Қалалық қоғамдық-саяси газет

Денсаулықты оңалтудың оңтайлы жолы

0 477

Мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету – мемлекеттің маңызды борышы және әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы салада Тараз қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің атқарып отырған жұмыстары нәтижелі.

Санаторийлік-курорттық емделу әлеуметтік қызметтерін ұсынуға берілген өтінішке сәйкес, мүгедектігі бар адамның реабилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы (АОЖБ) іс-шарасын іске асыру мерзіміне мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсынылады.
Мүгедектігі бар адамдар немесе олардың заңды өкілдері өтінішті мүгедектігі бар адамның тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы немесе «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы бере алады.
Жұмыс берушінің кінәсінен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамға санаторийлік-курорттық емделуге жолдама Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 937-бабына сәйкес жұмыс берушінің есебінен беріледі.
Жұмыс берушінің қызметі тоқтатылған, сондай-ақ оны банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген кезде жұмыс берушінің кінәсінен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамға санаторийлік-курорттық емделу мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен беріледі. Санаторийлік-курорттық емделу жылына бір рет он төрт тәулік мерзімге беріледі.
Мүгедектігі бар баланы санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүретін заңды өкілдердің біріне санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде кепілдік берілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде өтемақы беріледі. Емделуге жол жүру шығыстарын төлеу мүгедектігі бар адамның қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Мүгедектігі бар адамның реабилитациялау мен жеке оңалту бағдарламасына сәйкес санаторий-курорттық емделу көрсетілген азаматтардың телефондарына өнім берушіні таңдау қажеттілігі туралы SMS-хабарлама жіберіледі.
SMS-хабарлама келген соң, екі ай ішінде таңдау жасау қажет. Екі ай өткен соң өтініш берушіде порталда өнім берушіні таңдау мүмкіндігі бұғатталады. Өтініш берушінің интернет-ресурсқа қолжетімділігі болмаған кезде жұмыспен қамту бөлімінің өзіне-өзі қызмет көрсету секторына жүгінеді алады.
Әлеуметтік қызмет портал арқылы мүгедектігі бар адамдарға Қазақстан аумағында орналасқан, порталда өнім беруші ретінде тіркелген шипажайларды таңдау құқығы берілген. 2024 жылға 1 465 ересек адам және менталды ауытқушылықтары бар 210 балаға санаторий-курорттық емделуге қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда 1 300 адам демалыстарын жоспарлап, оңалту-сауықтыру шипажайларын таңдау жасады.
Сонымен қатар Тараз қалалық мәслихатының 2023 жылғы 15 қыркүйектегі №7-6 шешіміне сәйкес зейнеткерлерге, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендерге санаторий-курорттық емделуге әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің үш еселенген (138 696 тг) деңгейінен аспаған жағдайда, қырық бес айлық (166 140 тг) есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Өтемақы алу үшін шипажайдан демалып келген соң, тиісті құжаттарды (кассаға төленген түбіртек, счет-фактура, акт) ұсыну тиіс. Өтемақыны төлеу барысында отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынады.
Бұқаралық ақпарат құралдарында зейнеткерлерге ұсынылып отырған санаторий-курорттық емделу бойынша хабарландырулар берілгенмен, бүгінгі таңда шипажайларға барушылар саны төмен болуда. Денсаулықтың оңалтудан оңалатынын ескере отырып, санаторий-курорттық емделуге баруды, табысыңыз аспаған жағдайда өтемақы алуға болатынын зейнеткерлердің назарына жеткізгіміз келеді.

Гүлбахрам Дүйсекова,
Тараз қаласы жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар бөлімі
мүгедектер мен ардагерлер секторының меңгерушісі.
Үміт Сейдуманова,
бас маман

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.