Жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке баулу, тәрбиелеу қашанда өзекті. Біздің болашағымыз – жас ұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ел ертеңі болар жасөспірімдерді тәрбиелеу, әлеуметтік тұрғыдан барынша көмек көрсету, толыққанды білім алуына жағдай жасау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – еліміздің ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі. Тәрбие мен оқыту – өзара тығыз байланысты, бір-бірінен бөліп алуға болмайтын біртұтас үдеріс. Білім беру мекемелеріндегі тәрбие пән мазмұны, сынып сағаттарының және мектептен, сыныптан тыс қосымша білім беру мазмұны арқылы жүзеге асады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында: «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек», – деп Әділетті Қазақстанды құру жолында маңызды өзгерістер, тіпті ауқымды реформалар керектігіне баса назар аударды. Әділетті Қазақстанды құру үшін бүкіл қоғам болып жұмылуы керектігін, әр азаматтың санасының жаңғыруы қажеттігін, халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс екенін, әйтпесе басқа реформалардың барлығы бекер болатынын нақты атап өтті.
2023-2024 оқу жылына арналған тәрбие жоспары «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» ұлттық, адами құндылықтарға негізделіп жасалды. Бұл жоспарда мектептегі тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін білім алушылардың бойына ұлттық мүдде, ар-ұят, талап сияқты құндылықтарды қалыптастыруды көздедік. Сол арқылы тәрбиенің мақсаты мен міндеттері де айқындалып, тоғыз айға тоғыз жоба бекітіліп, білім алушыларды тәрбиелеу ісі оқу жылының өн бойында үш құндылық аясында жүзеге асып отырды.
Сынып сағаттары мен тәрбие жұмыстары шеңберінде ұлттық мүдде, ар-ұят, талап құндылықтарын негізге алып, әдептілік, әділеттілік, мейірімділік, адалдық, отаншылдық, қамқорлық, азаматтық жауапкершілік, еңбекқорлық, ұлттық мұра мен қазақ тілін қастерлеу, қоғам игілігіне қызмет ету, денсаулық пен салауатты өмір салтын ұстану секілді қасиеттерді қалыптастыруға ықпал ететін сыныптан тыс іс-әрекеттер, дөңгелек үстелдер, пікірталастар, танымдық ойындар, ата-ана арасында сайыстар және өзге де формада түрлі іс-шаралар өткізілді.
Атап айтсақ, оқу жылының процесінде «Тоғыз айға – тоғыз іс-шара» жобасы аясында «Мектебім – мейірім мекені» салтанатты жиын мен сынып сағаттары, 25 қазан – Республика күніне орай «Туған елім – Қазақстаныма арнаймын» атты мерекелік іс-шара, Төле бидің туғанына 360 жыл толуына орай «Төле би – адалдық пен әділеттіліктің негізін қалаушы» тақырыбында сынып сағаттары, ҚР Тәуелсіздік күніне «Тәуелсіздік таңы мәңгілік» тақырыбында сынып сағаттары, Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығына орай 8, 9-сыныптар арасында «Жыр Құлагері» атты дөңгелек үстел, «Ауғанстан – жүректегі жара» тақырыбында Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу, 22 наурыз мерекесіне сәйкес «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» атты ұлттық ойындардан эстафеталық ойындар, 12 сәуір – Ғарышкерлер күніне «Ғарышкерлер көктемі» сынып сағаттары, 9 мамыр – Жеңіс күніне орай «Ұлы Жеңіске мың тағзым» дөңгелек үстел және өзге де ұлттық мүдде тұрғысынан тәрбиені көздейтін іс-шаралар атқарылды.
Ар-ұят құндылықтары негізінде 15 қыркүйек – Отбасы күніне байланысты «Рақмет саған, Әке!», ұстаздар мерекесіне орай «Ұстазға алғыс» тақырыбында сынып сағаттары, «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Қыз бала – болашақ ана» тақырыбындағы дөңгелек үстел, «Қайырымдылық» жобасы аясында «Күнделікті өмірдегі адалдық» атты сынып сағаттары, гимназия білім алушыларының әлеуметтік желілердегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Интернеттің пайдасы мен зияны» тақырыбында сынып сағаттары, білім алушылардың арасында «Алғысым шексіз» тақырыбында челлендж, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Қолөнер шеберханасы» жобасы, жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын нығайту мақсатында «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» арнайы мамандармен кездесу, «Игі істер» акциясы өткізілді.
Талап құндылығына сәйкес, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Бізді ақылды еткен кітап – дана» кітап керуені, «Күз ханшайымы-2023» тақырыбында 4-сыныптар арасында байқау, «Дебат» жобасы аясында дарынды балаларға қолдау көрсету мақсатында «Болашақ жастарды тәрбиелеуде рухани құндылықтарды дәріптеу маңызды/маңызды емес» тақырыбында дебат, технологиялық және цифрлық дағдыларды ілгерілету, уақыт пен қаржыны тиімді жоспарлау мақсатында «Интернеттің пайдасы мен зияны» тақырыбында 10,11-сыныптарға эссе, 15 сәуір – Экологиялық білім күніне орай «Табиғат әлемі – балалар көзімен» 6,7-сыныптар арасында сурет байқауы, «Тоғыз айға – тоғыз іс-шара» жобасы аясында «Домбырашылар», «Шахмат ойнау», «Жасыл мекен» және өзге де шаралар ұйымдастырылды.
Қорытындылай келе, ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы електен өткізіп, ұрпағына мұра етіп қалдырған ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ар-ұят, ұлттық мүдде, талап бағыттарын жас буынның бойына сіңіру – білім беру мекемелері, ата-ана, қоғам, яғни баршамыздың парызымыз. Бірлескен жұмыстың ғана нәтижесі болмақ. Сонда ғана ұлттық сана-сезімі толыққанды жетілген, туған тілін еркін білетін, ұлттық сипаты мен ұлттық рухын жоғалтпаған ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Раушан ҚОЖАМЖАРОВА,
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы