Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ғылым көкжиегін кеңейткен ғалым

0 312

Бүгінде әдебиеттану ғылымына елеулі үлес қосып отырған ғалымдардың еңбектерін ғылыми зерттеу жұмыстары қарқын алып келеді. Қоғамға өзіндік жаңалығымен үн қосып келе жатқан азаматтарды көзі тірісінде бағалап, ғылыми айналымға алу – жақсы үрдіс. Соның бірі және де бірегейі – танымал абайтанушы-ғалым, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мекемтас Мырзахметұлы.

Бүгінде ғалымдар ортасында М.Мырзахметұлының айтқан ойлары мен ғылыми жаңалықтары, әдебиетті дәуірлеу мәселесіндегі ұсыныстары, тіл туралы толғаныстары, отаршылдық саясатты әшкерелеудегі еңбектері кең қолдау тауып отыр. Демек, оның әдебиеттану ғылымындағы еңбектерін, қоғамдық саладағы келелі ойларын, түрік әдебиеті мен мәдениетін саралаудағы ғылыми жаңалығы мен түрлі идеяларын зерттеу нысанына алуға лайық деп білеміз.
Кейіпкеріміз жас ғалым ретінде XX ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ әдебиеттану ғылымында орны бар үлкен ғалымдардың назарын аудара бастады. Оның 1965 жылдың бас кезінде «Абайдың әдеби мұрасының зерттелу жайы» тақырыбында қорғап шыққан кандидаттық диссертациясы ғылыми ортада жоғары бағаға ие болды. Осы кезеңнен бастап ғылыми ортада абайтану саласына өз соқпағын сала бастайды. Демек, ол ғылымдағы жолы абайтанумен тығыз байланысты. Өмірлік жолын ғылымға арнаған ғалым үшін талайлаған жылдық ізденістер ғылымның жаңа кеңістіктерін ашқан еді. Алғашқы жолын абайтанудан бастаған ғалым ендігі жерде қоғамдық, ғылымдық мәнге ие көптеген салаларға бой ұрады.
Жалпы әдебиеттану ғылымында өзіндік соқпақ, әдеби мектеп қалыптастырған ғалымдар аз емес. Мәселен, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан секілді ғалымдардың ғылыми мектебін жалғастырушы ғалымдар әдебиеттің ашылмай қалған беттерін ашуда үлес қосуға атсалысты. Кеңес дәуірі тұсында ғылымның барлық саласы саясаттың құрбаны болып, көрінер көзге тарихи фактілер бұрмаланып, ұлттық нышанынан айырылған болатын. Осындай қиын шақтың түлегі ретінде Мекемтас Мырзахметұлы ғылым майданына келген еді. Мекемтас 1965 жылы «Абайдың әдеби мұрасының зерттелу жайы» атты кандидаттық диссертациясын, 1989 жылы «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» атты докторлық диссертациясын қорғап шығады.
Сонымен «М.Мырзахметұлы абайтану ғылымына қандай үлес қосты?» деген сұрақ өз-өзінен туындайды. Ол 1965 жылы «Абай Құнанбаев», «Библиографиялық көрсеткіш» атты еңбегі, 1982 жылы «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» деген монографиясын жариялайды. Бұл еңбек әдебиет сүйер қауымды елең еткізген айтулы еңбек болды. Себебі бұған дейін Абай мұрасын жан-жақты саралаған еңбек жарық көрмеген болатын.
Абай мұражайының директоры Т.Ибрайымов газетке берген бір сұхбатында: «Абайға өте жақын барған – Қайым Мұхаметханов және Мекемтас Мырзахметов», – деген еді. Осы аталған үш ғалым Абайды зерттегенімен, әрқайсысының өзіндік бағыты болды. М.Әуезов Абайдың бүкіл өмірбаянын зерттеп, әдеби мұрасына байланысты тың ойлар айтып, абайтану ғылымының сара жолын салып кетсе, Қ.Мұхаметханов Абайдың ақындық айналасына, ақындық мектебіне тереңдей енді. М.Мырзахметұлы Абайдың Шығысқа қатысы, Абайдың дүниетанымына терең бойлай еніп, әлі ешкімнің ойына кірмеген тұстарына батыл қадам жасады.
