Қалалық қоғамдық-саяси газет

Діни қауіпсіздік – басты назарда

0 252

Қаладағы білім беру ұйымдарында оқушылардың дәстүрлі емес діни ағымдарға тартылуының алдын алу бойынша тиісті заңнамалар мен нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес құзырлы органдармен бірлесіп, жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.

«Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» ҚР Президентінің 2017 жылғы 20 маусымындағы №500 Жарлығы мен «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 15 наурыздағы №124 қаулысына сәйкес, мектеп оқушылары мен ата-ана, педагог қызметкерлер арасында ақпараттандыру жұмысы ұйымдастырылды.
Діни экстремизм мен терроризм идеяларының таралу жолдарына бөгет жасалып, білім нысандарында жүйелі түрде бақылау жүргізіліп отыр. Бүгінгі күні мектеп пен балабақшалардың барлығында бейнебақылау қондырғылары орнатылып, жыл сайын олардың қатары жаңартылуда. Мысалы, 2018 жылы 50 323,0 мың теңгеге 16 мектептің бейнебақылау қондырғысы жаңартылса, 2019 жылы 15 мектепке 55209,0 мың теңге қаражат қарастырылды.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының барлығы қорғау жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Мектептердегі ғаламтор сайттары мен кітапханалардағы әдебиеттерге сараптама жасалып, күмәнді діни ақпараттардың таралуына тосқауыл қойылып, интернет желісіне сүзгі қойылған.
2018-2019 оқу жылы діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған 108 іс-шара өткізілсе, прокуратура, ҚРҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаменті тарапынан дайындалған «Жастар және дін», «Өмірзая», «Алданған әйел», «Қауырт желі – 114», «Такфіршілдік», «Экстремизм және терроризмге жол жоқ», «Ғаламтор мен дін» атты деректі фильмдер 2018-2019 оқу жылында жоғары сынып оқушылары мен мектеп ұжымына көрсетіліп, қоғам дамуының зайырлы қағидаттарын, конфессияаралық келісімді, халықтың барлық нысаналы топтары арасында діни радикализмнің идеологиясына төзбеушілікті нығайтуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Дін саласындағы облыстық ақпараттық-түсіндіру топтарының іс-шаралар кестесі негізінде ағымдағы жылдың 14-25 қаңтар аралығында 60 мектепте 9-11 сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырылып, облыстық дін істері басқармасының діни ахуал туралы (17.01.2018 ж.) хаттамалық тапсырмасы бойынша кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен жақындарының алып жүруінсіз өңірде орналасқан шіркеу мен мешіттерге баруына рұқсат етілмейтіндігі және оқушылардың діни себептерге байланысты оқу сабақтарына қатысудан бас тартуына, сондай-ақ діни бірлестік ұйымына кәмелетке толмағандарды мүшелікке алуға, жұмысқа тартуға жол берілмейтіндігі теолог мамандар тарапынан түсіндірілді.
Қалалық деңгейде де діни экстремизм көріністерінің алдын алуға және оны болдырмауға,тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру топтары құрылған. Мәселен, жалпы білім беретін мектептердің 9-11 сынып оқушыларының діни сауаттылығын арттыру үшін кездесуге шығып отыратын №2 және №3 топтар бекітіліп, құрамына білім бөлімінің басшысы мен орынбасары, ардагерлер кеңесінің мүшесі, облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығының теолог мамандары қамтылған. Қаңтар-мамыр айлары аралығында 34 мектепте аталған топ өкілдері кездесу жұмыстарын өткізді. «Зайырлылық және дінтану негіздері» факультатив курсын жүргізетін 77 мұғалімнің барлығы біліктілік арттыру курстарынан өткен.
Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасының жүргізген тестілеу қорытындысы бойынша оқушылардың біліктілік деңгейінің орташа көрсеткіші 71,8 балл болып, «қанағаттанарлық» деңгейді көрсетсе, мұғалімдердің орташа көрсеткіші 91,8 балл болып, «өте жақсы» деңгейін көрсетті. Оқушылардың білім деңгейін көтеру мақсатында «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің бағдарламасынан тыс ағымдағы оқу жылының ІV тоқсанында жоғары сыныптарда діндердің құндылықтарын, адамгершілік және тәрбие нормаларын қамтитын тақырыптар аясында сыныптан тыс сағаттар жүргізілді. Мектеп оқушыларының дәстүрлі емес діни ағымдарға тартылуының алдын алу жұмыстары білім бөлімдерінің алқа мәжілістері мен білім беру ұйымдарының педагогикалық кеңестерінде тұрақты түрде қаралып отырады. Жасөспірімдердің діни экстремистік идеялар ықпалына түсуін болдырмау мақсатында түрлі діни ағымдарды ұстанып жүрген оқушыларға мониторинг жүргізіліп отырады. 2019 жылдың 5 айындағы қорытындысы бойынша ата-аналарының ықпалымен кірген оқушылар саны – 56.
Оқушылардың әлеуметтік жағдайлары мен діни ағымдары туралы ақпараттар базасы құрылып, толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан бала саны – 10, толық отбасында – 46. Аз қамтамасыз етілген отбасынан – 17, әлеуметтік жағдайы жақсы отбасынан – 12, орташа отбасынан – 27 бала.
«Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығы бойынша мектеп формасына түрлі конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтындығы туралы түсіндіру жұмысы 2018-2019 оқу жылы барысында 5 рет өткізіліп, қыздардың ата-аналарымен түсіндіру жұмысына прокуратура, жергілікті полиция, облыстық дін істері басқармасы мен қалалық ішкі саясат бөлімінің теолог-дінтанушы мамандары қатыстырылды. Нәтижесінде бүгінгі күні орамал тартатын оқушылар жоқ. Сондай-ақ Тараз қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия отырыстарында ата-аналардың жауапкершілігі туралы мәселе 3 рет қаралды. Алдын алу жұмыстарының жүргізілу барысы туралы білім бөлімінің алқа мәжілісінде және мектептердің педагогикалық кеңестерінде тұрақты түрде қаралып отырады.
Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын Тараз қаласында іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес білім бөлімі алдағы уақытта кешенді жұмыстар жалғаса беретін болады.

Мүбәрак ЖИНАҚБАЕВА,
Тараз қаласы әкімдігінің
білім бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.