Қалалық қоғамдық-саяси газет

Полиция жолда тұрғындарды қабылдады

0 206

Жамбыл облысының Полиция департаменті облыс бойынша «Жолда қабылдау» республикалық акциясын ұйымдастырды. Онда сала мамандары тұрғындардың талабын тыңдап, ашық диалог құруды көздеді.

Арайлым Шабденова

Жалпы «Жолда қабылдау» акциясының мақсаты – қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша азаматтарға кеңес беру және құқықтық көмек көрсету. Полиция қызметкерлері әкімшілік учаскелердің аумағында, тұрғын үйлердің, шағын аудандардағы үйлердің аулаларында, жеке секторларда, базарлар мен демалыс орындарында, жалпы халық көп жиналатын жерлерде екі күн бойына қоғамдық қабылдау жүргізді. Қала бойынша екі күнде бірнеше аймақта болған сала мамандары қабылдауды «Астана» мөлтек ауданынан бастады. Ықшам ауданға қала әкімдігінің бөлім басшылары да келіп, тұрғындардың талабын тыңдады. Мұнда келген азаматтардың басым көпшілігі ықшам ауданда суару жүйесі дұрыс жүрмегендіктен, жасыл желектің қурап жатқандығын алға тартты. Ал Рысбек батыр көшесі №6 жатақхананың тұрғыны Саера Амирова есік алдына жарық қойып берсе дейді. «Жатақхана тұрғындары балалар алаңшасын немесе спорт алаңшасын салып беруді өтінеміз. Балалар бос уақытында қайда ойнайтындарын білмейді. Осы мәселені тиісті сала мамандары шешіп берсе», – дейді тұрғын Гүлнара Тлешова.
Таңертеңгі сағат тоғыздан кешкі жетіге дейін аталмыш ауқымды акциямен Тараз қаласының барлық аудандары, соның ішінде «Көктем» және «Шөлдала» иіндері, «Солнечный», «Қант зауыты» аудандары, «Ауыл Береке» базары мен Зербұлақ көлінің маңайы қамтылды. Сонымен қатар ойын-сауық орталықтары мен демалыс орындарында, «Автобекет» маңында қабылдау жүргізген мамандарға тұрғындар көптеп қайырылды.
Сондай-ақ сала мамандарымен бірге қоғамдық қабылдауды Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Бауыржан Үдергенов те жүргізді.
– «Жолда қабылдау» акциясының ерекшелігі, мұнда кез келген тұрғын келіп құзырлы орган өкілдеріне көкейкесті сауалдарын қоя алады. Мамандар тұрғындарды автокөліктерді тіркеу, жүргізуші және жеке бас куәлігін алу, көші-қон заңдарына қатысты толық ақпараттандырып жатыр. Бір ұтымды тұсы – көмекке жүгінгендердің мәселелері жедел түрде шешілуде. Бұл облысымыздың барлық аймағында ұйымдастырылуда. Сала мамандары қоғамдық қабылдауға қайырылған азаматтардың сұрақтарын кезек күттірмей шешуге септігін тигізуде. Тұрғындардың талабы сан түрлі болды. Бұл акция алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді полиция подполковнигі Бауыржан Үдергенов.
«Жолда қабылдау» акциясы аясында тұрғындар полиция қызметкерлеріне тек қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігіне қатысты ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және құқықтық аспектілерге байланысты сұрақтар қойды. Тұрғындардың талабын құқық қорғау органдарының мамандары жергілікті атқарушы билікке жолдайтындықтарын жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.