Табанды ғалым бүгінге дейін абайтану мен мұхтартануға байланысты жариялаған еңбектерінің саны 50 кітап, 700-дей газеттік метариалдар екен. Бір адамның өмірі үшін аз еңбек емес. Ғалым өзі жайлы айтқан бір сұхбатында: «Осы өлкеден шыққан (Жамбыл өлкесін айтып отыр) ұлылардың мұраларына үңілсек дейміз. Демек, Дулати, Баласағұн, Бауыржан мұралары. Ал абайтану – менің өмірлік тақырыбым», – деген болатын.
М.Мырзахметұлы абайтануға жіберілген кейбір кемшіліктің себебін айта келіп: «Абай мұрасының рухани нәр алған көздерінің бірі ретінде мұсылмандық Шығыс классиктерін бөлмей-жармай пікір толғап келген М.Әуезов «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей космополитизм туралы саяси ызғары қатты қаулыдан кейін оларды жасанды түрде шекараның ар жағы мен бер жағындағы деп екшей сөйлеуге мәжбүр болды, бұлай етпесе қатер бұлтының төнуі мүмкін еді», – деп абайтанудың жолындағы қиын өткелдің сырын ашқандай болады. Демек, ғалым абайтану ғылымының қиын тұстарын ашу арқылы оның қалтарыстағы астарлы ұғымына құлаш ұрған.
Абайдың қара сөздері XIX ғасырда өмірге келгенімен, ол – қазақ ұлтының өмірлік азығына айналатын бірден-бір әдеби мұра. Біз осы ойларды М.Мырзахметұлына дейін терең біле алдық па? Әрине, білген жоқпыз. Себебі Абайдың қара сөздері мен өлеңдеріндегі терең танымдық ойлар тек әдеби тұрғыда талданып, оның мәні мен мағынасы дүниетанымдық тұрғыда сараланған емес. Абай мұрасының тек әдеби шығарма ретінде қарастырылуы себепті ақынның қара сөздері мен өлеңдеріне дендеп ене алмадық. Оған, бір жағы, XX ғасырдағы империялық үстемдіктің шектеуі мүмкіншілік бермесе, екіншіден, қайбір әдеби мұраны ұғынуда ұлттық модельден гөрі батыстық модельге көп еліктеуден деп түсінген дұрыс.
Сонымен қатар ғалымның ғылымдағы елеулі бағытының бірі мұхтартану саласына негізделген. Ол «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» атты монографиясын жазу арқылы мұхтартану ғылымының негізін қалады. Бұл еңбекте М.Мырзахметұлы жазушының Абай шығармашылығын қалай бағалап, қалай саралағаны, жастарға ұлы ақынды танудың қыры мен сырларын жан-жақты ашып беруінің мән-маңызын жете түсіндіреді. Тұлға танушының тұшымды ойлары әдебиеттану ғылымына қосылған соңғы жаңалықтары еді. Ғалым 1909 жылы жарық көрген ақынның өлендер жинағы мен 1933 жылы М.Әуезов құрастырған жинақты салыстырып, текстологиялық талдаулар жасап, М.Әуезовтің абайтанудағы елеулі үлесінің салмағын айқындап берді.
