Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тазалық табалдырықтан басталады

0 305

Кез келген дамыған елдің басты айқындаушысы – қаланың тазалығы мен қоғамдық тәртіптің тұрақты болуы. Алайда біздің шаһарда тазалық мәселесі күн тәртібінен түсер емес.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суретті түсірген Юрий КИМ

Шаһардың келісті келбетін сақтауға бірнеше ұйымның жауапты екені белгілі. Алайда бұл мекемелердің жұмысы бір жүйеге енбегендіктен, санитарлық жағдай күрделеніп, тазалыққа қатысты шағымның саны күрт артқан. Тараздың мөлтек аудандарындағы санитарлық жағдайды реттеуге аталған мекемелердің күші аздық ететінін ескерген қала әкімдігі №8 округте пилоттық режимде жаңа жобаны жүзеге асыруда. «Самал», «Мыңбұлақ», «Талас», «Жайлау», «Салтанат» мөлтек аудандарының аумағында іске қосылған жоба тазалықты реттеуге, үй маңайындағы санитарлық жағдайды қалыпты ұстауға бағытталған. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда қала әкімі Қайрат Досаевтың тапсырмасымен бұл әдіс өзге округтерде де іске қосылады. Әдістің ерекшелігі сол, әдетте бір аумақты тазалауға 10 қоғамдық жұмысшы жұмылдырылады. Ал бұл жағдайда аталған 10 жұмысшыға қосымша тағы 12 адам қосылып отыр. Яғни №8 округте бүгінде 22 адам тазалықты реттеуге атсалысуда. Бұл жұмыскерлердің айлық жалақысын беруге Жұмыспен қамту орталығы жауапты. Сынақ режиміндегі жоба аясында еңбек етіп жатқан азаматтар әзірге 52 мың теңге мөлшерінде айлық алады. Жобаның жүзеге асырылуы жөнінде Тараз қаласы әкімінің №8 округ бойынша бас инспекторы Сағындық Үсіпбеков кеңінен баяндап берді.
– Біздің еңбеккерлер бір сәт үзіліссіз тыным таппай жұмыс істеп жатыр. Әлбетте, бір аймақты бастан-аяқ тазалап шыққаннан гөрі ол жердегі тазалықты қадағалап, күн сайын реттеп отыру әлдеқайда жеңілірек. Бірақ біздің тұрғындарға мұны түсіндіру қиын. Сол үшін біз бір мөлтек ауданды тазалап болып, кейін екіншісіне білек сыбана кірісеміз. Біздің жұмыстың ілгерілеуіне кедергі келтіретін басты фактор – тұрғындардың салақтығы мен жауапкершіліктің төмендігі. Мысалы, біз «Жайлау» мөлтек ауданын тазалап, «Салтанат» мөлтек ауданының жұмысына кірісе бергенде, тазалап кеткен аумақты қайта шолып шықтық. Осы тұста жаға ұстатарлық жайтқа куә болдық. Айналдырған 2-3 күннің ішінде тұрғындар біз тазалап кеткен жерді қайта ластаған. Бір тазалаған жерді екінші рет қайта реттеуге тура келді. Бұл – өте қиын жағдай, – деді инспектор.
№8 аумақта барлығы 207 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 107-сі пәтер иелері кооперативінің құрамына енбеген. Яғни мұндағы жалпы ахуалға үй ағалары жауапты. «Азамат-Жайлау», «Самал», «Алмабұлақ», «Эльбрус», «Ақбота», «Еңбек», «Алатау-2», «Талас-1», «Путь», «Светлана» деп аталатын 10 пәтер иелерінің кооперативі жұмыс істейді. 53 мың тұрғыны бар №8 округті тазалау жұмысы барысында күн сайын 2 рейспен 8 тонна қоқыс шығарылып жатыр. Жоба бойынша бүгінде «Жайлау», «Мыңбұлақ» мөлтек аудандары толық тазартылды. Әр аумаққа 1 аптадай уақыт кетеді. Осылайша, 5 бірдей мөлтек аудан толық тазартылады.
– Біз қоқыстарды жинап қана қоймаймыз. Аулаларды сыпырамыз, қураған шөпті жинаймыз. Қоқыстарды тазалаймыз. Бірнеше метр сайын қоқыс жәшіктері орналастырылса, мәселе мұншалықты күрделі болмас еді. Мен тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөліміне бірнеше рет қайырылдым. Мардымды жауап ала алмадым. Мені таң қалдыратын жайт, тұрғындар қоқысты арнайы контейнерге дейін жеткізіп тастауға ерінеді де, есіктің аузына, арықтарға тастай салады. Контейнерлердің жағдайы да сұмдық. Көбі балаларын жұмсайды. Олар қоқысты жәшіктің ішіне емес, сыртына тастайды. Соның кесірінен иісі жағымсыз, қолқаны алатын үйінді пайда болады. Менің аумағымда барлығы 39 қоқыс алаңы бар. «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС қызметкерлері күн сайын тазартады. Алайда еңбек еш кетіп, тұрғындардың тиянақсыздығының кесірінен баяғы жартас сол жартас күйінде қалып отыр, – дейді Сағындық Жанысбекұлы.
Пәтер иелерінің кооперативі тазалық сақтау жұмыстарын тиісті деңгейде орындап келеді. Ал бұл құрамға енбеген үйлердің тазалығы сын көтермейді деуге ауыз бармайды. Мысалы, 7-ші мөлтек аудандағы №7 үй, 9-шы мөлтек аудандағы №17, 8 үйлер, 4-ші шағын аудандағы №27 үй мен 3-ші мөлтек аудандағы №12 үйдің үй ағалары тазалықты жіті бақылауда ұстап, аулада апта сайын сенбілік жұмыстарын жүргізеді. Өкініштісі сол, қазір қалада сенбілікке шығатын белсенділердің қарасы аз. Өздерінің туған қалаларына жанашырлық танытатын азаматтардың саны көп болса, бір мезгіл қоршаған ортаға көңіл бөлсе, жастарға үлгі көрсетсе, тазалық сақтау үлкен эстафетаға айналар еді. Сағындық Үсіпбековтің айтуынша, сенбілікке тек орта жастан асқан үлкендер ғана атсалысады. Ал жастар өз аумағына ұқыптылықпен қарауды ниет етпейді. Қоқысты тиісті орынға тастамай, жағымсыз жағдай тудыратын да сол жастар дейді инспектор. Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторлары да қоқысты ретсіз тастайтын тұрғындарға айыппұл салуға қауқарсыз болып отыр.
Расында, тазалық табалдырықтан басталады. Аталған округке қарасты кейбір жеке меншік мекемелер осы мазмұндас адамгершілік қағидаларын ұстануға асықпайтындай. Тек спорт, білім беру мекемелері өздеріне тиесілі аумақта уақтылы сенбілік өткізіп тұрады. Мұнда барлығы 11 балабақша, 7 мектеп бар. 2 емхана мен кітапхана қызметкерлері де тазалық жұмыстарынан қалыс қалған емес. 330-ға жуық дүкен мен түрлі көңіл көтеру орындары тұрғындарға қызмет көрсетеді. Бұл нысандарда жұмыс істейтін қызметкерлер де, тұрғындар да тазалық ұғымын тереңірек түсініп, жобаның жақсы нәтиже көрсетуіне ықпал етуге мүдделі болуы тиіс. Қаладағы басқа аумақтар да осындай ауқымдағы тазалық шарасын қажет етіп отырғаны белгілі. Сол себепті де жобаны жүзеге асырушылар жұмыстарын дәл осы ырғақта жалғастыра бермек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.