Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылдықтар республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына үн қосты

0 272

Жамбыл ауданында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы берекесімен бастау алып, ауқымын кеңейте түсті. Бүгін аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы ауданның зиялы қауымымен және жастармен бірге аудан орталығы Аса ауылындағы орталық алаңда тазалық жұмыстарына ден қойып, Мемлекет басшысының аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде берген тапсырмасына орай өңір тұрғындарына Үндеуін жариялады.
Экологиялық акция аясында ауданның орталық алаңындағы талдар әктеліп, демалыс орындары сырлануда және сәндік ағаштар отырғызылуда.
Жамбыл ауданы аумағында биыл 5 000 түп ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланса, бүгінге дейін жалпы саны 3 257 түп ағаш егілді. Оның ішінде 350 түп арша, 350 түп туя, 1800 түп қарағаш, 227 түп қораз талдар бар.
Аудан орталығындағы мекемелердің ғимараттары айналасында да тазалық және көріктендіру жұмыстары жүргізіліп, аудан ардагерлері мен жастары орталық Абай көшесінің бойын ретке келтіріп, қапталындағы арықтарды тазалады.
Жалпыхалықтық экологиялық акция Жамбыл ауданындағы барлық 42 елді мекенде жалғасын тауып отыр.
Сонымен қатар, акция аясында ұрпақтар сабақтастығын жалғауды мұрат тұтқан Жамбыл ауданының ардагерлері аудан жастарын тарта отырып, ұрпақтар сабақтастығы ретінде аудандағы 20 еңбек ардагерлерінің аулаларындағы көктемгі егін жұмыстарына қол ұшын берді.
Олар өздерімен бірге жұмыс құралдарын ала келіп, баспана аулаларын күл-қоқыстан тазартты, үй іргесіндегі тәлімі жерді көктемгі егіске дайындау мақсатында аударып, тырмалап, су жүретін арық-атыздарды тартып берді.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сипатты сөзді санаға түйген ақсақалдар мен жастар аула ішіне 50 түп жеміс және 50 сәндік ағаш көшеттерін отырғызды.
Аға буын мен кейінгі ұрпақ сонау ата-бабадан жеткен еңбек дәстүрін осылай дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын паш етті. Ізгілік жолы барлық елді мекендерде жалғасуда.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.