М.Мырзахметұлының ғылыми ортадағы атын айғақтап тұратын тағы бір бағыты түрік әдебиеті мен мәдениетіне қосып отырған сүбелі еңбегінен тұрады. Оның бұл саладағы елеулі еңбегі түрік халықтар әдебиетін жаңа бағытта оқытуды ұсынуы дер едік. Ғалым бастаған жұмысшы тобы 2005 жылы «Түрік халықтары әдебиеті тарихының бағдарламасы» және «Түрік халықтары әдебиеті тарихының библиографиялық көрсеткішін» жазып шықты. Түрік халықтарының бүгінгі халіне алаңдаушылықпен қараған ғалым әуелгі кезде біртұтас түрік империясының ыдырай-ыдырай елуге жуық ұлт пен ұлысқа бөлінгенін, ал сол халықтардың 27-сіне жуығы тілі мен ділінен айырылып, өзге халықтармен араласып, ұлттық бетін жоғалтып отырғанын күйінішпен сөз етеді. «Жеті түрік халқы өз тәуелсіздігін сақтап, мемлекетін нығайту үстінде болса, қалған он төрті Ресей мен Қытай мемлекеттерінің қол астында, бодандықтың құрсауында отыр», – дейді ғұлама ғалым. Тарихи фактілермен сөйлеп дағдыланған ғалымның аталмыш ойы түрік қандас ағайындардың ойлануына түрткі болуын талап етеді. Ғалым жай айтпайды. Сонау Алып Ер Тұңға дәуірінен бастап Алтын Ордаға дейінгі түріктердің жеңісті жолын баяндай келіп, Алтын Орда билігі ыдырап, ұсақ хандықтарға бөлінген түрік елдерінің өзінен алып империялардың бодандығына бағынышты болуына дендеп ене алған.
Кезінде әлемді дүр сілкіндірген түрік деген жауынгер халықтың бүгінгі аянышты халін айта келіп, одан құтылудың сара жолы түрік халықтарының қайта бірігуінен іздестіреді. Ғалымның ойға қонымды, байсалды пікірі кім-кімді де болса ойға қалдыратыны сөзсіз. Бодандық құрсауында жүріп тарихи жадынан ажырап қалған түрік халықтарына бұл оңайға түспесін ғалым түсінеді. Дегенмен рухани қазығы бір саналатын түрік жұртшылығы үшін түптің түбінде бірігу қажет екендігін көрегендікпен айтып өтеді.
XXI ғасырда түрік халықтары саны жағынан қытай мен үнді халықтарынан кейін үшінші орынға шығатынын ескерсек, онда ғалымның ұсынысы нағыз ғылыми сараптаудан туғанына көзіміз жетеді.
Жоғарыда аталған бағдарлама мен библиографиялық көрсеткіште ғалым он екі түрік халқының әдебиетін оқытуды ұсынады. Олардың өзіндік классификациясын жасап, орналасу жері мен тілі жағынан жік-жікке бөліп қарастыруды мақсат еткен. Бұл еңбек – түрік халықтарының әдебиеті мен мәдениетін зерттеуші ғалымдар үшін таптырмайтын құрал.
2004 жылы ғалым ұйымдастырған ғылыми зерттеу орталығы «Түрік халықтарының әдебиеті» оқу құралын жариялады. Бұл еңбек түрік халықтарының әдебиетін жаңаша оқытуға негізделген тұңғыш оқулық еді. Ғалым Қазақстанның қай оқу орнына бармасын, бірінші кезекте түрік халықтар әдебиетін барлық мамандықтарда оқытуды ұсынумен келеді. Ондағы мақсат дүниежүзілік әдебиетте қомақты орын алып отырған бай әрі біздің жыл санауымыздан арғы VII ғасырдан бастау алатын түрік әдебиетін оқыту арқылы келешек ұрпақ бойында түркілік сана қалыптастыру еді.
