Қалалық қоғамдық-саяси газет

Елтаңба заман талабына сай ма?

0 1  250

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда біраздан бері Елтаңбаға қатысты сын айтылып жүргеніне тоқталды. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек екенін жеткізіп, ортақ келісімге келу үшін арнайы комиссия құрылатынын атап өтті. Сол-ақ екен, әлеуметтік желілерде түрлі пікір қарша борады.
Әрине, кез келген бастаманы жақтайтындар да, қарсылар да болатыны түсінікті. Осы орайда, қазіргі Елтаңбамызға шолу жасап, оның геральдика іліміне қаншалықты сай келетініне көз жүгіртіп көрген едік.

Классикалық үлгідегі герб

Қазір әлемдегі герб ұғымының шығу тарихына байланысты көптеген пікір бар. Геральдика шебері Карл Александр фон Вульворт елтаңбалар ертеректе пайда болуы мүмкін екенін келтіре отырып, жаппай қолданысқа енуін XII ғасырға теліп, Бірінші және Екінші крест жорығымен байланыстырады. Осы дәуірде шығысқа жорыққа аттанған рыцарьлар мен лордтар қалқанына шыққан тегін көрсететін белгі пайдалана бастаған.
Геральдика тақырыбын зерттеген ғалымдардың көзқарасына сәйкес, соған дейінгі қолданылған белгілер геральдика ғылымында герб ретінде саналмайтынын алға тартады. Әйтпесе XII ғасырдан бұрын да әлемде талай-талай империя, корольдік, әмірлік пен хандық болғаны белгілі. Олардың бәрі өздерін өзгелерден ерекшелейтін айрықша белгі қолданғаны түсінікті.
Ұлыбританиялық геральдика шебері Артур Чарльз Фок-Дейвис «Complete Guide to Heraldry» кітабында герб тікелей қару-жарақпен байланысты болуы қажет екенін жазыпты. Осы жинақта Елтаңбаның негізгі элементі ретінде қалқан келтірілген. Карл Александр фон Вульворт та кез келген гербте қалқан болуы міндетті деп санайды. Алайда қалқан түрлі пішінде бейнеленуі мүмкін. Ресейлік суретші-геральдист Михаил Медведов гербтің белгісі қалқан екенін келтіреді.
Гербтің келесі элементі – тәж немесе дулыға. Елтаңба кімге тиесілі екеніне байланысты, әдетте осы екеуі бөлек-бөлек не бірге кескінделеді. Король-діктерде әдетте тәж қолданылса, рыцарьлар әулеті дулығамен шектелген. Кей жағдайда екеуін қатар қолданады. Кейінгі кезде көп ел империялық тарихынан бас тартқандықтан, тәждің орнына басқа белгі салынады.
Мәселен, қазір монархия сақталған Ұлыбритания, Испания, Швеция секілді елдерде әлі күнге дейін елтаңбасында тәж бейнеленген. Ал оның орнына Пәкістан мен Малайзияда ай мен жұлдыз, Исландияда айдаһарлар пайдаланылған. Дегенмен Германия секілді тәждің орнын бос қалдырған мемлекеттер де бар екенін айта кеткен жөн.
Бұдан бөлек, классикалық герб үлгісінде тинктура (бояулар мен басқа де белгілердің жиынтық атауы), қалқан ұстаушы, ұран, бурелет, ламбрекин секілді элементтер бар. Бірақ мұның бәрі міндетті емес. Сонымен қатар гербте қолданылатын түстерге қатысты, оларды қалай пайдалану қажеті туралы бірқатар ереже бар. Мұның бәрін теріп жазбай-ақ қоялық. Айтқымыз келгені, гербті герб деп атау үшін негізгі элементтерін пайдалану керек.

Геральдикадағы кеңестік стиль

Кеңес үкіметі орнағаннан кейін коммунизм идеалдарына сүйенген жаңа стильдегі елтаңбалар пайда бола бастады. Осылайша КСРО басшылығы патшалық дәуірдің белгісі саналатын бүкіл белгіден бас тартуды көздеген. Карл Александр фон Вульвортқа сүйенсек, оларды герб деп атағанымен, дәстүрлі геральдикаға сай емес. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бұл стиль Кеңес үкіметінің ықпалы бар коммунистік елдерде кең тарады. Әсіресе шығыс блоктың елдері мұны жаппай енгізді.
Жаңа стильдің негізгі белгілері ретінде балға мен орақ, қызыл жұлдыз, бидай сабағы, шығып келе жатқан күн таңдалды. Бұдан бөлек, жергілікті жерге байланысты элементтер де қосылған. Қазір кеңестік стильдегі эмблемалар Қытай, Вьетнам, Солтүстік Корея секілді социалистік бағыт ұстанатын елдерде қолданылады. Сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстан секілді тәуелсіз мемлекеттерде де осы стильдің жұрнақтары бар.
Бұрын коммунистік бағыт ұстанған елдер Кеңес Одағы құлағаннан кейін елтаңбасын түбегейлі өзгертті. Мысалға, Болгария 1997 жылы гербін ауыстырып, 1946 жылға дейінгі нұсқаны жаңартып қабылдады. Еуропадағы ғұндардың ұрпағы Мажарстан сонау 1990 жылы елдегі коммунистік режим келмеске кеткен соң, тарихи елтаңбасына оралды. Сол секілді Босния, Хорватия, Черногория, Словения да гербін жаңартты. Сербия 2004 жылы жаңа елтаңба қабылдап, оны 2010 жылы соңғы нұсқасын біржола бекітті. Тіпті Кеңес үкіметінің тікелей мұрагері саналатын Ресейдің өзінде герб жаңартылып, советтік стильдің орнына классикалық үлгідегі екі басты бүркіт бейнеленген.

