Қалалық қоғамдық-саяси газет

Наурызда туған тұлғалар

0 189

Табиғат түрленіп, Жер-ананың құшағы көк кілемге оранып, адамның жан дүниесінде мамыражай мейірім орнайтын бұл айды қазақ халқы ерекше құрметтеп, аталған айда дүниеге келген сәбиге жақсы ат қоюға тырысқан. Солардың қатарындағы Алты Алашқа аты аңызға айналған Алтын орданың соңғы билеушісі Наурыз хан, елі үшін етігімен су кешкен Наурызбай батыр сияқты тұлғалардың есімі жанымызда жаңғырып тұр. Атаулы мереке аясында көктемнің алғашқы айында өмірге келген ұлтымыздың ұлағатты азаматтарының есімін еске түсіруді жөн көрдік.

Жалпы бұл айда туған адамдар алға қойған мақсатына жетпей қоймайтын жігерлігі мықты қалыптасқан дейді. Шынымен де, халқы үшін басын бәйгеге тіккен, халқымыздың тұңғыш саяси «Алаш» партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым, әдебиеттанушы, аудармашы әрі дарынды публицист Әлихан Бөкейхан 1886 жылы 5 наурызда Қарқаралы уезінде дүниеге келген. «Жер – Отан, ал Отанды сатуға да, жекеменшікке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны төгілген», – деп ұрандай білген ұлт көсемі 1937 жылы Мәскеуде ату жазасына кесілген болатын. ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларының қатарында оқ бойлы озық тұрған тұлға Әлихан Нұрмұхамедұлы есімі тек араға 52 жыл салып, 1989 жылы 14 мамырда КСРО Жоғарғы сотының қаулысымен қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталды.
Ал атағы Алты Алашқа танылған екі дүркін Социалистік Еңбек Ері, жерлесіміз, даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаев 1896 жылы 29 наурызда жарық дүние есігін ашқан. Дала академигі қаракөл қойының тұқымын сұрыптауға және жақсартуға үлкен үлес қосты. Ол өсірген Шопан ата төлі шет елдерде жоғары бағаланды. Мал тұқымын асылдандыруының арқасында Жаз-ата екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған.
Наурыз айында туған жазушылар да аз емес. Соның бірі – 1902 жылы 22 наурызда дүниеге келген қазақ әдебиетінің классик жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсірепов. Ол «Қазақ солдаты», «Ұлпан» романы сияқты кесек туындылармен бірге, «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» сияқты опера либреттоларын тудырған жазушы.
Ал 1927 жылы 23 наурыз – әдебиет сыншысы, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Серік Қирабаевтың туған күні. Сондай-ақ 1935 жылдың Көрісу күнінде, яғни наурыздың 14-ші жұлдызы Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданында белгілі прозашы, драматург, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жамбыл атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты Қалихан Ысқақ дүниеге келді. Ал 1948 жылдың осы айы, осы күнінде ұлттық балалар әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын ала келген қаламгер Марат Қабанбаев жарық дүние есігін ашқан. Аталған айда туған Қаржаубай Сартқожаұлы, Оразбек Бодықов, Смағұл Елубай қатарлы қалам иелері де бар. Сөз реті келгенде айта кететіні, 3 наурыз – Халықаралық жазушылар күні болуымен де ерек.
Бұл айда өмірге келіп, өлең өлкесінде өзіндік із қалдырған ақындар да баршылық. Мәселен, жырау, ағартушы, композитор Таңжарық Жолдыұлы 1903 жылы 15 наурызда, Іле Қазақ автономиялық облысында, Күнес ауданы, Қамысты ауылында туған. Ол араб, парсы, шағатай, қытай, орыс, ұйғыр тілдерін жетік меңгеріп, әлем әдебиетінің озық үлгілерімен танысқан. Ал шығыс шайыры Омар Хайям мен орыс әдебиетіне өзгеше бұрылыс әкелген А.Пушкинді қазақша сөйлеткен шебер аудармашы, поэзия дүлдүлі Қуандық Шаңғытбаев 1925 жылы 21 наурызда жарық дүние есігін ашты.
Әдеби ортада лирик ақын ретінде мойындалған, қаламынан туған «Студент дәптері», «Қош, көктем», «Хаттар, хаттар», «Махаббат оты сөнбейді» сияқты жыр жинақтары оқырман жүрегіне жол тапқан ақын Тұманбай Молдағалиев 1935 жылы 20 наурызда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында дүниеге келген. Ақын сөзіне жазылған «Құстар қайтып барады», «Әнім сен едің», «Бақыт құшағында» әндері бүгінде халық арасында кең танымал. Қазақтың біртуар ақыны 2011 жылдың коңыр күзінде өзі жырлаған құстармен бірге өскен жерін қимай, өскен жерге сыймай, мәңгілік сапарға аттанды.
