Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қастеевтің қара шаңырағы

0 5  209

Ағымдағы жылы – қазақтың ұлы суретшісі Әбілхан Қастеевтің туған күні. Аса талантты адамның туғанына да 120 жыл толып отыр.

Алматының атақты «Қазақстан» қонақ үйінің артындағы жер үйлердің арасында бұл күнде тарих және мәдениет ескерткішіне айналған ерекше бір үй бар. Ол – Қастеевтің қара шаңырағы.
Қазіргі кезде тар көше мен қаптаған үйлердің арасынан табылуы қиынға айналғаны болмаса, өз дәуірінде, яғни көше Городская деп аталған кезеңде Кіші Алматы өзенінің жағасындағы зәулім, еңселі үй болғаны байқалады.
– Бұл үйді 1955 жылы арнап Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.А. Қонаев даңқты суретші үшін арнайы нұсқау беріп салдыртқан, – деді үй әрі музейдің басшысы болған Еркін аға Нұразхан.
Бір қабатты үйге суретшінің отбасы 1958 жылы көшіп келеді. Осы үйге келген кезде бұрын оқыған әңгімені есіме түсірдім. Суретші Қастеев елгезек адам болыпты: ұйқыдан ерте тұрады да, аула сыпырады, жинайды, гүлдерді суғарады. Содан кейін шеберханасына кіріп кетеді. Күнделікті жұмысы, дағдысы сол. Сөйтіп жүргенде бір көршісі Қастеевті шақырып алып: «Осы үйді бір атақты суретшіге салып жатыр деп айтатын еді. Бірақ, мен сол кісіні бір көрмедім ғой», – депті. Әбілхан аға: «Ол мен ғой», – деген екен. Сонда жаңағы орыс көрші сасып қалып: «Кешіріңіз, аула тазалап, сыпырып жүргенге сізді аула сыпырушы екен деп ойлап қалыппын», – депті. Ұлы адамның қарапайымдылығына шек жоқ қой.
Қастеевке арнап салынған алғашқы үйдің іргетасы төмен болғандықтан, үй 1966 жылы толығымен бұзылып, оның орнына басқа үй тұрғызылады, ал 1968 жылы шеберхана жапсарластырыла салынып, осында суретші өзінің көптеген туындыларын дүниеге әкеледі. Үйдің құрылысы Алматы қаласының бас сәулетшісі Н. Оразымбетовтің жобасымен салынды. Үйдің тарихынан бастап таныстары бастаған Еркін аға әңгімені бөлмелер мен шеберханаға қарай бұрды. Айтуынша, қазіргі үй әу бастағы қалпынан көп ауытқымаған: үлкен қонақ бөлме, 3 жатын бөлме, ас үй, жуынатын бөлме, дәліз; үйдің қасында шағын бақ бар. Музейдің жалпы аумағы 0,7 га аумақты алып жатыр, үйдің жалпы аумағы 142 шаршы метр, оның экспозиция-көрме аумағы 100 шаршы метр, қызмет аумағы – 40 шаршы метрді құрайды.
Ұлы суретші бұл үйге көшіп келген 1958 жылдан 1973 жылға дейін тұрған екен. Өмірінің соңғы сәттері де осы шаңырақта өтіпті. 1973 жылы 15 қазанда ғана қаланың орталық жылу жүйесіне қосылады. 2 қараша күні ұлы суретші өз ауласында отырып, жүрек талмасынан қайтыс болады.
– Былай қарай жүрсең, міне, мынау – суретшінің шеберханасы. Осы шеберханада атаң «Амангелді сарбаздары», «Қапшағай ГЭС-і», «Кенен Әзірбаев» сынды кескіндемелік шығармалары мен сандаған акварельдік жұмысын жазды. Бір ғана Амангелді бейнесін жасау үшін жүзден аса эскиз жасаған. Үлкен залдан көрген батыр Амангелдінің портреті негізгі түпнұсқасы емес, бірақ сол түпнұсқаға өте-мөте жақын көшірмесі, – деді музейдің директоры.