Көшпенділер әлемінің тамғасы

Геральдика саласына түркілер де өзіндік үлес қосқанын айта кеткен жөн. Ұлы даланың сәніне айналған жартас таңбалары (петроглиф) мен жазбаларын (иероглиф) ежелгі далалықтар геральдикасының бастауы десек қателеспейміз. Кейінгі жылдары еліміздің түкпір-түкпірінен табылған археологиялық артефактілер, кірке (пайзы), ту, жалау, хандардың мөрі секілді жәдігерлер қазақ геральдикасының көнеден бастау алатынын дәлелдейді. Әлкей Марғұлан кірке-пайзылар сонау ғұн дәуірінен бастау алатынын тұжырымдаған екен.
Жалпы мұндай белгілер көне түркі жазбаларында «тамға» деп келтірілген. Түркілер пайдаланған тамғалар қазір геральдикада қолданылмаса да, кей елде оның элементтері бар. Мәселен, Рюриктер әулетінде кеңінен пайдаланылған. Соның жалғасы іспетті үштаған белгісі бүгінде Украинаның кіші гербінде бейнеленген.

Советтік «мұраның» белгісі

Визуалды тұрғыдан қарағанда, Қазақстанның бұрынғы және қазіргі гербіндегі ұқсастықты аңғармау мүмкін емес. Қазақ КСР-ның елтаңбасы дөңгелек пішінде. Ортасында орақ пен балға, екі шетінде бидайдың шашағы орналасқан. Төбесінде қызыл жұлдыз, төменгі жағында атып келе жатқан күн бейнеленген. Гербтің негізгі түсі – қызыл. Астында «ҚССР/КССР» деп ел атауы, екі жанындағы ленталарда «Барлық елдеpдің пролетарлары, бірігіңдер!» сөзі екі тілде жазылған. Орақ пен балға жұмысшыларды білдірсе, таңғы шапақ большевиктердің революциясынан хабар береді. Жұлдыз (қызыл, кейде сары түсті) – коммунистік елдердің басты белгісі.
Енді қазіргі елтаңбамыздағы ұқсастықтарға тоқталсақ. Ұлттық нақыштар енгізілді демесеңіз, ескі гербтің стилінде жасалғаны көзге бірден көрінеді. Бұрынғы қызыл түс көкке алмастырылған. Бидай шашағының орнында қанатты пырақ бейнеленген. Орақ пен балғаның орнында шаңырақ тұр. Күн сәулесі уық пен кереге ретінде бейнеленген. Қызыл жұлдыз сары түске боялған.
КСРО құлап, одан тәуелсіздігін алған мемлекеттердің ішінде Қазақстанмен қатар Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттік елтаңбасында советтік сарқыншақты сақтап қалыпты. Ал Украина, Латвия секілді елдер елтаңбасына өзгерістер енгізді.
Грузияның гербі қызыл түсті қалқан, ортасында атқа мінген Әулие Георгидің бейнесі бар. Үстінде Багратиони әулетінің алтын тәжі орналасқан. Қалқанды екі шетінен алтын арыстан ұстап тұр.

Елтаңбаны ауыстыру қажет пе?