Ғалымның тағы бір жемісті еңбегі орыс империясының отарлық саясатының түп-төркінін ашып беруінде жатыр. Кейіпкеріміз 1993 жылы «Қазақ қалай орыстандырылды?» атты атышулы еңбегін жариялады. Егемендік алғаннан бастап орыс патшасының бодандық саясаты жайлы там-тұмдап мақалалар газет бетіне жазыла бастаған болатын. М.Мырзахметұлы тұңғыш рет архивтік деректер негізінде орыс империясының 260 жыл бойы жүргізіп келген отарлық саясатының түп-төркінін ашып, қазақ халқының бүгінгі мүшкіл халге жетуінің астарын ғылыми тұрғыда баяндап берді. Бұған дейін-ақ, тіпті кеңестік жүйе ыдырамай тұрған кезде М.Мырзахметұлы партияның жуан жұдырығынан қорықпай, «Ванновка аталуының сыры неде?» (1983), «Жер тарихы – ел тарихы» (1988), «Халықтық, отаршылдық, тоталитарлық топонимика» (1991), «Әдебиет және топонимика» (1991), «Ов туралы» (1990) атты ғылыми мақалаларын жазып, газет бетіне үздіксіз жариялаумен болды.
«Қазақ қалай орыстан-дырылды?» еңбегін оқи отырып ғалымның бұл бағыттағы зерттеу жұмысын ерте кезден қолға алғанын көреміз. Қызыл империя тұсында отаршылдық деген сөздің өзі халықтық қолданымнан алынып тасталған болатын. «Ұлы орыс» атанған отарлаушы елдің тілі кеңестік елдердің мемлекеттік тіліне айналды. Сол елдің өкілдеріне бірінші кезекте жеңілдіктер жасалды.
Ғалым дүниежүзілік отарлау саясатының тарихына талдау жасай келе, олардың небір қитұрқы жолдарын ашып берді, сол арқылы отарлау саясатына ғылыми тұрғыда баға берген бірден-бір ғалым болды. «Халықты құралдың күшімен жаулап алу оңай, бірақ оларды мәңгі құлдықта ұстаудың жолы өте қиын болуы себепті, оларды рухани жағынан шырмап ұстаудың сенімді жолдарына шешуші мән берілді. Міне, осыдан келіп отарланған елді дін жағынан шоқындырып, үстем халыққа сіңдіріп жіберудің бірден-бір жолы бодан болған ұлттың тілін, өнерін, жазуын жойып, ұлттық нигилистер тобын қалыптастыруға айрықша күш салған. Бұл үшін отарланған халықты оның ғасырлар бойы қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып өтіп отырған дәстүрін, халықтың тарихи жадын тұмшалап, тұншықтырып, оларды біртіндеп келер буын жас ұрпақтың санасынан өшіріп отырудан асқан сенімді айла, амал болған емес», – дейді ғалым. Кезінде әйгілі тарихшы, ойшыл Л.Гумилев: «Идеологиялық жағынан ел санасына ену әскери жолмен жаулап алудан арзан және тиімдірек болады екен», – деп отарлаудың тарихи мәнін ашып берген болатын. Екі ғалымның ойының ішінара үндестік тауып отыруы отарлық саясаттың әлемдік мәнін ашудағы тыңғылықты зерттеудің жемісті көрінісі деп ұғынған дұрыс.
Ежелден Тұран аталған қасиетті жеріміздің отарлық саясаттың салдарынан бет-бейнесімен қатар атының өзгеруі де арнайы қарастырылатын көлемді жұмыс. Ғалым қазақ жеріндегі жер-су атауларының зорлықпен өзгертіліп, ел санасынан зорлықпен өшірілуінің себебін ғылыми фактілер арқылы ашып береді.
Күні кешегіге шейін Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 83 қаланың 28-і, 222 ауданның 107-сі, 35 қалалық аудандардың 32-сі, 222 аудан орталығының 126-сы, 204 жұмысшы поселкесінің 72-сі, 2 418 ауылдық кеңестің 1 197-сі, 8 369 елді мекеннің 3 567-сі тек орыс тілінде аталатынын көбіміз білген емеспіз. Ғалым қазақ жерінің барлық атауларын зерттей келе, оның тарихи атауларының зорлықтың күшімен өзгертілуін анықтап, санын алдымызға жайып отыр.