Заманында бұл үй – қазақ интелиигенциясының басын қосатын, әр түрлі тақырыпта келелі әңгіме қозғайтын, берекелі шаңырақ болғаны аңдалады. Қонақ боп келген атақты тұлғалардың тартқын сыйлықтары сол дәуірдің көзіндей болып әлі сақталып тұр. Нақтырақ айтқанда, Қастеевтің қарашаңырағына қазақ интеллигенциясының ең тамаша өкілдері – белгілі композитор Нұрғиса Тілендиев, биші Шара Жиенқұлова, Өзбекстандағы қазақ суретшісі Орал Таңсықбаев, қырғыздың белгілі суретшісі Ғаппар Айтиев, кинооператор әрі кинорежисер Ескендір Тынышбаев (қазақ қоғам қайраткері, «Алашорда» мүшесі Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы) жиі ат басын бұратын болған.
Еркін Нұразханның айтуына қарағанда, суретші үйінің берекесін арттыратын құнды жәдігер – ақ самаурын. Ел арасында мәлім болып кеткен бұл самаурынның түбінде отырып шай ішу – шығармашылық тұлғалардың өнер тұрғысынан тұщымды әңгіме қозғап, ой-пікір алмасулары өтетін және мәдениеттің соңғы жетістіктері талқыланып қоймай, елдің болашағы, ұлт тағдыры жайлы армандарымен бөлісетін орта болған деседі.
Қазіргі таңда ақын Мұхтар Шаханов басқаратын «Жалын» журналы шай ішудің алтын ордасына айналып отырғаны секілді, бұдан жарты ғасыр уақыт бұрын мұндай қызулы орта, думанды жер Қастеев үйінің шамын ұзаққа дейін сөндірмеген. Әйгілі өнерпаздар Хакімжан Наурызбаев, Молдахмет Кенбаев, Үкі Әжиев, Сахи Романов, Әубәкір Ысмайылов, Жанатай Шәрденов және т.б. көптеген аға буын суретшілер осындай шығармашылық шай ішулердің жиі қонағы болыпты. Айтпақшы, Рокуэл Кент бастаған америкалықтар мен Моңғолия, Венгриядан келген өнер қайраткерлерінің делегациясы түстеніп шай ішпесе де, бір рет бас сұғуға жарағанын ұмытып барам.
Алғашында кәдімгі үй, кейіннен музейге айналған ерекше шаңырақта Ә. Қастеев пен оның отбасы мүшелерінің заттары мен қолданған бұйымдары қойылған. Мұндағы әрбір экспонат – шығармашылық процеске қолданылған немесе тұрмыстық бұйымдар. Жиһаз, мольберт, тұрмыстық бұйымдар, этюдниктер, Ә.Қастеевтің өз қолымен жасалған графиканы сақтап, алып жүруге ыңғайлы жәшіктер, фотоматериалдар, мұрағат құжаттары осы жерде жайғастырылған. Бұл жайлы Еркін Нұразхан былай деп сыр шертеді:
– Мына бір суретке назар аударсаң болады. Қастеев атамыз мұндағы кез келген заттың түгелін өз қолымен жасаған. Балаларын ойнатып, ары-бері жүргізіп қызықтайтын шағын арбаны шебер осы шеберханада жасап шыққан. Тұрмысқа қатысты заттардың түгелге дерлігін жасап алатын іскерлігі оның жалшылық кезеңіндегі әдеттерінен қалыптасса керек.
Белгілі суретші Әбілхан Қастеевтің үйін музейге айналдыру мақсатымен суретшінің отбасы 2004 жылы наурыз айында мемлекетке өткізген болатын. Бұл жыл Ә. Қастеев жылы деп аталып, ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен суретшінің 100 жылдық мерейтойы әр жерде аталып өтті. Суретшінің музей-үйінде ҚР Мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің Ә.Қастеевтің мұрасын зерттеу орталығы орналастырылып, 2014 жылы 17 ақпанда келушілерге өз есігін ашты.
Ә.Қастеевтің мұрасын зерттеу орталығы Әбілхан Қастеевтің көркемдік мұрасын жинап, оны зерттеумен, ағартушылық және білім беру қызметімен айналысады. Ә.Қастеевтің музей-үйінде суретшінің өмірі мен шығармашылық қызметіне арналған түрлі тақырыптық іс-шаралар өткізіледі. Тұрақты экспозициядан басқа балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының көрмелері де өткізіледі, экскурсия жүргізіліп, суретшілермен және басқа да шығармашылық интеллигенциямен кездесулер ұйымдастырылады.

Заңғар ТІЛЕУҒАЗЫҰЛЫ,
тарихшы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.