тұрғыны Гүлдариха Жаңабаева.
Әрине, «Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» немесе «Бір тал кессең, он тал ек» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Жасыл желек – жан саясы. Қай дамыған мемлекетті алып қарасаңыз да, жастардың белсенділігі өте жоғары екенін көріп, бар шаруа жастардың жұмыла қатысуымен бітетіні белгілі. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген философияны өскелең ұрпаққа ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға мүмкіндік тудырды. Сондықтан да еліміздің гүлденуі үшін, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуы үшін бәріміз жұмыла жұмыс жасауымыз керек.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.