Адам бойындағы ең шешуші қасиет оның санасы болып саналады. Санасынан айырылған адам – мәңгүрт. Мәңгүрт – ұлты тұрмақ анасын, бауырын, тіпті өзін-өзі танымайтын, өзгенің күйін күйттеп, жоғын жоқтайтын қожайынның құлақкесті құлы. Отарлаудың ең қауіпті жолы – сананы отарлау. Сондықтан орыс отаршылдары сананы отарлаудың шешуші әдісі ретінде үш жолды пайдаланғанын көреміз: біріншісі – қазақ әрпін өзгерту, сол арқылы жүздеген жылдар ұлтымыздың рухани күшіне айналып отырған тарихи мұраларымызды жадымыздан шығару, екіншісі – шоқындыру, сол арқылы діни сенімнен айырып, біржолата ішкі дүниетанымымыздан ажырату, үшіншісі – ділімізден (менталитет) айыру, сол арқылы ғасырлар бойы ұстанып келген ұлттық салт-дәстүрімізді ұмыттыруды мақсат етіп қойды. Араб әрпінен кириллицаға, одан кейін латын графикасына, қайтадан кириллицаға көшірудің салдарынан осы уақыттар аралығында өмірге келген жаңа буын ұрпақ хатқа түскен әдеби мұралардан қол үзіп, оқи алмады. Атадан балаға мирас болып қалған салт-дәстүріміздің кейбір тұстары бұрмаланып, кейбірі санадан өшіріліп, келмеске кетті. Алланың хақ жолы, Мұхамедтің ақ жолы көрінер көзге басқа сенімге ауысып, шоқынуға бейім тұрды. Яғни осындай талқыдан өткен ұрпақ мәңгүрттенуге іштей дайын болды. Демек, отарлау жұмысына аса мән берген патшалық Ресейдің жымысқы саясаты 1917 жылға дейін пәрменді жұмыстар атқарды. Ал кеңес өкіметі орнағаннан кейін патшалық Ресейдің бұл саясатын оның заңды мұрагері ретінде коммунистік партия жүргізгенін ғалым нақты мысалдармен дәйекті түрде дәлелдеп береді.
Мекемтас Мырзахметұлының зерттеуіндегі тағы бір таңдаулы тақырып – батыр, жерлесіміз Бауыржан Момышұлы. 2000 жылы ғалымның алғы сөзін жазған және өзі ұйымдастырған «Айналған аты аңызға Момышұлы» атты кітап жарық көрген еді. Оның осынау жүгі ауыр жұмысты өзіне міндет етуіндегі мақсаты не? Бірінші кезекте, Бауыржан Момышұлының барлық қасиетін М.Мырзахметұлынан артық ешкім білмейді, білуі де мүмкін емес. Екіншіден, батырдың өр тұлғасы мен қайсар мінезі туралы халық тек аңыз күйінде ғана хабардар, ал үшіншіден, қайбір жұмысты толық және мәнді атқарып шығу үшін сол жұмысты жанындай сүю қажет. Ал ғалымның батырдың бүкіл болмысын, табиғи қасиетін аса құрметтеген, өзіне үлгі тұтқан. Тіпті оның ғалым ретінде қалыптасуына негізгі үш қайнар көзін айтуға болады. Олар: Абай Құнанбаев, Бауыржан Момышұлы және Қажым Жұмалиев. Біріншісі ғалымның рухани жетілуіне негізгі азық болса, екіншісі адам ретінде қалыптасуына, адалдыққа, қайсарлыққа баулыған негізгі тұлға болды. Үшіншісі ғалымның Абай мұрасына дендеп енуіне, сол арқылы ғалым болуына бағыт берген ұстаз еді. Ол үшін бірінші кезекте отарлық жүйенің бар «мәнін» қоғам алдында ашу қажеттілігі туындады. Ғалымның осы бағыттағы атқарған жұмысы ұрпақ алдындағы ұлттық борыштан туындаған азаматтық парызы еді.
