Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастарға жайлы орталық қажет

0 427

Жастар – еліміздің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші. Мемлекеттік саясаттың басым бағыттары да негізінен жастарға арналғаны белгілі. Егемендік жылдары жас буынды қолдауға арналған талай баянды бастамалар мен жемісті жобалар да сәтті жүзеге асты.

Бүгінде Тараз қаласында да жастар саясатын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алайда әлі де түйіні тарқамай тұрған түйткілді мәселелер аз емес. Солардың бірі – жастардың басын бір арнаға тоғыстыратын еңселі орталықтың жоқтығы.
Осыдан 3-4 жыл бұрын Тараз қаласының қақ ортасында жастарға арналған «Qabilet» орталығы пайдалануға берілген еді. Орталық екі үлкен залдан тұрды. Бірі – Жастарға қызмет көрсету орталығы болса, екіншісі – Волонтер жылы аясында ашылған «Асыл мұра» фронт-офисі. Жастарға қызмет көрсету орталығында жастардың жаңа идеялары мен жобаларына қолдау көрсетіліп, олардың демалатын әрі білімін жетілдіретін, пікір алмасатын, жан-жақты қолдауға барлық мүмкіндіктер жасайтын ортақ шаңырақтары болады деп күтілген. Тіпті орталық ішіндегі «ASYL MURA» фронт-офисі өңіріміздегі тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтауда волонтерларды жұмылдыру және волонтерларға қолдау көрсететін әдіснамалық орталық ретінде 1 000 еріктіні кәсіби гид ретінде даярлайды деп те көзделген еді. Алайда аталған орталықтың ғұмыры ұзаққа созылмады. Біраз уақыт қаңырап тұрған нысан бүгінде жастар көңіл көтеретін «Vstrecha» атты караоке-бар ретінде қайта ашылды.
Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхардың айтуынша, аталған орталық бастапқыда-ақ жеке адамға тиесілі болған. Кейіннен оны біраз уақыт жалға алып, пайдаланған көрінеді.
Күні кеше облыстық «Ar-Ai» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековпен өткен кездесуде әлі күнге жастарға арналған бір ғимараттың салынбағанына қынжылатынын жеткізді.
– Еліміздің көптеген өңірінде жастардың бас қосып, тың идеяларын іске асыратын еңселі ғимараттар бар. Өкінішке орай, бізде әлі бұл мәселе шешімін таппай отыр. Мәселен, облыстық жастар басқармасы әр ғимаратқа қоныс аударып, тұрақтай алмай келеді. Қалалық жастар ресурстық орталығының ғимараты да аядай ғана әрі көз тартпайды. Сондықтан Тараз қаласында жастарға арналған бір орталық бой көтерсе, жастарға бұдан артық қолдау болмас еді, – дейді Тұрсынбек Темірланұлы. Қала әкімі де өз кезегінде бұл ұсынысты назарға алатынын айтты.
Расында, іргелес жатқан Жамбыл ауданының өзінде Жастар ресурс- тық орталығының еңселі ғимараты алыстан менмұндалайды. Ал жарты миллионға жуық халқы бар Таразда мұндай нысанның болмауы арқамызға аяздай батады. Енді жергілікті билік өкілдері осыны жан-жақты ескерер деп үміттенеміз.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.