Аз өлеңімен көп қазақты тамсандырған тағы бір талантты ақынымыз Төлеген Айбергенов 1937 жылы 8 наурызда Қарақалпақ елінің Қоңырат деген жерінде туған. Небары 30 жыл ғұмыр кешкен талант өзінің мәңгілік биігінде қалды. Тағдыры Төлегенмен ұқсас тағы бір шайыр жерлесіміз Серік Томанов та 1956 жылы 4 наурызда Таласта туып, жырлары қазақ даласына жеткен ұл. Ал наурыз айының 18 жұлдызы – жүйрік журналист, жерлесіміз, сатираның саңлағы Толымбек Әлімбекұлының туған күні. Ол 1954 жылы Жуалы ауданының Амансай ауылында дүниеге келген. Сықақ әңгіме, өлеңдері «Қарлығаш», «Күлеміз бе, қайтеміз?», жинақтарының, «Қазақстан» телеарнасындағы «Әзілкештер ауылы», «Хабар» телеарнасындағы «Әзілің жарасса…» бағдарламаларының авторы.
Ән-күй, кино, сахна өнерімен халқына қайрат сыйлаған тұлғалардан да осы айда өмір есігін ашқандары бар. Арқаның әйгілі күрескер ақын-композиторы Мәди Бәпиұлы 1880 жылдың 28 наурызында Қарағанды облысында дүниеге келген. Аса көрнекті әнші әрі күйші ретінде танылған тұлға Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ сияқты cаңлақтармен кездесіп, өнегелі тәлім алған. Мәдидің өнеріне музыка зерттеушісі Александр Затаевич пен Ахмет Жұбанов жоғары баға берген.
8 наурызда өмірге келген әнші, композитор Манарбек Ержанов – ұлт үшін орны ерек тұлға. Қазақтың аймаңдай азаматтарынан басқа, бұлбұл қыздары да аз емес. Айталық, Ұлы Отан соғысы жылдары майдандағы жауынгерлерге концерт беріп, оқ пен оттың ортасында ән салған Жамал Омарованы ешкім де ұмыта алмайды. Ол 1912 жылы 8 наурыз күні туған. Бұлбұл дауысты Жамал, Мәди мен Манарбектердің ән мұрасын өлтірмей, бүгінгі ұрпаққа аманаттаған қазақтың дүлдүл әншісі Жәнібек Кәрменов 1949 жылы 22 наурызда дүниеге келді. 1993 жылы жол апатына ұшыраған Жәнібектің қазасы қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып кетті.
Өнер сүйер қауым «Күй қаршығасы», «Күй аспанының Қаршығасы», «Ғасырдың күйшісі» деп атап кеткен Қаршыға Ахмедияров 1946 жылы 26 наурызда өмір есігін ашып, гастрольдік сапармен АҚШ, Франция, Италия, Үндістан, Венгрия сынды көптеген елде болып, ұлтымыздың ұлы аспабын әлемге танытқан. Дәулескер күйшінің жүрегі 2010 жылы 65 жасына қараған шағында тоқтады. Дәл сондай маңдайға сыймай кеткен ұлдарымыздың бірі – кинодраматург, режиссер, жазушы Сатыбалды Нарымбетов 1946 жылы 8 наурызда Түркістанда дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерiнің соңынан «Аманат», «Мұстафа Шоқай», «Жас аккордеоншының өмірбаяны» сынды керемет фильмдері қалды. Фильм демекші, қазақ киносы жайлы сөз қозғағанда, «Қыз Жібек» туындысы еске оралатыны хақ. Осы фильмде Төлеген образын сомдаған Құман Тастанбеков те наурыз айының тумасы.
«Қыз Жібек» фильмі сияқты әлі де көрерменін жоғалтпаған киноның бірі – «Тақиялы періште» көркем туындысы. Аталған фильмде Тайлаққа қалыңдық іздеген Тана атты кейіпкерді сомдаған Әмина Өмірзақова болатын. Өнерде өз қолтаңбасы бар дарынды артист 1919 жылы 8 наурызда Абай туған өлкеде өмір есігін ашқан.
Тәуелсіздік таңының атуы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасымен тікелей байланысты екені белгілі. Мұзды алаңда халқының мәңгілік көктемін аңсаған қос перзентіміз Ербол Сыпатаев пен Қайрат Рысқұлбеков көктемнің алғашқы күндерінде туған. Каһарлы қыста алаңнан табылған қос батырымыздың бірі жерлесіміз Қайрат Ноғайбайұлы 1966 жылы 13 наурызда Мойынқұм ауданы, Көктерек ауылында дүниеге келсе, Ербол Бейсенұлы 1964 жылы 10 наурызда Алматы облысында жарық дүние есігін ашқан.
Біз наурыз айында туған тұлғалар туралы іздегенде, көктеммен бірге өмірге келген перзенттеріміз аз емес екеніне айқын көзіміз жетті. Олардың барлығын қағаз бетіне түсіре берсек, талай кітапқа жүк болары хақ. Ең бастысы, олардың есімдері ешқашан ұмытылмайды. Ұрпақ жадында жаңғыра береді.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.