Күн ілгері жүрген сайын халқымыздың ардақты ұлдарынан қалған мұралармен қауыштыру, насихаттау қажеттілікке айналып отырады. Осы бір игілікті істі өзінің өмірлік парызы ретінде сезінген Мекемтас ағамыз М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік өңірлік университеті жанынан «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығын ұйымдастырып, халық батырының 100 жылдық мерейтойына шашу ретінде оның 30 томдық шығармалар жинағын жариялауды қолға алды. Ол үшін ғалым облыс басшылары алдында ғылыми беделі мен дәлелді ойларын ортаға салып, облыс бюджетінен қаржы да бөлдірді. Әрине, орталықтың алдына қойған мақсаты мен міндеті айқын болғанымен, өзіндік қиыншылықтары бар. Сондықтан М.Мырзахметұлы Бауыржан жүрген жерлерге іздеу салып, архивтік материалдармен қарулануды бірінші кезекке қойды. Оның үстіне өмірінің соңында Б.Момышұлы өзінің жеке архивінің жартысын М.Мырзахметұлына, жартысын баласы Бақытжан Момышұлына қалдырған көрінеді. Бүгінде сол рухани мұралардың түгелге жуығы орталыққа жиыстырылып, бір арнаға түсіріліп жатыр. Соның бір ұшығы ретінде үстіміздегі жылы ғылыми орталық «Көз алдымда бәріңсің» атты қаламгердің жеке архивінен алынған хаттары мен естеліктерін жеке кітап етіп бастырып шығарды. Айта кету керек, кітапқа кірген хаттар мен естеліктер бұрын-соңды баспа бетін көрмеген тың ойлар мен пікірлерге толы. Оқырман қауым кітапты санаулы уақытта талап алып, кейбіреулерге жетпей қалған кездер де болды.
Халықтың қажетіне жарап жатқан осындай мұралармен қайта қауышу қай кезде де елдің рухани жетілуіне игі ықпал етіп отырады. Өйткені Б.Момышұлын тек әскери адам ретінде танып келген, ал көпшілік қауым оның әдеби мұрасымен таныс емес. Мәселен, бір ғана «Ұшқан ұя» повесінің өзі қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келген ұлттық салт-дәстүрінің жиынтығы іспеттес. Ал окопта жүріп М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясына жазған сын-ескертпесі, майданда жүріп қазақ тіліне алаңдаушылық білдіруі, қазақ әдебиетіне байланысты айтқан ойлары сол кездің өзінде-ақ Б.Момышұлының әдеби ортадағы орнын айқындап берген болатын.
1944 жылы қаңтар айында Б.Момышұлы майданнан елге қысқа мерзімге демалысқа келеді. Сонда Қазақ ССР Ғылым академиясының мұрындық болуымен қазақ оқымыстыларының алдында Б.Момышұлы алты күндік лекция оқиды. Осы лекция барысында қазақ зиялылары Бауыржанды тек қолбасшы ретінде ғана емес, сонымен қатар шешен ретінде таниды.
М.Әуезов пен Б.Момышұлы арасындағы шығармашылық қарым-қатынас өсе келе, екі алыптың шынайы достығына ұласты. М.Әуезов Бауыржанның турашылдығы мен талғамдылығына тәнті болып, өзінің жаңа туындысын сыннан өткізуі – өз алдына бөлек дүние. Қайткен күнде де, Б.Момышұлын тану дәуірі енді басталып келеді. Оның көш басында М.Мырзахметұлы тұрып, қоғамдық сұраныстарды нәзік түйсікпен бағамдап, қаламгер мұраларын ел мүддесіне жұмсау арқылы шаңырағы шайқалған ұлттық құндылықтардың қабырғасын бекіту тұрғысында түсінген дұрыс.
Демек, Б.Момышұлының әдеби, мәдени мұраларымен қайта табысуға мұрындық болып отырған М.Мырзахметұлының еңбегі халық тарапынан қолдау табумен қатар, тарихи мәнге ие болатыны сөзсіз.

Әсел ЖАҚСЫБЕК,
Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы.
Жанна КАЛЫКУЛОВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.