Қалалық қоғамдық-саяси газет

Журналистермен жылы жүздесу

0 477

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Әуелі шаһар басшысы облыс орталығында атқарылған оңды істерді тілге тиек етті.

– Бүгінде Тараз қаласы тотыдай таранып, дамудың даңғыл жолына түсті. Шаһар көлемінде жанданып жатқан жобалар барлық салаға серпін беріп, көкжиегін кеңейтуде. Өткен жылдың өлшемінде толайым тірлік атқарылғанына тұрғындар куә. Әлеуметтің әлеуеті артып, бұқара мен билік арасында берік байланыс орнады. Сондай-ақ 2023-2025 жылдарға арналған қаланың даму картасы жаңа белестер мен тың бастамаларға жол ашып отыр, – деген Бақытжан Әмірбекұлы сан салада қолға алынған ілкімді істерге тоқталды.
Бүгінгі күні қалада баспана бақытына кенелгендер көбейіп келеді. Мәселен, 2023 жылы бюджет есебінен 25 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу межеленген. Даму картасы аясында өткен жылы Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы 12 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пәтер кілттері иелеріне табыс етілді. Ал А.Асқаров көшесінің соңындағы 16 көпқабатты тұрғын үй 2024 жылға өтпелі.
Жол жөндеу жұмыстары да қалада қарқын алуда. Соның дәлелі – «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқабындағы 33,7 шақырымды құрайтын 75 көшеге асфальт жол төсеу қарастырылған. Өткен жылы 13 көше асфальтталды. Қалған 62 көшені биыл аяқтау жоспарлануда. Ал «Барысхан» тұрғын алқабы бойынша жалпы ұзындығы 16,2 шақырымды құрайтын 24 көшеге асфальт жабынын төсеу көзделген. Өткен жылы қоғамдық көлік жүретін Құрманбетов көшесіне жол жабыны төселді. Қалған көшелер биыл аяқталады. Сонымен қатар Қолбасшы Қойгелді, Рысбек батыр және А.Асқаров көшелері қайта жаңғыртудан өтеді.
Келесі кезекте бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері көкейдегі сауалдарын жолдады. Айталық, ардагер журналист Баймаханбет Ахметов жергілікті мерзімді басылымдардың таралымын арттыру бойынша кешенді шараларды қолға алу керектігін айтса, Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов қарымды қаламгер Баттал Жаңабайұлының 95 жылдығына орай тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатуды сұрады. Сонымен қатар облыстық «Ar-Ai» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков шаһарға жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін еңселі ғимарат қажеттігін жеткізді. Бұдан бөлек, қала мәдениетін қалыптастыру, көшелерді күл-қоқыстардан тазарту, қоғамдық көлік жүргізушілерінің мәдениетін көтеру секілді өзекті мәселелер де көтерілді.
Барлығын мұқият тыңдаған қала әкімі әрбір ұсыныс-тілек назардан тыс қалмайтынын баса айтты.
– Таразда осы күнге дейін тындырылған тірлік жетерлік. Сондай-ақ шешімін таппай отырған мәселелер де аз емес. Оларды бір күнде шешіп тастау мүмкін емес екені де белгілі. Барлығы кезең-кезеңімен, жоспарға сай жүзеге асырылып келеді.
Қазіргі таңда біздің алға қойған басты міндетіміз – шаһардың инфрақұрылымын дамытып, тұрғындардың жайлы тұрмысына жағдай туғызу. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген аталы сөз бар. Сондықтан осында отырған әрқайсысыңыздың ұтымды ұсыныс пен талап-тілектеріңіз мен үшін маңызды.
Бүгінгі басқосуымыздың негізгі мақсаты да осы. Тараз – баршамыздың ортақ мекеніміз. Сол үшін оның алдағы бағыт-бағдарын өздеріңіз секілді тұрғындармен бірге айқындауымыз қажет, – деген Бақытжан Әмірбекұлы мұндай жүздесулер алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.