Азаттыққа енді қол жеткен аумалы-төкпелі заманда қабылданған гербке қатысты түрлі пікір айтылуы мүмкін. Бірақ қазіргі Елтаңбамыз сол дәуірдің көзқарасымен, советтік түсініктің ықпалымен жасалғаны көрер көзге анық байқалады. Әрине, көпшіліктің көзі шаңырақ пен қанатты пырақ бейнеленген гербке үйреніп қалғаны рас. Оның үстіне, тәуелсіздіктің 34-ші жылына қадам бастық. Бұл – бір буын алмасатын уақыт. Яғни азаттықтың ақ таңы атқанда дүниеге келгендердің өзі ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отыр. Сондықтан «Елтаңбаны өзгертудің қажеті жоқ» дейтіндерді түсінуге болады.
Бірақ Қазақстан тарихы 1991 жылдан басталған жоқ. Мемлекет ретіндегі тарихымыздың тамыры тереңге кетеді. Еліміз арғыдағы Сақ, Ғұн, Түркі қағанаты, Ұлық ұлыс – Жошы ұлысының, бергідегі Қазақ хандығының тікелей мұрагері. Демек Елтаңбамызда халқымыздың өткені мен шежіресі көрініс тапқаны жөн. Осы орайда, арнайы құрылатын комиссия Түркі қағанаты, Алтын орда, Қазақ хандығының гербтерін саралап, зерттеуі қажет. Содан кейін ғана жаңа Елтаңбада қолданылатын элементтерді талқылауға болады. Бұл – бір.
Екіншіден, геральдика ғылымына сүйенсек, қазіргі Елтаңбамыз классикалық герб үлгісіне сай келмейді. Керісінше, коммунистік стильде жасалған. Ата Заңымыздың бірінше бабында Қазақстанды «демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет» деп бекіттік. Демек, мемлекеттік нышандарымыз да осыған сәйкес болуы қажет. Тағы бір айта кетерлігі, геральдика ілімінде гербте мемлекет аты жазылмайды. Оның нақты ұраны жазылады. Саясаттанушы Қазыбек Майгелдиновтің айтуынша, гербтегі мемлекет атауының «Qazaqstan» деп жазылуы геральдикалық тавтологияның бір түрі болып есептеледі.
«Елтаңба – рәміздер түрінде көрсетілген мемлекеттің атауы. Яғни Елтаңбаның ұранында ата-бабалардың ерлігі немесе олардың ұрпақтарға ұлағаты жазылуы керек. Мемлекеттің атауы Елтаңбаның ұраны бола алмайды», – дейді Қ.Майгелдинов.

Елдік мәселеге қаржы аямаған жөн

Гербті өзгертуге қатысты айтылған сынның бірі – оны өзгертуге кететін қаржылық шығын. Мәжіліс депутаты Еркін Әбілдің сөзіне сүйенсек, Үкіметке жолдаған сауалында нақты қанша қаражат кететінін санап беруді сұраған. Содан кейін ғана талқылау басталатынын алға тартады. Әзірге бұл жұмысқа қанша ақша жұмсалатыны белгісіз. Жауапты мекемелер кейінірек нақты цифрды айта жатар.
Кей блогер долбармен есептеп, шамамен 8 миллиард теңге шамасында қаржы жұмсалатынын санап шығыпты. Бірақ 8 миллиард теңге қарапайым тұрғын үшін көп көрінгенімен, Қазақстан секілді бай мемлекеттің қалтасын қақпайды. Салыстырмалы түрде қарасақ, былтыр еліміздің тұрғындары қаржылық пирамидаға 8 миллиард 40 миллион теңге салып жіберген. Яғни осынша қаражат желге ұшып, алаяқтардың қалтасына түсті деген сөз. Ал құмар ойындар мен букмекерлік кеңселерге салынған ақша бұдан бірнеше есе көп. Мәселен, 2021 жылы ойын бизнесі нарығының көлемі 500 миллиард теңгеге жеткен. Демек, елімізде желге ұшып жатқан қаражат көп.
Осындайда ұлттық болмысымыздан хабар беретін, тарихымыз бен шежіремізді айшықтайтын, геральдиканың бүкіл талаптарына сай келетін Елтаңбаны ауыстырсақ, оның несі айып? Кезінде жіберілген кемшілікті қазіргідей ел аман, жұрт тынышта түземегенде, енді қашан өзгертеміз? Мейлі, ол 8 миллиард болсын, одан көп не аз болсын, гербті өзгертуге жұмсалған қаражат елдік таным, мемлекеттік мүдде тұрғысынан өзін-өзі ақтайтыны анық.

Түйін сөз

Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елтаңба міндетті түрде өзгеретінін айтқан жоқ. Қоғам ортақ пікірге келіп, өзгертуге шешім қабылдағанда ғана арнайы комиссия құрылады. Содан кейін ғана негізгі жұмыс басталады. Ендеше, әлі талай талқы болатыны түсінікті. Қорыта айтқанда, тарихи тамырымызға қайта ораламыз десек, келешекке жаңа көзқараспен аттанамыз десек, онда Елтаңбамызды өзгертуіміз керек-ақ.
Ең бастысы, жаңа Елтаңба геральдиканың бүкіл талаптарына сай жасалып, өткенімізден хабар беріп, елдік мұратымызды айшықтауы қажет.

Әлихан ҚЫСТАУБАЙТЕГІ,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.